БАЗЫНА АЙТЫЛДЫ. БАҒА БЕРІЛДІ

Ел алдында есеп беру кезегі Кеңгір селосының әкімі Қанағат Жанпейісовке жетті. Мәдениет үйінде өткен жиынға Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, қала прокуроры Асылхан Әділханов қатысты. Есептік кездесу жылдағыдай бір сарында өрбіді, арасында бірен-саран ауыл тұрғындары қылаң бергені болмаса, оған жиналған жұртшылықтың да дені атқамінерлер. 

Әуелі ауыл әкімі Қанағат Байжанұлы 2021 жылы атқарған жұмыстарын жіпке тізді, ағымдағы жылдың жоспарын жайып салды. Әкімнің өткен жылы еңсерген істері туралы есебінің толық мәтіні бұған дейінжергілікті баспасөз беттерінде жарияланған. Сондықтан оны қайталағаннан гөрі, ауыл тұрғындары көтерген мәселелерге тоқталайық. Ә дегенде тұрғындарға сөз берілгенде халықтың тосылып қалғаны жасырын емес. Жан-жақтан «артық ештеңе айтылмасын» деген пәрмен келді ме, ауыл тұрғындары бір-біріне жалтақтады, өзара күбірлесті. Ақыры ішінен біреуі суырылып, микрофонды жұлқа сөз бастады, соңынан бәрі қоштап, сауалды қарша боратты. «Мұңымызды айтпасақ мұнда не үшін жиналдық» деген халықтың шамданысы біраз жайтты аңғартқандай көрінді. Бүгінгі күні Кеңгірде ең өзекті мәселелердің бірі су мен кәріз жүйесі. Тұрғындар су құбырларының қаншама жыл жөндеу көрмей, тозығы жеткенін, кәріз жүйесін іске қосу бір жылдары қолға алынып, аяқсыз қалғанын алға тартты. Тұрғындар тарапынан туындаған сауалдардың деніне ауыл әкімі емес, қала басшысы Қайрат Бектайұлы жауап берді. Қос қаланың ортасынан орын тепкен ауыл халқы өркениетке бір табан жақын десек те, бүгінгі күні мұндағылар техникалық су тұтынуға мәжбүр. 2021 жылы Кеңгір селосына Есқұла жерасты су қоймасынан ауыз су беру мәселесі шешіліп, село аумағында қосымша су құбырлары жүргізілді. Алайда, қыс түсіп кеткеннен кейін халықты Есқұланың суымен жарылқау көктемге қалдырылған. Биыл жер аяғы кеңейе сала билік бұл мәселені соңына дейін апаруға мүдделі. Айта кететін бір мәселе, бұған дейін су құбырларын күтіпұстау жұмыстарын жыл сайын ойнатылатын байқаудың нәтижесінде анықталатын мердігер компаниялар жүргізетін. Биылдан бастап бұл міндетті тұрақты түрде қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны атқаратын болады. Жыл сайын әр түрлі мердігер келіп, қаралған қаржысын игеріп, атүсті қарайтын болса, енді тұрақты таңдалған кәсіпорын жұмысын жауапкершілікпен дөңгелететін болады дейді жауаптылар. Есқұла су құбыры іске қосылатын болса, біраз жылдан бері жөндеу көрмеген құбырлар сыр бере ме деп алаңдайды халық. Бұл ретте қала басшысы Қайрат Әбсаттаров мәселенің бақылауда екенін баса айтты. Кәріз жүйесіне келетін болсақ, оны тарту жұмыстары 20113 жылы басталып, кілт тоқтаған. Содан беру жабулы қазан жабулы күйінде. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың кейбір пысықтары жартылай жасалған жұмысты әрі қарай ширатып, үйлеріне кәріз құбырын да тартқан. Бірақ, шикі істе қайдан нәтиже болсын. Көп ұзамай құбырлар бітеліп, айналаны қолаңса иіс жайлаған. Билік бұл мәселенің қазіргі уақытта облыс деңгейінде зерттеліп жатқанын, қажетті құжаттар қолға тиген соң жобалық-сметалық құжат түзу мәселелері қаралатынын жеткізді. Одан бөлек әкім Қайрат Әбсаттаров жауаптыларға осы мәселеде халықтың талапарызы ескерілуін қатаң қадағалауды тапсырды. 

Биыл Кеңгір ауылының әкімі жаңадан сайланады. Осыған байланысты тұрғындар «әкімді билік пе әлде бұқара ма сайлайтын» деп сауалды төтеннен бірақ қойды. Әрине, тұрғындардың ауылға осы жерден шыққан, тыныс-тірлігін, мұң-мұқтажын жақсы білетін маманның келгенін хош көретіні әңгімелерінен айқын аңғарылды. Сондықтан да әкімді сайлаудың барлық талаптарына сай халықтың өзі сайлайтыны айтылды. Қай адам туған жерінің, өскен ортасының түлегенін қаламайды дейсіз?! Сауалдарын лек-легімен ақтарған тұрғындар қызды-қыздымен Кеңгірді аудан орталығына айналдыру мәселесін де қозғады. Бұл орайда Кеңгір ауылының бюджеті алдағы жылдары артпаса кемімейтіні, болашақта мұнда атқарылатын игі істің орасан екені тілге тиек етілді. Оның ішінде қоқыс өңдейтін зауыт салу, газ тарту, жастарға спортпен шұғылдануға, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау мақсатында ілкімді жобалар іске асыру жоспарлануда. Одан бөлек тұрғындар бос тұрған үйлерді иесіз деп танып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға үлестіру мәселесін де көтерді. Бұл мәселеге байланысты ауыл әкімі Қанағат Жанпейісов Школьная, 26 мекенжайынан 6 пәтер иесіз деп танылып, соттың шешімі шығарылып, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне берілгенін айтты. Енді аталмыш бөлім әрі қарай заң шеңберінде тиісті шараларды қолға алатын болады. Бұл процестің өзі екі-үш жылға созылатынын айтқан әкім басқа бос тұрған үйлерге де осы тәжірибе қолданылатынын жеткізді. Талапқа жеткен газдың игілігін кеңгірліктер де көргісі келеді. Бірақ оған дейін қала ішіндегі орамдар мен ықшамаудандар, маңайындағы ауылдар қамтылатындықтан, Кеңгір ауылының тұрғындарына көгілдір отынның рахатын көру бақыты 2025 жылдарға қарай бұйырмақ. Көп үйдің құжатының дұрыс болмауы салдарынан, барлығын бірдей газ жүейсіне қосу жұмыстарында іркіліс пайда болуда. Осыған орай жауаптылар оған дейін ауыл тұрғындарына үй құжаттарын тастай қылуды тапсырды. Бәрін айт та бірін айт, тұрғындар ауылдан қалаға қатынайтын №98 бағыттағы автобустың жырын айтты. Аптаның жеті күнінің алтауын күйбең тірлікпен өткізетін жұртшылық бір күн демалысында балаларын қалаға қыдыртқысы немесе керек-жарағына барғысы келеді. Алайда, бұл бағытта қатынайтын автобус жексенбі күні белгісіз себептермен өзіне демалыс жариялап, жүрмейтін көрінеді. Мұндай мәселенің туындағанынан мүлдем хабарсыз екенін айтып аң-таң болған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ержан Есетов мән-жайды анықтауға уәде берді. Бөлім басшысының таңданасына күмәнмен қараған халық та жарты жылдан бері бұл мәселені айтып та, әлеуметтік желілер арқылы жазып та жүргендерін жарыса жеткізді. Жиында мал жайылымы мәселелесі де сөз болды. Жыл өткен сайын мал бағатын жерлердің қаттығын айтқан жұртқа қала басшылығы да мал ұстайтын ағайынға шаруа қожалықтарын құру арқылы шаруаларын дөңгелеутуге кеңес берді. Ол үшін қаланың маңайынан арнайы жер де бөлінетіндігі айтылды.

Тараптар талқысы соңында ел ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын берді, билік те бұқараның базынасын байыппен тыңдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, тарқатылмайтын түйіннің болмайтынын қаперге салды. 

Меруерт НАУРЫЗБАЙ

11:19
1122

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020