Мас қарағандылық полицияға сауда үйіне бомба қойылды деп жалған ақпарат берген, – деп хабарлайды Polisia.kz. 25 ақпанда сағат 20.20-да Қарағанды қаласы ПБ Жедел басқару орталығына анонимді қоңырау түсті. Белгісіз біреу сауда үйлерінің біріне жарылғыш зат қойылғанын хабарлады. Оқиға орнына барлық төтенше жағдайлар қызметі жетті. Тексеру кезінде жарылғыш зат табылған жоқ. Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Михайлов полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шарасында 19 жастағы күдіктіні мас күйінде анықтап, ұстады. Ұсталған адам кінәсін мойындады. ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.