«Құдай да емеспін. Құдайдан былай да емеспін» деп обал-сауапты ұмытқан патшалардан бәрін күтуге болады екен. Болатынына төрткүл дүние сенбеген қанды соғыс Украина халқының қанын төгіп, жанын қиюда. Істен сәт, елден береке кетті. Бала шошып, ана жылады. Қарттар күңіреніп, қабырғалар қақырап, Украинада халықтың басына ақырзаман орнағандай күндердің куәсі болып отыр әлем жұрты.
Көршінің шарбағының арғы жағына добы домалап кетсе рұқсат сұрап кіретін өркениеттік әдеп әдіра қалды. Шарбақты қойып шекараны алажіптей көрмей аттай салып, өзіндей тәуелсіз елді зобалаңға салған Ресей Президенті В. Путинді Гитлерге теңеп, Путлер деп отырған халықта есеп жоқ. Адалдықтан аттаса да, адамдықтан адаспас деп үмітін үзбей келген жұрттың жігері құм, көңілі мұң болды. Ресейдің Қорғаныс министрі ақпаратты қанша соғыс инфрақұрылымы мен техникасы қиратылғанынан бастап, адам шығынына келгенде сырғытып өте шығады. Соғыс басталған сәттен бастап сол аумақта адам өмірінің құнсызданып кететіні өмір шындығы. Осыны біле тұра агрессорлық соғысты бастауға бұйрық беретін жанның жүрегі тастан да қатты-ау, сірә?!
Соғыс туралы көп те, аз да айтуға болады. Соғыстың да соғысы бар. Агресорлық соғыс па, жоқ әлде қорғанып жатыр ма? Ары тазаның қимылы да қарымды, ұраны да жалынды. Қазір Ресей әскері Украина әскерімен ғана емес, тұтас Украина халқымен соғысуда. Осыған мәжбүр болуда. Отансүйгіштік қасиеті оттан да ыстық халықты жеңу ешқандай да әскердің қолынан келмейді. Қарудың қандай түрі де ұлттың рухына қарсы қауқарсыз. Басқыншылық пиғылын басқаша түсіндіремін деп әуре болып отырған Ресей президенті осыны ескермеген сияқты. Жарылған бомба, атылған снаряд, ах ұрған аналар Украина халқын оятты. Оянған халықтың каһарынан оспадарлардың ойыны осылуда, әскері тосылуда. Қолында таяғы да жоқ патриоттардан мұздай қаруланған әскер шошынуда. Осыны көріп отырып еріксіз ойға батады екенсің. Соңғы сегіз жылдық сергелдеңнен әбден ығыры шыққан қарапайым халықтың қиянатқа деген қарсылығы бомбадан да асып түсіп, жер тітіркенте жарылып жатыр. Әншейінде қоқыс жәшіктерін жағалап, бос бөтелкелерді жинап, өткізіп жүрген кезбелердің сол шыны құтыларын Молотов коктейлін жасап жатқандарға апарып бергендерін көргенде баспанасыз кезбенің адамшылығы Кремльде отырғандардан артық екеніне еріксіз басыңды шайқайсың. Оянған украиндықтардың жасампаз қуатын мемлекеттің дамуына бағыттай алатын билік болса Украинаның басына баянды бақ қонатын күннің ауылы алыс емес деген сөз. Ылайым солай болғай!
Ал енді оқ атылып, бомба жарылмаса да біздің елде де мылтықсыз майдан жүріп жатыр емес пе?! Әлі күнге дейін ұлтты да, жұртты да ұйытып, мемлекетімізді іркіліссіз ілгері бастыратын жолға түсе алмай, жыл сайын жаңа ұлттық жоспардың сүрлеуіне түсіп, солақай саясаттың соқпағынан күре жолға шыға алмай жатқанымыз соғыс емей немене? Үйін ешкім атып қиратпаса да баспанасыз жүрген қазақстандықтардың қарасы қалың екенін баршамыз білеміз. Зауыт, фабрикаларымызды аттырып жібермесе де, саттырып жіберген жебір басшылардың дұшпаннан қай жері кем? Салған жолдары жыл өтпей бомба түскендей шұрық тесік болатын мердігерлер де шекара асып келген жатжұрттық емес, өзіміздің қарадомалақтар ғой. Аулаларға орнатылған әткеншек пен ойын алаңдарын айға жеткізбей қиратып тынатындар да парашютпен тасталған диверсанттар еместігі және белгілі. Саналы адам көргенінен сабақ алады. Украина халқын соғыс оятса, бізді отансүйгіштік, ұлттық намыс, жастарға деген қамқорлық, балаларға деген мейірім, қарияларға деген құрметіміз оятсын. Сергиік. Серпілейік. Жалқаулығымызды жау санап, жанашымас жайбасарлығымызды дұшпан деп біліп, оларға алапат соғыс жариялайық. Міне, сонда бәлкім Қазақстанға дос сүйініп, дұшпанымыз аяғын тартып, сыртымыздан сыйлап жүрер.
Әнуар ОМАР