2 наурыз Жезқазған-Ұлытау аймағы фермерлері үшін олжалы күн болды. Осылай деуімізге толық негіз бар. Жезқазған қаласындағы «Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде» «Ұлытау» Ауыл шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі Қазақстандық Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ашылу салтанаты өтті.
Бүгінгі фермер мал соңында салпақтап жүретін малшы емес. Шаруа қожалығының басшысы болу үшін қаржы-экономикалық, зоотехник-ветеринариялық, технологиялық мамандықтардан хабары болуы уақыт талабы. Мемлекеттік атқару органдары және салалық басқарма, бөлімдермен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнату арқылы үкімет тарапынан бөлініп отырған субсидия талаптарына сәйкес әрекет жасап шаруашылығын дамыту кез-келген адамға оңай шаруа емес. Әрбір шаруашылық басшысы осы талаптардың үдесінен шыға алады деу де шындыққа жанаса қоймайды. Міне, сондықтан да жоғарыда айтылған Ассоциацияның құрылуы қажетті қадам. Себебі, бұл қауымдастықтың басында аймағымызға белгілі тәжірибелі де жанашыр азаматтар тұр. Өздері де ауылшаруашылығы саласында ірі шаруа қожалықтарын құрып, қалыптастыра алған басшылар осы жаңа ұйым арқылы ата кәсіпке тәуекел еткендерге нақты көмек көрсете алмақ.
«Ұлытау» Ауыл шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі Қазақстандық Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ашылу салтанатына облыстық деңгейде мән берілгені де осыны түсінгендіктен деп сенімді айтуға болады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек оң қабақ танытып, салтанатты жиынға сала бойынша орынбасары С. Шайдаровты жібергені осындай ой түюімізге жетеледі. Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданының әкімдері, оған қоса Ұлытау ауданының кент, селоларының 15 әкімі төрт көзі түгел қатысқаны да қауымдастықтың зор маңызға ие екендігіне дәлел. «Ұлытау» Ассоциациясы ресми рәсімделгенге дейін де жылға таяу еңбек етіп, фермерлердің жырын жырлап келеді. Шаруалар өмірінде орын алған бірнеше келеңсіздіктерді жоюға қол жеткізгендері де аймақ жұртшылығына белгілі. Солай болғандықтан қауымдастықтың аты аймақ, облыс деңгейінен асып республикамыздың бірқатар облыстарына танымал болғандығы және бар. Есімдері иісі қазаққа танымал болып үлгерген республикалық «Шопан ата» агроқозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаев пен «Ақтөбе» шаруалар қауымдастығының төрағасы Мәрлен Баймағамбетовтің алыстан ат шалдырып келіп арнайы қатысқандары да біраз нәрседен хабар береді. Ассоциация төрағасы Қуандық Түсіповтың баяндамасымен ашылған салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары С. Шайдаров, Жезқазған қаласының әкімі Қ. Әбсаттаров, Ұлытау ауданының әкімі С. Медебаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қарағанды облыстық филиалының директоры Е. Күлпейісов, «Агронесие» АҚ облыстық филиалының басшысы Б. Баймақаш, құрметті меймандар А. Садырбаев, М. Баймағамбетов, Қазақстан фермерлері одағының аймақтағы өкілі Г. Омарова, «Ұлар» несиелік серіктестігінің басшысы А. Нұрсұлтанқызы, «А. Мулаков» шаруа қожалығының жетекшісі А. Мулаков құттықтау сөз сөйледі. Т. Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының «Алтын орда» ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы музыкалық нөмірлер жиналған фермерлерді желпінтіп-ақ тастады. Аймақтағы шаруа қожалықтары өкілдерінің көптеп жиналғаны да олардың елге қажетті қызмет жүгін жұмыла көтеруге бейілді екендігін танытты. Қауымдастық Жезқазған және Сәтбаев қаласында кеңселерін ашып шаруалардың сұрақтарымен жүйелі, тұрақты түрде айналысатындықтарын жеткізді. Олай болса, іске сәт!
Өз тілшіміз