ЕЙ, АДАМДАР, ЖОЛ БЕРІҢДЕР АНАҒА!

Тар құрсағын кеңейтіп сәби сүйіп, ана атану – кез келген әйел затының арманы. Жалпы нәзікжандының жерге түсірілгендегі негізгі міндеті де осы болса керек-ті. Дегенмен, тағдырдың қилы соқпағында ана болу бақытын сезіне алмайтын жандардың қатары көбейіп келеді. Қоршаған ортамыз уланып, тіршілігіміз тозаңданған бүгінде бұған әсер ететін факторлар да жетіп артылады. Кейде бір балаға зар болып дүниеден өткен даңқты тұлғалар туралы тарих беттерін ақтарғанда қынжылып та қоясың. Әйткенмен, қазір заман өзгерді. Бұрынғыдай құр үміттеніп отыра берудің жөні жоқ. Себебі қазір ұрпақ сүйгісі келетін, алайда сол арманы орындалмай жүрген жандар үшін дамыған әлеуетті медицина біршама жақсы мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Соның бірі – экстрокорпаральді ұрықтандыру, яғни ЭКО.

Жасанды ұрықтандыру деп аталатын бұл үдеріс алғаш рет 1978 жылы оң нәтижесін берді. Осы жылы британдық ғалымдар 9 жылдан бері бала сүйе алмай жүрген Луиза Джой Браунаттыкеліншектіжасандыұрықтандыружолымен ана атандырды. Бала аман-есен дүниеге келгенімен, сол кездегі қоғам бұл жағдайды Құдай жолынан адасушылыққа балап, «құтыдағы баланы» қабылдамады. Тіпті бала нәресте шағында оның үйіне аквариумде, унитазда жатқан қанға малынған эмбрионның суреттерін жіберіп қорқытып отырды. Алғашында жас ананың баласымен сыртқа шығуға жүрегі дауаламаған. Уақыт өте келе Луизаның баласы қалыпты адамдарша өсіп, өзгелердің келекесі орынсыз екенін дәлелдеді. 

Алғашқы ЭКО біздің елімізде 1996 жылы жасалды. ЭКО-ны Қазақстанға ғана емес, Орта Азияға алғаш рет алып келген дәрігер биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова еді. Ол ашқан «ECOMED» клиникасының мамандары жақында мысты шаһарға да ат басын бұрып, бала сүйгісі келетін отбасыларға екі күндік тегін кеңес өткізді. Орайлы сәтті пайдаланып, ЭКО туралы нақты ақпараттарды білу үшін Алматы қаласындағы «ECOMED» клиникасының медициналық директоры Айгерім Ахметовамен біз де кездесіп, сұхбаттастық. 

Елімізде әрбір алтыншы отбасында бедеулік фактісі тіркелген. Оған экология жағдайы жиі әсер етеді. Айгерім Ахметова өз тәжірибесіне сүйене отырып, кенді аймақтар тұрғындары арасында бедеулік тым көп екенін айтты. Бірінші орында Батыс өңір тұрса, олардан кейін Орталық өкшелеп келеді.

«КІМ КІНӘЛІ?!»

– Маған келген ерлі-зайыптылардың алғашқы сөзі – «Кінә кімнен?». Кешірерсіздер, бірақ біз сот емеспіз. Біз – дәрігерлерміз. Біздің «Анау кінәлі!» деп үкім айтуға хақымыз жоқ. Бәрі Құдайдың қолындағы нәрсе. Сонымен қатар, бұрынғыдай бала сүйе алмауға тек әйелді кінәләйтін заман әлдеқашан өтіп кеткен. Өйткені қазір нақты статистика көрсеткендей, әйелдер арасындағы бедеулік 40 пайыз болса, ерлер арасында да – 40 пайыз. 10 пайызы экологиялық себептермен тығыз байланысты болса, қалғаны түрлі денсаулық жағдайларына қарай өрбиді, – дейді дәрігер.

ЭКО-ны КЕЗ КЕЛГЕННІҢ ҚАЛТАСЫ КӨТЕРЕ МЕ? 

Алғашында қоғам арасында кері пікір тудырған ЭКО-ға қазір қолы жетпей жүргендер көп. Себебі оның құны қомақты қаржыны талап етеді. Маманның сөзінше, «ECOMED» клиникасында айтарлықтай аспандаған баға жоқ. ЭКО жасау үдерісі арзан болғанымен, шетелден келетін дәрі-дәрмектер тым қымбат. Жалпы ЭКО бағасы әрбір адамның ағзасына байланысты түрлі сомада болады, соған сай рецептімен түрлі дәрі-дәрмектер тағайындалады. Жалпы соманың 60 пайызы Германия мен Жапониядан алдырылатын дәрілерге кетеді екен. Аталған елдерде өндірілетін дәрілер Қытай мен Ресейдікіне қарағанда әлдеқайда сапалырақ. Адам ағзасына қарай ЭКО бағасы 1 млн мен 2 млн аралығын қамтуы мүмкін. 

ЭКО ЖАСАУ ҮДЕРІСІ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ? 

Жұбайлар репродуктолог маманға қаралып, толық тексерістен өткеннен кейін аналық жасуша мен аталық, яғни сперматозоид қосылады. Одан әрі қарай жасушалардың эмбрион түзу үдерісі 5 күн ішінде бақыланады. «Сіз торт істерде оның барлық құрамын араластырып, сұйық қамырды пешке саласыз. Одан әрі қанша еңбектенген тортыңыз көтеріліп, ойдағыдай пісе ме, әлде бар еңбегіңіз зая кете ме білмейсіз ғой. Бала жасау да солай. Біз адам жасап жатырмыз. Бұл тіптен күрделі. Әрі қарай аналық және аталық жасушалардан жақсы, сапалы эмбрион қалыптасуы олардың денсаулықтарына, дер кезінде дәрігердің айтқандарын істеп, дәрілерді үзбей ішіп тұруына байланысты. 5 күн ішінде бәрінің сәтті жүзеге асуын ерлі-зайыптылар қалай күтсе, біз де солай Алладан тілеп отырамыз» деген Айгерім ханым, жақсы эмбрион өсіп шыққаннан кейін оны ана жатырына салу да біршама уақытты қажет ететінін айтты. Мысалы, дамыған эмбрионды бірден салатын жағдай болуы да, болмауы да мүмкін. Ана жатыры эмбрион салуға дайын болмаса, тағы бір ай ем жүргізіледі. Осы уақытта пайда болған эмбрионды қатырып сақтап қояды. Жалпы жасанды ұрықтандыру кезінде әйел мен еркектен бірнеше жасуша алып эмбрион жасалатындығын айтқан дәрігер ұлды болуды қалаған ата-аналар бірнеше жылдан кейін тағы да ЭКО жолымен қызды болуға ниет танытқан жағдайда, барлығын қайта басынан бастамай, дұрыс қалыптасқан артық эмбриондарды қатырып сақтап қоюға болатындығын айтты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен қаулысына сәйкес ЭКО жолымен ана жатырына екі эмбрионнан артық салуға рұқсат етілмейді. Демек, ЭКО арқылы егіз бала көтере аласыз, тек жатырға екеуден артық салуға болмайды.

«АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫНА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ? 

Ажырасу бойынша әлем елдері арасында көш бастап тұрған елімізде ерлі-зайыптылардың жолы екіге бөлінуінің бірден-бір себебі – бала сүйе алмау. Бұл мәселе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құлағына жетті. Осы орайда 2021 жылдан бастап ЭКО-ға бөлінетін квота санын 7 есеге арттыруды тапсырған Мемлекет басшысының бастамасы қаншама отбасыға шексіз қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Соның нәтижесінде 2021 жылдан бастап ЭКО-ға жыл сайын 7000 квота бөлінуде. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Қарағанды облысы бойынша 2021 жылы 532, 2022 жылған 525 квота бөлінген. Бұл бағдарлама 2025 жылға дейін жалғаса бермек. Сонымен бұл бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек? Репродуктивті жас 18 бен 49 жас аралығын қамтиды. Жергілікті емханадан жолдама алған анада соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер қалыпты болуы қажет. Жергілікті жауапты медициналық мамандар пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосқаннан кейін оның құжаттары жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жіберіліп, қорытынды шешім 12 ай ішінде белгілі болады. Медициналық тексеріс барысында жатырдың туа біткен немесе жүре біткен өзгерістері бары анықталса, анада соматикалық және психикалық ауытқулар болса, аналық без ісіктері, жедел қабыну мен онкологиялық аурулармен ауырса және денеде қатерлі өскіндері бар адамдарға ЭКО квотасы берілмейді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота тек жылына 1 рет қана беріледі. Квота алушы санатқа жатпаған жағдайда, ниеттілер дәрігермен ақылдасып, ем жүргізіп, ақылы ЭКО көмегіне жүгіне алады.

Айгерім Ахметовамен оның командасы «ECOMED» клиникалар жүйесінің басшысы Салтанат Байқошақарованың бастамасымен ЭКО жасау клиникасы еліміздің барлық үлкен қалалары мен облыс орталықтарында жұмыс істейді. Сондай-ақ Ташкент, Бішкек қалаларында да филиалдары бар. Филиалдары жоқ шағын қалалар мен аудандарға барып, тегін кеңес беру үшін арнайы сапарлаған репродуктолог дәрігерлер қаламызда екі күн болып, тұрғындарды қабылдады. «Жезқазған шағын қала болғандықтан болар, бұл жақта ЭКО-ға деген көзқарас біршама артта қалып кеткен екен. Бір күннің ішінде 60 шақты адамды қабылдап, 40 шақтысына онлайн кеңес бердім. Мұндағы халық бірін-бірі танығандықтан, ойларын ашық айтуға, өзінің ЭКО жасатуға ниеті барын білдіруге біршама қысылады. Мысалы, кешеден бері танысын көріп қалса, бетін жауып, кезегін өткізіп жіберіп, маған келіп: «Ол мен туралы сұраса, ештеңе айтпаңызшы» деген өтініш айтқандарға жиі тап болдым. Үлкен қалаларда ЭКО-ға деген көзқарас мүлде бөлек. Олар өздерінің осы әдіспен балалы болғандарын жасырмайды. Керісінше, ұялы телефондарын алып, бізді көрсетіп, репродуктолог мамандар көмегіне жүгініп жатқандарын ортаға салады» деген ол, ЭКО жасау – ұят емес, керісінше отбасы бақытын ұлғайтатын сауабы мол үлкен іс екенін жеткізді. Сондай-ақ ол балалы болуды жоспарлаған қыз-жігіттер отбасы құрар алдында жарты жыл бұрын арнайы мамандарға көрініп, гармондарын тексертіп, дәрумендер қабылдап, денсаулығын реттеуі қажетін де еске салды.

Иә, балалы үй – базар екені анық. Неде болса да, сәбидің шадыман күлкісіне жетер бақыт жоғы даусыз. Ендеше, біз де әрбір адамға ата-ана болу бақыты бұйырып, ел демографиясы еселене беруіне тілектеспіз.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

13:17
978

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020