«Әйел қырық шырақты» дейді дана халқымыз. Расында да қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғұмырда нәзіктік пен қайсарлықты тең ұштастыра білген жандар жетерлік. Бүгінгі қыз-келіншектер ғұмыры отбасы, ошақ қасында ғана шырайлы емес, олардың қоғамның қай саласында да бәсі биік. Маңдай тер, адал еңбегімен нәпақа тауып, ел алғысына бөленген жандардың бірі – Наталья МЕЦ.
Т аң атқаннан жаздың аптап ыстығына қарамай қаланы қоқыстан арылтып, қыстың бет қаратпас борандыдауылды, саршұнақ аязды күндерінде қар күреп жүретін сары желеткелі жандарды күнде көзіміз шалады. Дегенмен біз оларды байқауға, олардың еңбегін бағалауға айтарлықтай құлық таныта қоймаймыз. Классикалық киім киіп, қолына қалам мен қағаз ұстап отырғандардың алдында құрақ ұшып, қалғандарын көзге ілмейтіндер мен өзін олардан жоғары санап, мұрын шүйіре көз тастайтындар да баршылық. Қандай болса да сіздің қарапайым адамдарға деген құрметіңізден адамдық деңгейіңіз бен кісілік келбетіңізді анық байқауға болады. Қоғамда барлық мамандар мен жұмысшылардың өзіндік алар орны бар. Мысалы, көше тазаланбай, қар күрелмей жатса қалай болар еді?!
Қала тазалығына, көшелердің тып-тиянақты болып, жайнап тұруына Наталья ханымның қосқан үлесі мол. 1976 жылы дүние есігін ашқан ол еңбекке жарағалы ары мен көзін сатып емес, еңбегін пұлдап өмір сүруді мақсат еткен. Оның көше сыпырушы болып еңбек етіп жүргеніне биыл 26 жыл болды. Бір адамның ғұмыры. Көше сыпырудан арланып, масыл болуға қысылмайтындар мен біреудің обалына қалып, ұрлық-қарлықпен, парамен күн кешетіндердің жанында Натальяның еңбегі мақтауға лайық.
Бүгінде бір қыз өсіріп, оны құтты орнына қондырған ол «әже» деген аяулы есімді иелініп отыр. «Ана» деген асқақ атты абыроймен атқарып, отбасының діңгегі болған Наталья өзі жұмыс атқаратын зағип жандардан құралған мекемеде де, дос-жаран, туыс-туған арасында да айрықша құрметке ие.
Наталья ханыммен әңгімелесу барысында оның бойынан Отанымызға, туған қаласы Жезқазғанға деген ыстық сүйіспеншілікті байқадық.
– Өзге елдерде болып жатқан көз алартулар мен қиын-кескі ұрыстарды көріп, жүрегім ауырады. Мен – әрқашан татулық пен ауызбіршілікті бірінші орынға қоятын жанмын. Қазақстанды шын сүйемін. Бұл жерде ұлтқа бөліну дегенді кездестірмедім, өзге этностарға деген құрмет айрықша. Осы ынтымағымыз мәңгі болса екен деп тілеймін. Әлемде соғыс болмауын, аналар мен балалардың көңілі тыныш болып, бейбіт аспан астында ғұмыр кешулерін қалаймын! – деген ол алда келе жатқан 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен барлық аналар мен қыздар қауымын құттықтап, зор денсаулық пен әйел бақытын тіледі.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН