​МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Құрметті отандастар!

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр.

Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады.

Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шал­дықты.

Оны жұқтырғандар саны күн­нен-күнге артуда.

Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік.

Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз.

Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп.

Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңір­­інде карантинді күшейтуді тапсырдым.

Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын.

Біз дүрбелең тудыруға жол бер­мейміз.

Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.

Бұл – аса маңызды.

Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт.

Дегенмен, біз індетке шал­дық­қан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз.

Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда.

Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батыр­лары.

Сондықтан пандемияға қар­сы күрестің алдыңғы легінде жүр­гендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым.

Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы төленеді.

Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты.

Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық.

Сондай-ақ полиция қыз­мет­керлері мен әскери қызметшілерге де айрықша алғыс білдіремін.

Төтенше жағдай режімінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады.

Біз үшін азаматтардың ден­сау­лығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да
маңызды.

Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Үкімет пен әкімдер оны жүзеге асыруды бас­тады.

Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша ше-шімдер қабылдадым.

Бірінші. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атау­лы әлеуметтік көмек мөл­шерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялауды тапсырамын.

Осыған орай, аталған санат­тағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Екінші. Биылғы 23 наурыз­да табысынан айырылған аза­мат­тарға ең төменгі жалақы мөл­шерінде қолдау көрсетілетіні туралы айттым.

Енді осы көмекті алатын аза­мат­тардың санатын кеңейтуді тап­сырамын.

42500 теңге көлеміндегі бұл қа­ра­жат бұрын тұрақты жұ­мыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұ­мыс­пен қамтыған және ресми тіркел­мей еңбек ететін азаматтарымызға да берілуге тиіс.

Мұндай көмекті алу үшін олар өздерінің мәртебесін бекітуге тиіс. Содан кейін аталған азаматтар төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттен ай сайын әлеуметтік көмек алып отырады.

Еш жерде көрсетілмесе де жет­кілікті табысы бар адамдар осы төлемді алу үшін өтінім беруі мүмкін.

Бұған дейін де осындай жағдай болғаны жасырын емес.

Бірақ кейбір жауапсыз адам­дар­дың кесірінен шын мәнінде көмекке мұқтаж жүз мыңдаған азама­ты­мызды қолдаусыз қал­дыра алмаймыз.

Жалпы, 23 наурызда және бүгін жарияланған шаралардың нәтижесінде 3 миллионға жуық азаматымызға көмек көрсетіледі.

Үшінші. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған аза­маттардың медициналық кө­мек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын.

Аталған сақтандыру жүйесінде болу-болмауына қарамастан осы кезеңде азаматтарымызға толық медициналық көмек көрсетілуге тиіс.

Төртінші. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін ала­тын азаматтардың санатын кеңей­ту керек.

Мұндай көмек түрі қосымша 1-ші, 2-ші, 3-ші топтағы мүгедек­тер­ге, мүгедек балаларға және жұ­мыс­сыз ретінде тіркелген аза­мат­тарға берілуі қажет.

Осындай шара арқылы 800 мың­нан астам адамға көмек көр­се­теміз.

Бұл ретте тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктің шекті мөлшерін бекіткен жөн.

Жергілікті шағын және орта бизнесті өнім өндіру және оны жеткізу ісіне жұмылдыру қажет.

Үкімет отандық ІТ-ком­панияларды әлеуметтік қолдауға бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуына тиімді мониторинг жүргізетін платформа әзірлеу жұмысына тартуы керек.

Алдағы уақытта мұндай көмекті заттай емес, азамат­тар­дың өздері таңдап, сатып алуы үшін қаржылай беруге көшкен жөн.

Бесінші. Көктемгі егіс нау­қа­­нын уақтылы өткізу аса ма­ңызды.

Бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Оның үстемеақысы 5 пайыздан аспайды.

Осы мақсатқа «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Аталған бағдарлама ая­сын­дағы түпкі мөлшерлеме барлық салалар бойынша біріздендіріліп 6 пайыз болды.

Ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн.

Сонымен қатар Үкіметке жа­нар­майдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 тең­геге дейін төмендету міндеті жүк­телді.

Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңіл­дікпен сатылатын болады.

Арзан жанармай шаруаларға дейін жетуге тиіс. Оны жеткізетін «операторлардың» жұмысы толығымен ашық болуы керек.

Үкімет пен Бас прокуратура өңір­лерде тиісті бақылау мен қада­ғалау жұмыстарын қамта­масыз етуге тиіс.

Карантин жағдайында күрде­ле­не түсетін бірқатар мәселе бар.

Бұл – кепілге қойылған мүлікті халыққа қызмет көрсету ор­талықтарында ресімдеу, нота­риалды куәландыру, қосалқы бөлшектер сатып-алу және т.б.

Сондықтан Үкімет пен әкім­діктер көктемгі егіс науқанын ерек­ше бақылауға алуы керек.

Азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету тұрғысынан алғанда әр күніміздің маңызы зор.

Алтыншы . Карантинге байланысты елорда, Алматы және Шымкент қалалары төңірегінде ең­бекке жарамды, бірақ жұ­мыс­сыз қалған азаматтардың саны арта түсті. Бұл, ең алдымен, жас­тарға қатысты.

Үкімет пен әкімдер «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» аясында аталған өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыруды дереу қолға алуы қажет.

Азаматтарымыздың табыс кө­зі болуға тиіс. Олар күнін көре ал­май құрсауда қамалып отыр­мауы керек.

«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтарға ең төменгі мөлшердегі екі жалақы немесе 85 000 теңге төленеді. Мұны олар бірден жұмыс орнына келген кезде алады.

Бұл тұрақты жалақысы емес, соған қосымша ретінде беріледі.

Осыған орай арнайы мобильді орындар ашылып, әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, коронавирусқа қатысты экспресс-тест алып, жұмысшыларды жұ­мыл­дыруды және жаңа жұмыс орнына дейін жеткізуді ұйым­дас­тырады.

Жұмыс берушілер «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» бойын­ша ең­бек ететіндердің бәріне лайық­ты жағдай жасап, қорғану құрал­дарымен қамтамасыз етуге тиіс.

Жетінші. Мен бұған дейін шағын және орта бизнесті қол­дау­ға арналған шараларды жария­ладым.

Бұл – салық жеңілдіктері, қарызды өтеу мерзімін шегеру және тағы басқа шаралар.

Шағын және орта бизнес өкілдерінің ұсыныстарына келетін болсақ, олардың көбі қазірдің өзінде қолдау тауып, құзырлы ор­гандар тарапынан жүзеге асырылып жатыр.

Соның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына сай келетін қызмет түрлерін кеңейту, несиенің үстемеақысын тө­мен­дету және бі­різдендіру, мем­лекеттік кепіл­дік­тердің көлемін арттыру жұмыстары қамтылған.

Қаржы нарығын реттеу агент­тігі шағын және орта бизнестің не­сие­лерін өтеу мерзімін ұзарту, төлемді қайта қарастыру мәселе­лері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуде.

Осы мәселеге жеке тоқталып өт­кен жөн.

Көптеген кәсіпкер төтенше жағдай кезінде несиенің пайыздық үстемеақысын есептемеу үшін банктерге тапсырма беруді сұрап отыр.

Мұндай қадам банктерді шы­ғынға ұшырататынын түсінуі­міз керек. Олар да біздің эконо­ми­камыздың ажырамас бөлігі.

Дегенмен, мен тағы да екінші деңгейдегі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын.

Банктер қиын жағдайға тап бол­ғанда мемлекет оларға айтар­лықтай көмек берді.

Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсе­ту­леріңіз керек.

Қажет болған жағдайда мем­лекет тарапынан қосымша нұс­қау­лық шаралар қолға алынады.

Жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы сала­сының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды.

Келесі мәселе. Кәсіп­кер­леріміз салықтық жүктемені азайтуға қа­тысты қосымша қолдауға мұқтаж. Бұл жұмыс орындарын сақтау жә­не жалақы төлеу үшін аса ма­ңызды.

Сондықтан экономиканың ең көп зардап шеккен сек­торларындағы шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биыл­ғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) ең­бекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдер­ден босатылады.

Бұл қоғамдық тамақтану, сау­да, көлік қызметі, консуль­та­ция­лық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

Оның нақты тізімін төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітіп, қажет болған жағдайда толықтырып отырады.

Кәсіпкерлердің үндеуінде дағ­дарыс кезеңінде салық төле­меу туралы өтініш болғанын айт­қан едім.

Осы орайда мынадай мәселені атап өткім келеді.

Тиісті жедел шешім қабыл­данды. Менің тапсырмам бойын­ша Үкімет шағын және орта кәсіп иелерінің барлық салық төлем­дерін 3 айға тоқтатты.

Бұл қазіргі қалыптасқан жағ­дай­да салықтан босатылғанымен, оның кейін төленуі керектігін білдіреді.

Сонымен қатар біз эконо­микалық ахуалды жан-жақты бағамдап отырмыз. Алдағы жағ­дайға байланысты түпкілікті шешім қабылдаймыз.

Келесі мәселе. Үкімет елі­міз үшін маңызды импорт тауар­ларына салынатын баж салығын алып тастау мәселесіне қатысты Еуразия экономикалық одағындағы серіктестерімізбен жұмыс жүргізуде.

Жеке қорғаныс құралдары, өндіріске қажетті шикізат, вакциналар мен диагностикаға арналған құрал-жабдықтар жөнінде тиісті шешім қабылданды.

Өз елімізде жеткілікті емес азық-түлік тауарларына салынатын импорттық баж салығын төмендету бойынша жұмыс жал­ғасуда.

Үкімет отандық бизнестің сұраныстарын ескеріп, аталған жұмысты жеделдеткені жөн.

Сондай-ақ жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін пайдалану қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.

Әкімдіктер және Үкімет («Мем­­­лекеттік азық-түлік корпо­ра­­циясы» арқылы) отандық агро және қайта өңдеу кәсіпорын­дарынан кемінде 6 ай бұрын өнім­ді сатып алудың кепілді жүйесін жолға қоюға тиіс. Бас­қаша айтқанда, «алдын ала сатып алу» немесе «алынған өнім бойын­ша сатып алу» тетігін енгізуі керек.

Кәсіпорындардың өзара ықпал­дастығының нақты жолын анықтау қажет, яғни егістік ба­сынан дүкен сөресіне дейінгі тіз­бекті айқындап, оларды жеңіл­детілген несиемен қамтамасыз ету қажет.

Бұл ретте бизнес өкілдері өн­діріс көлемін қамтамасыз ету, тұрақты бағаны ұстап тұру, жұ­мыспен қамту және өзіне жүк­телген басқа да міндеттерді жа­уап­кершілікпен орындауға тиіс.

Сегізінші. Аталған шаралар топтамасын жүзеге асыру үшін Үкіметке және Ұлттық банкке барлық қажетті қаражат көздерін пайдалануды тапсырамын. Соның ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Ұлттық банктің ресурстары мен құралдары да бар.

Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы құрған Ұлттық қордың қар­жы­сын ұтымды пайдалануымыз керек.

Бөлінген қаражатты нақты эко­номикаға жедел әрі тиісті дең­гейде жеткізу үшін мемле­кет­тік даму институттары арқы­лы қаржыландыру мүмкіндігін де қарастырған жөн. Олардың қатар­ында «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы» және бас­қа­лары бар.

Осындай қолдау түрі өзге де же­ңілдіктер сияқты экспорттық әлеуеті бар тез дамып келе жатқан орта деңгейдегі компанияларға ар­налуы тиіс. Мұндай компаниялар дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі «қозғаушы күшке» айнала алады.

Тағы бір мәселе. Дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымы мен қаржылық ресурстардың көлеміне байланысты бөлініп жатқан қаражаттың мақсатқа сай әрі тиімді жұмсалуының, аза­мат­тарға және бизнеске қолдау көрсе­ту кезінде ашықтық пен айқын­дық қағидатын қамтамасыз етудің маңызы арта түседі.

Бұл міндет Есеп комитетіне жүктеледі. Бұл жұмысқа аймақ­тық ревизиялық комиссияларды, қоғамдық кеңестерді де жұ­мыл­дыру қажет.

Осы ретте төтенше жағдайда қойылатын арнайы талаптар да ескерілуі керек.

Қадірлі ағайын!

Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді бастап өткеріп отырмыз.

Бірақ бұл – уақытша қиындық.

Біз мұны міндетті түрде жеңеміз!

Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз.

Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз.

Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз.

Бұған ешқандай күмән болмауы керек.

Қоғамдағы береке-бірлік күш-қуатымызды арттырады.

Осы ретте індетті жұқтырған азаматтарға да қолдау білдіргім келеді. Еш мойымаңыздар! Бұл ауру қаншалықты қауіпті болға­нымен, одан емделіп шығуға болады. Сіздерге көмектесу үшін бар­лық жағдайды жасаймыз.

Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық.

Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз.

Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін.

Басты тойларымыз әлі алда.

Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!

Біз біргеміз!

09:35
795

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020