Ұлытау облысы ашылатыны белгілі болғаннан бері Жезқазған аймағы араның ұясындай гуілдеп тұр. Біреуі «Мен осылай боларын білгенмін» десе, келесісі «Ана жолы мен үйткесін, бүйткесін Президент облысты ашты» деуге барып, үшіншілері «Несін айтасыңдар облысты аштырған пәленше деген дөкей екен» десіп, желдей есіп жеңістік бермеуде. Тағы бір бәрін білгіш топ ашылғалы тұрған облысқа күнде бір мықтыны әкім етіп қоюмен күндерін көңілді өткізісіп жүр. Және әрқайсысының резервінде бір-бір әкім бар болып шықты. Айтып отырса сол кандидат әкім болып келсе ғана облыс гүлденетін көрінеді. Онысы бұрын да қарап жүрмей ашылуы ықтимал облысқа сырттай-ақ ешкімге білдірмей көп жақсылық жасаған екен-мыс. Аузын ашса болды ауыз әдебиетін дамыта жөнелетін қазекемнің мұндайда алдына қара сала қоймайтыны бесенеден белгілі. Бір қызығы әлгіндей аңызи атқарылған әлдебір жақсылықтың жалына жармаса кетіп «иә, оны мен істеп едім» дегенді сыбырлы сыр етіп таратып жүрген кей үміткердің үкісінің ұшы қылтиып та қалған сияқты. Қоой онысы ұят-ты… Оқырмандарымызға салиқалы сөз, парасатты пікір жеткізу мақсатында аймағымыздың атын алашқа әйгі еткен азаматымыздың бірі, облыстық және орталық органдардың басшылары қатарында болған Мұқамбет Жұманазарұлы КӨПЕЕВ ағамызды әңгімеге тарттық.
– Ал аға Сізге неге хабарласқанымызды өзіңіздің де ішіңіз сезіп отырған шығар. Биылғы әз Наурыз аймақ жұртына ерекше тарту жасады. Бұл хабарды қалай қабылдадыңыз?
– Жезқазған-Ұлытау аймағы туып, өскен, азамат болып атқа мінген жеріміз болғандықтан оған қашанда тілеулес болып жүретініміз анық. Ал енді сол туған еліміз жүрегі жарыла қуанып жатса, біз қайтушы едік? Әрине, қуандық! Әйтеуір облыс ашылды деп қана емес, шалғайдағы аймақты өр- кендетіп, дамытудың зор мүмкіндігі пайда болғанына шүкір дестік. Шынын айтқанда қызмет бабы арқылы тұтас қазақ елінің жанкүйерлеріне ай- налған адам ретінде Ұлытау облысының ашылғанына қалай қуансам Абай, Жетісу облыстары туралы қабылданған шешімге де соншалықты шат- тандым. Осы жерде айта кетейін. Қазіргідей күрделі кезеңде үш бірдей облысты ашуға тәуекел еткен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл қадамы нағыз ерлік. Мен ол кісінің қарамағында қызмет атқарған адам болған себепті Қасым-Жомарт Кемелұлының терең білімді, ары мен қолы таза әрі аса мемлекетшіл жан екенін білген- діктен мұндай шешім қабылдауын заңдылық деп бағаладым. Ол осы жылдың өзінде елдің тәуелсіздігі, берекелі тұрақтылығы үшін қандай да болсын қиын қадамға бара алатынын баршаға дәлелдеді. Тарихымызға «Қасіретті қаңтар» деген атпен таңбаланып отырған оқиға кезінде де Қасым-Жо- март Кемелұлы зор жауапкершілікті тікелей өзіне алып, Тәуелсіздігіміздің сақталып қалуын мүмкін етті. Оны бүгінде әр қазақстандық түсінді деп ой- лаймын. Мына облыстарды ашу туралы мәселе де мылтықсыз майданға бергісіз дүние ғой. Бұл жолы да қажетті шешім қабылданды. Бұл қадам аймақтардың дамуын арттыру арқылы республикамыздың дамуына тың серпіліс беретін болады. Оны ертең-ақ өздеріңіз де көресіздер. Ылайым солай болсын.
– Өзіміз қуанып жатқан соң күллі әлем мәз болуда деп ойлаймыз ғой кейде. Сіздіңше қалай?
– Қазіргі қоғамда мемлекет тұрғысынан ойлану мәселесінің аясы тарылғандай көрінеді кейде маған. Әр топ немесе әр аймақ, облыс тек өзіне жасалған жақсылықты ғана бағалап, басқаның басына қонған баққа қуана алмаса, Отанымыз, Қазақстан Республикасы қалай гүлденбек? Қазақстан біртұтас организм. Оның бір шетіне шөгір қадалса, тұтас денесі тітіркеніп, бір шетінде той болса, барша қазақстандық қоса қуану керек деп есептеймін. Сол себепті көшпенділердің көшесіз астанасы атанған киелі Ұлытаудың аты берілген облыстың ашылуы ортақ қуаныш әрі ортақ жауапкершілік. Жабылғанына ширек ғасыр болған облыс деген шынына келгенде жаңадан құрылғанмен бірдей. Оны тиісті деңгейге жеткізу үшін орасан зор қаржы, уақытпен санаспайтын еңбек, білікті кадр, ең бастысы жалпы жұртшылықтың жаппай қолдауы, түсіністігі керек. Қайталап айтайын осындай шешім қабылдау арқылы Президент зор тәуекелге барды. Олай болса ел басшысының адал ниеті, әділдікті қалпына келтіруге деген ұмтылысын сан-саққа жүгіртіп, талқы талапайына сала берудің жөні жоқ. Жақсылыққа бағытталған шешімнің жүзеге асуына жасампаздық, жарқын көңіл-күймен кірісу керек. Сонда оң нәтижеге жететін боламыз.
–
Жалқыға байланбай, жалпыны ойлау Сіздей биліктің жоғары сатысында қызмет атқарған азаматқа жарасады ғой аға. Шын мәнінде қолыңыздан келгенін қай аймақтан болсын аямағаныңыз аян. Жезді халқын Арал апат аймағына берілетін көмек, жеңілдікке іліндіргеніңіз елдің есінде. Ұлытау ауданы бюджетінің тоқсан пайызын құрап отырған Құмкөлде мұнай өндіруші компаниялардан түсетін жер және мүлік салығын да бері қарай бұрған Сіз деп айтады көпшілік. Осы әрекетті өзгелерге телушілер де бар...
– Қашанда оң шешілген шаруаның шалғайына жармасатындар табылады ғой. Ол бір экономиканың қиындықты басынан кешіріп жатқан күндері еді. Бізде ғана емес, Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан елдердің бәрі басынан кешірген кеп бұл. Әсіресе, Ұлытау сияқты орталықтан оқшау, Астанадан алыс аудандар қаржы қыспағында қалды. Ұлытау аудан болғанымен ұлт тарихындағы орнына байланысты исі қазақтың қадір тұтып отырған киелі аймағы. Қалжыраған халін көріп көп ойландым. Ойлай келе Құмкөлдің негізінен Ұлытаудың аумағына кіретінін қаперге алдым. Заң талабы бойынша жаңа аталған екі салық түрінің ауданға берілуіне еш кедергі жоқ. Осыны сол кездегі үкімет басшысының орынбасары А. Павловқа түсіндіріп, басқа да тиісті органдар- дың келісіміне қол жеткіздік. Сол оң шешім күні бүгінге дейін өз жемісін беріп келеді. Бұл 1997 жылы болған шаруа. Оған кімдердің иелік еткісі келіп жүргенін мен білмеймін. Мәселенің шешілуі осылай болған.
Ал, жаңағы өзің айтқан Арал апатты ай- мағының тұрғындарына берілетін жеңілдіктерге жезділіктерді де іліндіру 1996 жылы атқарған жұмысымның нәтижелі бөлігінің бірі ғана болатын.
– Қазір қызу талқыланып жатқан мәселенің бірегейі облыс аумағына байланысты. Ол турасында не айтар едіңіз?
– Бұл мәселені дау-дамайға айналдыру манағы айтқан мемлекеттік масштабта ойлана алмаған жандардың әрекеті ғана деп білемін. Сонау 1997 жылдан бері облыс орталықтары қайта ашылса деп сұрап келе жатты бірнеше өңірдің тұрғында ры. Ақыры күдерлерін үзерменге келгенде мемлекет басшысы халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құру ұстанымына адалдық танытып тағдыршешті шешім қабылдады. Мыңдаған жандар жүректері жарыла қуануда. Енді келіп жекелеген белсенділер ана аудан анда барсын, мына қала мұнда қалсын дей берсе не болады? Жолдауда Президентіміз «Бұрынғы облыс аумағында құрылсын» деп анық айтты. Осы сөзге тоқтауы- мыз керек. Қазір цифрландыру тетігінің мүмкіндігі өте зор. Аса бір қажеттілік болмаса бұрынғыдай сабылып жолда жүрген ешкім жоқ. Компьтерлік сауаттылығын арттырған кез келген жан мемлекеттік қызметтің тоқсан пайызын үйінде отырып ала алады. Пандемия жағдайында өмір сүрген соңғы екі-үш жылда оған көзіміз анық жетті емес пе? Облысты былай қоя тұрып мемлекетаралық ең жоғары деңгейдегі жиындардың өзі онлайн өтіп отырған заманда бұл мәселені тілге тиек ету артық.
– Көп нәрсе бірінші басшының мәселені ше- ше алуына да байланысты ғой. Осы орайда облыс басшылығына келетін адамның бойында қандай қабілет болу керек деп ойлайсыз?
– Жалпы басшы болатын адамның сегіз қырлы, бір сырлы болуын армандайтын халықпыз. Ұлытау облысының аумағында «Қазақмыс корпорациясы» сияқты алпауыт кәсіпорын бар. Сол себепті облыс басшысы өндіріс пен экономикадан хабары мол, тәжірибелі болса жөн. Бұрын да облыстық деңгейде, республикалық масштабта қызмет атқарған болса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл мәселеде де айтарым облыс басшысын ұсыну Президенттің құзіретіне жатады. Сондықтан да мемлекет басшысы таңдаған кандидатураны қолдап, келген басшыға қосшы бола білсек одан баршамыз да ұтар едік. Ұлытау облысын ашып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі. Ендеше Президентіміз облыстың тағдырын лайықты тұлғаға сеніп тапсырады деп ойлаймын. Жұртшылықтың да осы ойға табан тірейтініне күмәнім жоқ. Кім келсе де ағалық көңіліммен тілектес бо- латыным анық.
Сұхбаттасқан Әнуар ОМАР