Ұлытау облысы құрылады деп өңір жұртшылығының қуанышында шек жоқ. Баяғы қырық тоғыз жыл бұрынғы жағдайды еске алып жатқандар да бар. Рас Жезқазған облысы құрылғанда өңіріміздің дамуына оң серпіліс әкелді. Облыс ашылған кезде біраз ғимараттар салынып, қаламыз көркейіп, әдеміленіп сала берді. Автокөлік жолдары жөнделіп, әуежай салынды, жоғарғы оқу орындары ашылды. Облыс орталығы болу және одан айырылу әрине, екі бөлек дүние. Бірақ негізі біздің екі қаламыздың өсіп-өркендеуіне, жалпы өңіріміздің дамуына септігін тигізген Жезқазғанның мысы. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылған кезде Жезқазған мен Сәтбаевты күрт дамытқан екі ірі кәсіпорын болды. Бірі мыс алыбы Жезқазған кен-металлургия комбинаты мен «Қазмысқұрылыс» тресі. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының барлық шахталары мен өндіріс мекемелерін, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді комбинаттың тапсырысымен құрылыс тресі салды. Екі кәсіпорын екі бөлек министрлікке бағынса да барлық жұмыстар осы Жезқазғанның мысының ақшасына салынды. Шамамен ойлап қарайықшы. Мысалы Сәтбаев қаласы (Никольский поселкесі) 1965 жылдан бастап, бас-аяғы бес жылда салынып, қала болды. Жезқазған қаласы да осы жылдары күрт өсті. Бірнеше шағын аудандарда жүздеген тұрғын үйлер, ондаған мектептер мен балабақшалар салынды. Облыс ашылар жылдың қарсаңында екі жылдың ішінде Қарсақбайдан келетін мыс зауытының жұмыскерлеріне бүгінгі алтыншы шағын аудан салынды. Отыздан астам бес қабатты үйлермен қатар екі мектеп, екі балабақша салынды. Осы жылдары екі қаланы ет, сүт, көкөніспен қамтамасыз ету үшін «Кеңгір» подхозы мен «Талап» совхозы ашылды. Бұл ауылдарда құс фабрикасы, бес мың сиырға арналған механикаландырылған екі қора, «Талап» совхозының маңайындағы жерлерге Жезді су қоймасынан арнайы жасалған көкөніс бақшасын суаратын каналдар салынды. Екі қаладағы барлық өндірістерде жұмысшыларға арналған дәмханалар болды, оған арнайы тамақтар дайындайтын тамақтандыру комбинаты да бар болатын. Жезқазған қаласында сүт пен ет комбинаты салынып, осы өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына да үлкен үлес қосқан осы біздің Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты еді. Егемендік келген аласапыран уақытта 1995 жылы Жезқазғанның комбинаты неше түрлі айламен жекешелендірілді. Сол кезден бері екі қалада «Қазақмыстың» ақшасына не бір тұрғын үй, не болмаса басқа да әлеуметтік нысандар салынған жоқ, 1992 – 1994 ж.ж. салынған медициналық орталығынан басқа. Қазақстанда бюджеттің жартысы мұнай өндіру саласынан түсетіні жазылып жүрді. Ал, осы өндірілетін мұнай өнімінің тек үштен бірі ғана біздің меншігіміз болса, қазба байлықтардың қыруар пайдасының жартысы Президент айтқан 162 адамның үлесінде, тиісті салығын ғана төлейді. Ал бар қазба байлықтан түсетін қыруар қаржы екі-үш адамның ғана иелігінде. Кезінде отыз жылда (1965 – 1995 ж.ж.) Жезқазған өңірінің көркейіп дамуына жұмсаған ақша, кейінгі отыз жылда солардың меншігінде және ол жылдармен салыстырғанда мыс өндіру екі есеге артқан көрінеді. Бұл «Қазақмыс» корпорациясы қазір жекеменшік мекеме, сондықтан мемлекетке тек тиісті салығын ғана төлейді. Солай бола тұра Рудник кентінің астындағы қазба байлықтарын алмақ болып, сол жердегі халықты Сәтбаев қаласына көшіру үшін бюджеттің есебінен көптеген үйлер салғызды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасын- дағы кезінде жекешелендірілген активтерді тексеру жүмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде мұнай, темір жол саласындағы біраз былықтардың беті ашылып жатыр. Менің ойымша кезіндегі Жезқазған кен-металлургиялық комбинатының қалай жекешелендірілгені жайлы толық мәліметтерді халық білуі тиіс. Қаншалықты заңды түрде «Қазақмыс» корпорациясы осындай байлыққа ие болды?! Соншалықты байлығы бар жекеменшік мекемеге неге үкіметтің есебінен үй салынып, олардың мүддесі үшін бірнеше кенттің халқы көшірілді? Егер де жеріміздің қазба байлығы халықтың меншігіне қайтарылса, еліміз тез арада гүлденер еді. Сол себепті «Қазақмыс» корпорациясының қаншалықты заңды жекешеленгені барынша терең тексерілуі керек деп ойлаймын. Халықпен пікірлескенде баршасының да айтары осы.
Кейінгі жылдары бұл кәсіпорын экономикалық дағдарысты сылтау етіп аймақ халқына, тіпті кеншілердің отбасы мүшелеріне де мүлде көмек- теспейтін болды. Ширек ғасырға жуық иеленіп келген әлеуметтік, коммуналдық нысандарын да тозығы жеткен күйінде мемлекетке лақтыра салды. Қалай болғанда да «Қазақмыстың» пиғылы бұзылды. Енді оны кім жөндемек?
Мұрат ҚАЗАМБАЕВ,
Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы