«Ғажайып сезім – махаббат деген! Қара тасты қақ жарып шығып, өзіне жол салған қарағайдай, махаббат жаныңның белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет, көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Бұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!… Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар. Сөз, ақыл – ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ… Алайда, ақыл – ой, жүрек, сезім – бәрі біртұтас». Жазушы Ілияс Есенберлин адамзатқа тән ең асыл һәм биік сезімді осылайша суреттейді. Иә, расында да махаббат, ғашықтық сезімі екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін аса құдіретті күш екені ақиқат. 15 сәуір – Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні. Елімізде ғашықтардың төл мерекесі саналатын бұл күнді айрықша тосатын жұптардың бірі – Руслан ТӨЛЕН мен Гүлім ҚАРАТАҒАНОВА. Жезқазғандықтардың көбі Руслан мен Гүлімнің жұбын біраздан бері жақсы таниды. Көпке үлгі болып жүрген қос ғашықтың таныстығы да ерекше.
Руслан – қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Ұлтын, ана тілін айрықша сүйіп, қадір тұтатын Руслан Гүліммен «В контакте» әлеуметтік желісінде танысқан. Келбеті келіскен көркем арудың қараса көз тартарлық жанары жігіт баласын еліткенімен, Гүлімнің қазақшаға шорқақтығы, көбіне орысша сөйлейтіндігі Русланға ұнамаған. Мұны Гүлім де байқаса керек-ті. «Сізге тек орысша сөйлейтіндер ұнамайды-ау» деген сөзіне Руслан тарапынан «Иә!» деген жауап алады. Қыз баласына да Русланның түйеден түскендей бұл жауабы аса ұнай қоймағаны сөзсіз. Дегенмен, Руслан ақыры таныстықты бастаған соң Гүлімді кездесуге шақыруға бел байлайды. Осылайша өмірде жүздесіп, бірін-бірі шын ұнатқан ғашықтар бірнеше жыл қыз-жігіт арасындағы сұлу сүйіспеншілікті жалындаған махаббатқа ұластырып, отбасын құруға шешім қабылдайды. Бірбірін шын сүйген ғашықтар жолы некемен түйіскені қандай ғанибет.
Руслан жүрегін өзі сүйген Гүліміне ұсынды. Гүлім жігіт тілегін қабыл алып, ары қарайғы ғұмырын осы жігітке арқа сүйеп жалғастырғанды жөн санады. Міне, содан бері 3 жылдан аса уақыт өтті. Бүгінде Руслан мен Гүлім бір ұл, бір қыздың ата-анасы деген ардақты атты иеленіп отыр.
Сыйластығы жарасқан қос ғашыққа біз де бірнеше сұрағымызды қойдық. Соның алғашқысы – «Алғашқы жалындаған сезім отбасылық өмірде жалғасын тапты ма?»
Руслан: Қыз-жігіт болып жүрген кездегі сезім мен отбасы құрғаннан кейінгі пайым-түсінік екеуі екі түрлі екен. Үйленгеннен кейін Гүлімге деген құрметім одан сайын арта түсті. Бұрын оған ғашығым, жүрегімнің жартысы ретінде қарайтын болсам, қазір балаларымның анасы, анама қамқор келін, сыйластығы мол, өзі де дос-жаран, ағайын-туыс арасындағы сыйлы жан ретінде көз тастаймын.
Гүлім: Мен алғаш кездескен сәттен бастап Русланға ер-азамат ретінде сенім артуға болатынын сезіндім. Меніңше, махаббат адамдар қанша қаласа, сонша жасайды. Мен жұбайымды алғашқы кездердегідей жақсы көремін. Қазір тіпті одан да қатты құрметтеп, жақсы көретін болдым.
– Сыңарыңыздың бойындағы қай қасиетті ерекше бағалайсыз?
Руслан: Гүлімнің әрдайым күліп жүретіні ұнайды. Сондай-ақ ол бірінші кезекте өзін емес, өзгелердің жағдайын ойлап тұрады. Басқаларды ренжітіп алмау үшін өз эмоциясын ұстай біледі. Қазір оның өз жақындарына қарағанда, алдымен, менің туыстарымның қамын күйттеп тұратынын байқаймын. Сосын менің анамды ерекше құрмет тұтады. Келін ретінде құрақ ұшып жүреді. Сонымен қатар, Гүлім – жанашыр жан. Мені әрдайым іздеп, хал-жағдайымды сұрап отырады. Өзіңді іздеп, жалғанда жаны ашитын адал жарың барын білу – ең үлкен бақыт.
Гүлім: Маған күйеуімнің сабырлылығы қатты ұнайды. Құдай оған байсалдылықты үйіп-төгіп берген ғой. Мен шыдамды, төзімді болып, қай нәрсеге болмасын ақылмен қарап, шешім қабылдауды Русланнан үйреніп келемін. Оған қоса Руслан – айналасындағылармен тез тіл табысқыш, мінезі қарапайым адам. Сондай-ақ оның маған ізденімпаздығы, білімділігі, үйренуге құштарлығы, көшбасшылық қасиеттері ұнайды. Мен өз балаларымның әкесіне ұқсағанын қалар едім.
– Қазір көп жастар ата-анадан бөлек жеке тұруды қалайды. Сіздерде бұндай мәселе туындамады ма?
Руслан: Мен үйдегі жалғыз баламын. Оны Гүлім де басынан білді. Сол себепті бұл мәселе артық талқылауға келмейтін еді. Анам – менің әкемнен кейінгі үлгі тұтар адамым. Жалпы анам мен Гүлім ене мен келін ретіндегі сыйластықтың жарқын үлгісін көрсете білді.
Гүлім: Әрине, кез келген қыз баласы үшін отбасылық өмірде ата-енемен тіл табысу біршама қиындық тудырары сөзсіз. Қалай дегенмен бөтен үйге сіңісу оңай емес. Алғашында көп жайтты түсінбедім. Іштей қапаланған сәттер де болды. Әйтсе де, енем мен Русланның көмегінің арқасында көңілдегі түйткіл уақыт ағынымен өздігінен шешілді. Мен Русланның анасын өз анамдай жақсы көремін. Ол кісінің орнықты мінезінен, өмірлік тәжірибелерінен үйренерім мол. Балаларымның әжесінің денсаулығы мықты, ғұмыры ұзақ болып, ортамызда әулетіміздің иесі мен киесіне айналып отыра бергенін әрбір тілегіме қосып отырамын. Жас қыздар мен келіндерге жұбайыңның анасын өз анаңнын орнына қойып, құрмет тұтуға шақырамын. Өмір өтеді. Өзім де ұл тәрбиелеп отырмын. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», – деген қазақ мақалынан артық кеңес жоқ іспетті.
– Бала тәрбиесінде айтар кеңестеріңіз қандай?
Руслан: Балаларымның болашағы үшін барлық қажеттіні жасағым келеді. Олардың еш нәрседен таршылық көрмей өскенін қалаймын. Өзім ұстаз болғандықтан да, олардың сапалы білім алып, білімді, тәрбиелі ұл-қыз болып өскендерін, елінің тұтқасына айналғанын көргім келеді. Еліміздің дамыған елдер ішінде көш бастағанын, соған менің балаларым да үлес қосуын тілеймін. Болашақта балаларым қандай мамандықты таңдап, қай арнаға бет бұрса да қарсылық танытпайтыным анық. Әрине, бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Қыз бала тәрбиесіне қаттырақ көңіл бөлгенді дұрыс санаймын. Қызымды өз қасымда, өзім тұратын қалада оқытқым келеді. Алысқа жібергім келмейді. Ал ұлымның сырт қалаларға барып, білім алуына қарсы емеспін. Бәрін уақыт көрсетеді. Бастысы – көзімнің ағы мен қарасы аман-есен болсын!
Гүлім: Балаларым – бақытым. Мен бақытты анамын. Бала тәрбиесінде әкесі екеуміз ақылдаса шешім қабылдаймыз. Олардың болашағына қатысты армандарымыз өте көп.
– 15 сәуір – Ғашықтар күні. Бұл мерекені қалай тосасыздар?
Руслан: Батыстың былығына сүңгімей, өзіміздің төл ғашықтар күнін атап өткенде тұрған еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Мына әлемде махаббат болмаса, өміріміз мәнсіз, ғұмырымыз сүреңсіз кейіпке енер еді. Атаулы күнде сыңарыңызбен бірге уақыт өткізген пайдалы болары сөзсіз. Жігіттер қауымына ғашық жандарыңызды қуантып, шағын сыйлық жасауға немесе қиялыңызға ерік беріп, түрлі тосынсый ұйымдастыруға кеңес берер едім. Бастысы – оған көңіл бөліп, жақсы көретініңізді сездіріңіз.
Гүлім: Бұл күнді барлық қыз баласы ерекше күтетіні рас. Бізге ғашық адамың тарапынан айтылған жылы сөздің өзі ғажайып көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз. Мен де дәмді тамағымды жасап, отағасының бабын табуға тырысамын. Мен оны шын жақсы көремін, ол да мені жүрегіне балайтынын жақсы білемін. Баршаңызға біздің жолымызды берсін деймін! Бес күндік жалғанда сүйген адамыңызбен сырлы да сыйлы ғұмыр кешуді тілеймін!
Дайындаған Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН