«Жаныңнан күдер үзе соғыспасаң. Жауыңды қирата алмайсың», – дейді халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы. Соғыс жылдары Кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылыпты. Оның 601 мыңы туған жерге оралмаған. Қазақстандық әскерлер майдан даласында ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің иегері атанды. Қазақстандық ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский «Кеңес Одағының батыры» ең жоғары құрметті атақты екі рет иеленді. Бүгінде елімізде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагердің 380-інің ғана көзі тірі.
1941-1945 жылдардың ел басына күн туған қаһарлы да қанды күндерінде ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен кезеңін өз көзімен көрген жезқазғандық соңғы соғыс ардагері Иван Кузьмич Артеменко еді. Ол 1926 жылғы 20 мамырда Алматы облысы Сарқанд ауданы Покатиловка селосында дүниеге келген. Майдан шебінге аттанғанға дейін Талдықорған облысы Антоновка селосында жұмыс істеген. Иван Артеменко соғысқа 1943 жылы аттаныпты. Ленинград майданында және Прибалтикада шекара әскері құрамында аға сержант шенінде бөлімше командирі болып соғысқа қатысқан. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағының Маршалы Г. К. Жуков медалімен және мерекелік медальдармен марапатталған. Соғыс ардагері 1953 жылы елге оралған. Жезқазған қаласында 1975 жылдан бері тұрған. Жезқазған байыту фабрикасында жұмыс істеген.
Мереке қарсаңында соғыс ардагерін «AMANAT» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының атқарушы хатшысы Бауыржан Шыңғысов пен «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік және еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев құттықтап барды.
Биыл республика бойынша барлық соғыс ардагерлеріне 1 млн теңге көлемінде бір реттік төлем аударылған болатын. «Қазақмыс» корпорациясы да соғыс ардагеріне осындай сомада көмек көрсетті.
– Қадірлі Иван Кузьмич, сіз біздің мақтанышымызсыз. Сіз секілді майдангерлердің көзсіз ерлігі болмағанда, бейбіт заманнан хабарсыз күйдің қамытын бастан кешер ек. Даңқты жолыңыз ұрпақтарыңызға мәңгі үлгі. Кейінгі балалар сіздің ерлікке толы жолыңызды үлгі етеді. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғандарыңыз үшін Сізге бас иеміз! – деді Бауыржан Шыңғысов.
Музыкалық колледж студенттерінің домбыра, баян аспаптарының сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы әндерден орындаған попурриін тыңдаған Иван Артеменконың көзі еріксіз жасқа шыланды.
9 мамыр – Ұлы Жеңістің 77- ші көктемінде 96 жасқа қараған шағында Жезқазғандағы соңғы соғыс ардагері Иван Артеменко дүниеден озды. Бақұл болыңыз, мың алғыс сізге, майдангер!
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН