Жайық БЕКТҰРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 110 ЖЫЛ
Жайық Бектұровтың есімі Қарағанды өңіріне ғана емес, күллі қазақ еліне кеңінен танымал десек болады. Әсіресе, әдебиет пен тарих жанашырлары оны жақсы біледі. Өйткені, кешегі аумалы-төкпелі заманда қазақ зиялыларының ішінен шыққан ойы тұнық, арманы асқақ Жайықтың ұлтшылдық көзқарасы кеңестік заманның сойылын соғушыларға жақпай, жалындаған жастық шағы азап пен айдауда өтті...
Журналист, жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Жайық Кәгенұлы Бектұров 1912 жылы 10 маусымда Ақмола уезінің Моншақты болысында (қазіргі Астана облысы, Алексеев ауданы, Үрпі ауылы) туған. 1928 жылы ҚАССР-нің Халық ағарту комиссариатының мұғалімдер курсын бітірген соң, Атбасар қаласында мұғалім болған. Ол 1934 жылы Қазақ коммунистік университетін, ал 1955 жылы Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.
Кешегі сапты аяқтың сабына қарауыл қойып көже ішкен 1932-1937 жылдары ол комсомол қызметінде жүріп талай сұмдықтың куәсі болды. Оның өз ұлтына, ұлтының асыл перзенттеріне деген ерекше көзқарасы сол кездері тіптен артып, араша болар пәрмені болмай, қатты күйзелді. Ұлттық мүддені өзгеден жоғары қою оның қанына, жанына сол кездерден берік орнықты.
1937-1939 жылдары республикалық «Лениншіл жас» жастар газеті редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары міндеттерін атқарған ол кейін (1939-1940 жылдары) Жамбыл облыстық газетінің жауапты редакторы, ал соғыс басталғанда дивизиялық газетінің редакторы болған.
Алайда, ұлтына деген жанашырлығы қызыл империяның идеологиясына қарама-қайшы келген Жайық Бектұров 1942 жылы мамыр айында қамауға алынып, КСРО НКВД-сінің айрықша кеңесінің шешімімен РФСР Қылмысты істер кодексінің 58-бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға жер аударылды. Жабылған жала тек қана 1955 жылы ҚазССР Жоғарғы сотының Президиумының шешімімен күшін жойып, ал, 1989 жылы түбегейлі ақталды.
Жайық Кәгенұлы елуінші жылдары педагогикалық қызметте болды. 1958 жылдан бастап 1989 жылғы қыркүйекке дейін ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Қарағанды облысаралық бөлімінің жауапты хатшысы болды.
КСРО Жазушылар одағының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Бүкілодақтық географиялық қоғамының мүшесі, партия мен еңбек ардагері Ж. К. Бектұровтың қоғамдық және әдеби өмірдегі еңбегі оған атақабырой әкеліп, жұртшылықтың құрметіне бөледі. Публицист Ж. К. Бектұров өзінің ауқымды да бейнелі сөздерімен Орталық Қазақстанның көптеген фактілері мен тарихи оқиғаларын көпшіліктің жадында қалдырды. Ол республиканың әдеби ортасында кеншілер өлкесінің қалыптасуы мен дамуының, оның орталығы – Қарағандының шежіресін жазушы ретінде белгілі.
Ж. К. Бектұров өзінің шығармашылық және ұйымдастырушылық таланты арқылы облыс пен республиканың мәдени өміріне үлкен үлес қосты. Ол Қарағанды және Қарағанды облысының энциклопедиясын жасаушылардың бірі болды.
Оның көп жылғы әрі тынымсыз еңбегі көптеген үкімет наградаларымен марапатталған. 1977 жылы «Жол жоралғысы» деген кітабы шықты. Бұл жинаққа қаламгердің Ы. Алтынсарин, Ш. Уалиханов, Г. Потанин, қобызшы-жыршы Н. Атабеков жайлы тарихи-көркем очерктері енгізілген. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қажымай жинап, бастырудағы еңбегі өз алдына бір сала. Ж. Бектұров Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Саттар Ерубаев, Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков, Ғабиден Мұстафин, Зейін Ақышев және өзге де қазақ ақын-жазушылары жайында көптеген сын мақалалар жазған. Жазушы басқа ұлттар әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытуда көп жұмыс тындырды. Ж. Бектұровтың өрнекті тілімен қазақшаланған Г. Серебрякова, Петефи, Дефо, Гашек, Л. Пантелеевтің шығармаларын оқырмандар жылы қабылдаған. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде жазушы Азия, Африка елдері қаламгерлерінің бірнеше әңгімелерін аударып бастырған. Кейінгі жылдары, яғни 1991 жылы «Өткел» өлеңдер жинағы, ал, 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан «Таңба» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талай тағдырлар жайында баян ететін туынды. Мұның жарық көруінің арасы 40 жылдай уақытқа созылған екен…
Сол қырғынның өзі де куәсі болған, кезінде жазықсыз жала кесірінен жапа шегіп, жалынды жастық жылдарын айдауда, азап лагерьлерінде өткізген ардагер жазушының аталмыш романы авторы іспеттес қилы қияметтерді бастан кешіріп барып, кейінде ғана оқырмандарға жол тапқан. Жалпы бұл шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнелеген тұңғыш еңбек. Сол жылы медицина ғылымының докторы, профессор М. Әлиақпаровтың «Жайық мінген қайық» кітабы Қарағанды қаласының «Қазақстан» баспасынан шыққан. М. Әлиақпаровтың бұл кітабы Ж. Бектұровтың тар жол, тайғақ кешулерге толы өмір өткелдеріне арналған. Автор мен кітап кейіпкері арасындағы сырлы сұхбатта зұлмат жылдардың зобалаңы, қазақ халқының басына қолданжасалған нәубет зардабы бүкпесіз баяндалады. Сонымен қатар кітапқа жасы сол кезде сексен беске келсе де қаламы қолынан түспеген Ж. Бектұровтың сталиндік зұлматты ашық әшекерелейтін бірқатар поэмалары мен өлеңдері енгізілген.
1998 жылы 26 наурызда сексен алты жасқа қараған шағында журналист, жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Ж. К. Бектұров өмірден өтті.
Аманкелді АҚШАЛ