Сарыарқаның кіндігі Жаңаарқа өңірі өнердің туын тіккен киелі орда. Тым әріге бармай-ақ ән-күй өнерінің шарықтаған, самғаған, өркендеген кезеңін еске алсақ, көз алдымызға Сайдалы Сары Тоқа бабамыздың дәуірі келеді. Сайдалы-Тұңғатар рулары «қойлары қоралас, қозылары аралас» қатар жүрген Ақтау, Ортау, Қызылтаулардан бастау алған көш керуені Иманақ, Ескенеге аялдап «Жайылмаға» қоңсы қонып жайлап жатқан шуақты күндер жылымығы әлі де үзілмей өнер әлемінде Тоқадан тараған өнер керуені «Сұңқар Сәкен», «Майда Қасым», одан өрбіген Пазыл Тұтқабековтер, Мейрам Ұлмағанбетовтар бастаған сара жол сабақтастығы үзілмей біздің дәуірге де жетті. Үзілмей келе жатқан осы бір дәстүрлі өнердегі сабақтастықты бүгінгі күнде жалғастырып отырған Ғалым Мұхамедин Жаңаарқа ауданына қарасты «Ескене» ауылының тумасы. Жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласының және Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы. Алматыдағы республикалық эстрада өнері студиясын қазақ әнінің «Сұржекейі» атанған Жүсіпбек Елебековтың сыныбын дүлдүл әнші Қайрат Байбосыновпен үзенгілес болып аяқтап, халық композиторлары Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Иманжүсіп, Жарылғапберді, Мұхит, Шашубай, Тайжан, Нартай, Болман, Кенен, Құлтума т.б.осы күндері авторы белгілі де белгісіз әндерді зерттеуші әрі сол әндердің өміршең болуын наихаттап жүрген өнерде үлесі бар әнші. Үлесі бар деуіміздің себебі Ғалекең тек әнші ғана емес, халық әндерін тірнектеп жинап жүрген зерттеуші әрі шәкірт дайындап жүрген ұлағатты ұстаз. Мәселен, әншінің репертуарындағы Сәкеннің «Бабаларыма», «Әупілдек», «Көкшетау», «Естайдың соңғы әні», «Ертөлеудің әні», «Қос апаның әні», «Ақ шашақ», «Алтын кесе», «Бері келші-ай», «Бір торы ат, бір қара ат», «Жалғыз жусан», «Көк айдай», «Құла жекей», «Мәшине-шама», «Сұңқарым-ай», «Угәй-ай» т.б. да бұл күндері ұмыт болып, архаизмге айналған әндердің киелі сахна төріне қайта оралуы осы ізденістердің жемісі.
Халық әндерін ел арасынан тірнектей жинап «тірілтіп», «күпі киген қазақтың өз өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарып» жүрген Ғалекең әсіресе, Тайжан Қалмағанбетұлының шығармаларын зерттеп іздеп тауып, жарыққа шығарып (2013 ж.Тайжанның «Алтын кесе» әндер жинағы мен «Алтын кесе» үн таспасын шығарған), өмірге қайта әкелуінің өзі әншінің тек қана орындаушы ғана емес, қазақ өнерінің жоқтаушысы екендігін де байқатады. Әу баста Ғалымға жол нұсқап ұстаз болған туған ағасы Қарақойшы (Сембі) Мұхамединнің даусының бір ерекшелігі сырбаз әнші Мәдениет Ешекеевті көз алдыңызға әкелсе ал, Ғалым туралы өмірдегі де, һәм өнердегі досы Қайрат Байбосынов «Ғалымның әншілігі бойына туған жердің табиғаты мен нәрі сіңген, кешегі Игілік ағамыздың салған ізімен ешкімге еліктеп солықтамайтын өзгеге ұқсамайтын өзіндік өрнегі бар, қуатты баритон дауыс» деп баға берген екен. Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде «ән түгілі бас қайғы» болып жатқан тұста қазақтың дәстүрлі өнерінің жоғалып кетпеуін ойлаған ізденімпаз әнші Жезқазған музыкалық колледжінде «Домбырамен ән салу» мамандығы бойынша ұстаздық қызметін бастаған еді. Қазақ даласында «төбелер көп, бірақ асқар таулар» аз демекші қазіргі күндері небір әнші көп, бірақ таза табиғи дауыспен ән салып, әншілігін ұстаздық қызметімен жалғастырып жүрген әншілер некен саяқ. Қанша уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын мәселе — ол жас ұрпақ тәрбиесі. Дүниедегі ең сауапты іс ұстаз болып елге дәріс беру екен. Халқымызда «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» немесе «ұстазсыз — шәкірт тұл» деген қанатты сөз бар.Өйткені ұстаздың басты байлығы- артында қалған өнертанудағы ізденіс, зертеулерімен ғана емес, тәлімге бай шәкіріттерімен де өлшенеді.Ұстаз болу қастерлі мамандық, бастаған ісіңнің, өміршең өнер жолыңның жарты жолда үзіліп қалмай, келешек ұрпаққа жеткізер шәкірттеріңнің болғандығының өзі де бір бақыт қой. Осы тұрғыдан алғанда Ғалекең арманы орындалған, бақытты ұстаз. Отыз жылға жуық ұстаздық қызметінде Ғалекеңнің дәстүрлі ән сыныбын аяқтап шыққан жетпіске жуық шәкірттері халықаралық және республикалық өнер байқауларының лауреаттары болуымен қатар, дербес еліміздің әр аймағында өнер саласында еңбек етуі де ұстаз еңбегінің бір жемісі, ұстаз мерейі емес пе?!
Әншілік ғұмырын жетпісінші жылдары Жезқазған қаласында «Жезкиік» ансамбілі құрамында Жақсыкелді Сейілов, Болат Есмұханов, Мара Есмұхановалармен қатар топқа енді ғана қосылған жас таланттар Ғалым Мұхамедин және Ғалекеңнің болшақ жары, концерт жүргізушісі, көркемсөз шебері «Ақтоғайдың аруы» Әлия Айтжанова, Береке Көшенов, Ахат Байбосынов пен Роза Байбосынова т.б. болып өнер жолын бастаған еді. Осы ансамбль құрамында бола жүріп Жақсыкелді Сейіловпен, өмірлік қосағы Әлиямен бірге «Ән көңілдің ажары» тобын құрып, Жезқазған облысының шет, шалғай ауылдарындағы өнерге сусап отырған ауылдастарының рухын көтеріп, аралай жүріп концерт қойғандары, Арқаның аптап ыстығы мен қарлы боран, қақаған аязына қарамай жол жүру азабына шыдау бұл айтуға ғана онай. Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Балтық елдері, Мәскеу, Ленинград қалалары мен Германия, Грузия елдерінде болып, өнерсүйер қауымның құрметіне бөлене отырып, қазақтың халық әндерін барынша насихаттады.Өнер әлемінде қажымай, талмай үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Ғалекең де үстіміздегі жылы қазына жас жетпіске жетіп отыр.Өнерге бүкіл саналы ғұмырын арнаған жерлес, замандас досымызға ән ғұмырын ұзағынан болсын дегіміз келеді. «Бақыт деген досыңның — қабағында, жарыңның — жанарында» дегендей жарты ғасырға жуық жұптасып ғұмыр кешкен өнер иелеріне айтар тілегіміз «Көңілдерің қартаймасын, шаңырақтан құт береке еш уақытта ортаймасын! Өмірлерің мәнді, шаңырақтарың сәнді болып, дастархандарыңнан дәм-тұз үзілмей барыңыз берекеге, берекеңіз мерекеге ұлассың!», — дегіміз келеді.
Суретте бір топ жаңаарқалықтар: Ғалым Мұхамедин, Қорабай Есенов, Дәурен Ескекбаев, Қайрат Байбосынов, Серік Оспанов, Зәуре Жәркешова, Айтбек Нығызбаев Астанада концерттен кейін.
Дәурен Ескекбаев,
Тарихшы, этнограф.