БАҚЫТТЫ БОЛСЫН БАР БАЛА!

Бала мен бақыт – қашанда егіз ұғымдар. Қазақ халқының түсінігінде ханның өзі баланың бетін қайтармайтын, қолын қақпайтын болған. Жүрегі тым нәзік, жаны жұмсақ, періште пейілді балақандармен өмір мәнді де сәнді, мағыналы, шаңырақ шырайлы һәм берекелі. «Баланы бес жасқа дейін хан көтер, он жасқа дейін құлша жұмса, одан соң досыңдай сырлас» деген бабалар тәрбиесін бүгінде психологтар да қолдайды. Жантану саласының мамандары балалық шақ кезеңін туғаннан 5 жасқа дейінгі кезең, 5-10 жас аралығы және 15 жастан кейінгі уақыт деп үш кезеңге бөледі. Белсенділік, танымдық және өмірге қызығушылық секілді қасиеттер пайда болатын алғашқы кезеңде баламен бала болып, оның түсінігінде қарым-қатынас жасау қажет екен. Ақыл-парасаты мен логикасы жетілетін екінші кезеңде баланы еркелетуді азайтқан жөн. Керісінше, оның оқуға, жасырын қабілеттерін ашуға деген ынтасын ояту маңызды. Үшінші кезеңде баланы сол кезден бастап тәрбиелеймін деу – бос әурешілік. Бұл кезеңде баланың пікіріне құлақ асып, ақылмен шешім қабылдауға үйрету, бағыт-бағдар беру қажет.

1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында 1 маусым – балалар күні ретінде бекітілді. Сөйтіп алғашқы балалар күні араға бір жыл салып, алғаш рет 1950 жылы өтті. Бүгінде БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырып отыр.

Соңғы 2 жыл көлемінде пандемия салдарынан тоқтап қалған балалар шеруі биыл қайта жалғасты. Алғашқы құрылысшылар алаңынан бастап «Ғарышкерлер» бақжолының ішін көңілді думанға толтырған мерекелік іс-шаралар жезқазғандық балақандарға мол қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Балалар күніндегі концертте оқу озаттарының, ғылыми-жобалар мен олимпиадалар жеңімпаздарының және шығармашыл балалар мен спортшылардың сабы бой түзеді. Биылғы оқу жылында 1439 оқу озаты бар. 21 мектеп бітіруші түлек – «Алтын белгіге» үміткер. 1296 оқушы ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жүлдегері атанған. Өнер жолында озық шыққандар саны – 963. Сондай-ақ келешекте байрағымызды көкке көтерер 915 жас спортшы өсіп келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Жаңа жылдық құттықтауында: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін», – деген еді. Ия, біздің болашағымыз – балалар екенін ешқашан естен шығармауымыз қажет. Еліміз тыныш, халқымыз аман болса, балалар да бақытты. Мен бүгінгі саптық шеруге қатысушы озат оқушыларды көріп, қуанып тұрмын. Сендер үлкен азамат болып, ата-аналарыңның, ұстаздарыңның және туған елдеріңнің сенімін ақтауларың қажет. Осындай алғыр, ақылды қалыптарыңнан танбаңдар, – деген қала әкімі балаларды мерекемен құттықтады.

Атаулы күнде мерекелік концертпен қатар, спорттық сайыстар, қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. Балалар бақшасының белсенді бүлдіршіндеріне ойыншықтар сыйға берілді, балмұздақтар таратылды.

Оқу озаттарының саптық шеруіне қатысушы оқушылардың бірі – Инабат Жасұланқызы №3ЖББМ-нде 7-сыныпты тек бестік бағамен аяқтаған ол, барша достарын мерекемен құттықтады.

– Бүгінгі мереке өте керемет өтіп жатыр. Мен бүгін оқу озаты деген лентамды иығыма іліп, зор қуанышпен саптық шеруге қатыстым. Мен ән айтып, би билегенді жақсы көремін. Кез келген іс-шараға белсене қатысамын. Болашақта мектепті үздік аяқтап, білікті маман болғым келеді, – дейді Инабат. Талапты баланың болашағына біз де сәттілік тіледік.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

15:04
1393

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020