Айта-айта жауыр болған Жезқазған-Қызылорда күре жолы 2022 жылдан бастап салынады деген сүйінші хабарға ел болып қуанған едік. 420 шақырымды құрайтын жолдың 208 км-і Ұлытау облысына тиесілі. Қызылорда жақ өздеріне тиесілі жол құрылысын салуды бастап кетті. Мұндай «бақыт» Жезқазған жұртына әлі бұйырмай тұр. Себебі былтыр Қарағанды облысы тарапынан ұйымдастырылған жол салу конкурсына ешбір мердігер қатыспаған.
Аталмыш мәселе әкімдік ғимаратында қаржыландыруға жауапты Азия Даму банкі және жобаны дайындаушы «Қазавтожол» компаниясы Қарағанды облыстық филиалының мамандарымен бірге талқыланды. Былтыр Қарағанды облысына тиесілі 208 шақырымға жол салу үшін 90 млрд теңгеге конкурс жарияланған. Өкінішке орай, бұл сомаға жұмыс жүргізуге бірде-бір мердігер келіспеген.
Жиынның басым бөлігі қала әкімі Қайрат Әбсаттаров пен Азия Даму банкінің транспорттық маманы Йохан Джордженің арасындағы диалог түрінде өрбіді. Қала басшысын толғандырған алғашқы жайт жол сапасы болды. Бетонды-асфальт түрінде салынатын тас жол 3 қабаттан тұрады. Бетон қабаты Шайтантастан әкелінетін болады. Шебеньге де тапшылық болмайды. 4 учаскеден тұратын жол бойында 3 көпір мен 5 демалу алаңы орналасады деп жоспарлануда. Бірақ… Бірақ бұл әзірге жоспар қалпында ғана қалып отыр.
Бір жыл ішінде жол салуға қажетті құрылыс материалдары да біршама қымбаттағаны белгілі. Әзірге «Қазақавтожол» жаңа жоба әзірлеп оны Азия Даму банкіне ұсынғанын күтеміз. Соған сай банк тиісті сомада қаржы бөлу мәселесін көтеретін болады. Жоба мақұлданғанның өзінде жол құрылысы келесі жылдың көктемінде басталуы мүмкін. Әзірге бюджеттің бекітілуін күтуден басқа амал жоқ.
үтуден басқа амал жоқ. – Біз жаңа жоба әзірлейтін боламыз. Жезқазған-Қызылорда жолы 16 жылға дейін жарамды болады деп күтілуде. Кепілдік уақыты – 2 жыл. Әр 5-6 жыл сайын күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп тұрады. Әкім мырзаның ұсынысына сәйкес жол сапасы, қаржының тиімді игерілуі халыққа қолжетімді болады. Біз банкпен бірге халыққа уақытылы есеп беріп отырамыз, – дейді «Қазақавтожол» компаниясы Қарағанды облыстық филиалы басшысының орынбасары Бағдат Садықов.
Айтпақшы аталған жол ақылы болады. Әйтсе де, байланыс жүйесін орнату қарастырылмаған. Жиынға қатысушы тұрғындар 16 жылдық мерзімнің тым аз екенін, ақылы болғанына қарсылық танытпаса да, ұялы байланыс, ғаламтордың қолжетімсіздігіне көңілі толмайтындықтарын білдірді. Бұл бойынша Бағдат Садықов жаңа жобаға аталған ұсыныстарды енгізуге тырысатындықтарын жеткізді.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН