«ДИДАРДЫҢ» ЖОБАСЫ БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

Балалар жылы аясында «Дидар» телеарнасында кішкентай көрерермендеріне арналған «Телебалапан» және «Таңғы жаттығу» бағдарламалары экранға жол тартқан еді. Наурыз айынан бастап жүздеген баланың қабілетін танып, талабын шыңдаған бағдарламада бүлдіршіндер өлең оқып, ән айтты, жүргізушілік қырларын танытты, жаңа достар тапты. Балапандарды қуанышқа кенелткен бағдарлама ұйымдастырушыларына ата-аналардың да айтар алғысы мол. Мұны 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертте біз де байқадық. Концерт «Телебалапан» бағдарламасының гимнімен басталды. Балаларға арналған әннің сөзін ақын Мұқағали Сейтқазы, әнін Асхат Жақсылық жазған.

Келесі кезекте сахна төріне «Дидар» телеарнасының директоры Еркебұлан Балмұқанов көтеріліп, наурыз айында ұйымдастырылған «Атадан ақ бата» телебайқауына қатысқан қариялардың есімдерін атады. Халқымыздың бата беру дәстүрін ұрпағына жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген жаңаарқалық Берген Қожамұратов, қарағандылық Сатыбалды Қызыров және жезқазғандық Қуанышбек Нарбаев, Қадыр Үңгітбаев, Тілеуқабыл Бейісбеков ақсақалдарға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттарын ұсынды.

Одан әрі бағдарламалар көрерменге ұсынылған үш ай уақыт ішінде түсірілім тобына қолдау танытқан «Телебалапан» бағдарламасындағы ертегіші атай, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театрының әртісі Еркеғали Бәйдешов пен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапароваға, «Шалқыма» өнер академиясының жетекшісі Мақпал Садықова мен «Аэлита» эстрада-би ұжымының жетекшісі Светлана Краусқа, «AdeleStars» балалар шығармашылық студиясының директоры Бану Қабдуалиева, хореграфы Әсел Ербосынова мен «Балдырған» балалар хорының жетекшісі Жазира Ерімбетоваға Алғыс хаттарды табыстады. Алғыс арқалағандар қатарында «Шалқыма» музыкалық студиясының жетекшісі Юлия Белохвостова мен оқытушысы Светлана Крылатова, сонымен қатар, «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі Мөлдір Барақбаева да бар.

Мерекелік концертте жезқазғандық өнерлі балалар ән айтып, биден шашу шашты. Іс-шара соңында «Телебалапан» және «Таңғы жаттығу» бағдарламаларына қатысып, талантымен дараланған балалардың барлығына кубоктар мен сыйлықтар берілді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

15:21
1375

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020