Қала көркі әсем ғимараттарымен, абаттандыру жұмыстарының жүйелілігімен өлшенетіні белгілі. Осы тұста дизайн-кодтың болуы аса маңызды. Бұрын-соңды қолданысымызда жиі болмаған бұл сөзбен көп адамдар таныс емес те шығар. Сонымен ол не нәрсе?
Дизайн-код дегеніміз – стильдік біртұтас, ыңғайлы және қауіпсіз қалалық ортаны жобалауға арналған ережелер мен ұсыныстардың жиынтығы. Дизайн-код көбіне ғимараттардың қасбетіне, маңдайшалар мен жарнамаларға, абаттандыруға қатысты болады. Оның Еуропа елдерінде пайда болғанына 30 жылдың жүзі болған. Олардың тәжірибесіне сүйенсек, ғимараттардың қасбеті барынша бірдей дизайнда болуы қажет. Бүкіл көшедегі ғимараттардың түсін 2 немесе 3 түстен әрі асырмайды. Сыртын қаптауға арналған құрылыс материалы да бірдей болады. Олардың алдына егілген жасыл-желектердің өзі бекітілген жобаға сай жүзеге асады. Мысалы, үйеңкі қасына қарағай не болмаса шырша сынды өзге ағаштар егілмейді. Көше бойына бір ғана тал түрі отырғызылады. Сосын алдыңғы кезекте маңдайша жазуларына мән беріледі. Мысалы, біздікіндей аса ашық түстегі баннерлерді мүлде кезіктіре алмайсыз. Көбіне маңдайшаға сол орталықтың аты ғана жазылады. Бірдей қаріп, бірдей дизайн мен түс таңдалады. Көп елдер жарнама мәтініне телефон нөмірін жазып қоюға рұхсат етпейді. Оның орнына сайт атын жазсаңыз болады. Қаланың сәулет жобасына сай дизайн-код сақталмайтын болса, ғимарат басшысы заң бойынша жауапқа тартылады. Есесіне қалада артық дүниеге, оғаштыққа жол жоқ, барлығы көзге тартымды қалыпта орналасады.
Елімізде дизайн-код алғаш рет 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының жобалық кодексі қалалық «Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары» басқармасымен бірге дайындалған болатын. Міне, содан бері өзге қалаларда да дизайн-код тақырыбы қозғалып жүргенімен, нақты жүйеге түспей келеді.
Қыста өткен аппарат жиынында Жезқазған қаласының «Сәулет және қала құрылысы» бөлімінің басшысы Қанат Бекжігітов Сейфуллин көшесінің бойында дизайн-код жобасы әзірленіп жатқанын айтқан еді. «Шаруа» базары мен негізгі сауда орталықтары, жайма базар орналасқан бұл көшеде кісі қарасы қалың, адам аяғы толастамайтыны белгілі. Реті сақталмаған ғимараттар, көппәтерлі үй астындағы дүкендер, дәріханалар, асханалар, оларға қалай болса солай ілінген жарнамалар көзге әдемі көрінбейтіні рас. Бұл көшедегі тазалық жайын тілге тиек етудің өзі артық. Ығы-жығы тіршілік қайнап жатқан Сейфуллин көшесінде дизайн-код пайда болатынын естіп, біршама қуанып қалып едік. Әйткенмен, күн жылынғалыбұл көше бойынан дизайн-код түгілі, қандай да бір абаттандыру, жаңару жұмыстарын байқамадық. Әр кәсіпкер жеке меншікке тиесілі ғимаратын өзінше сәндеп әлек болуда. Әлек болмақ түгілі ғимараттың ең болмаса қасбетінің кейпіне бір сәт бас қатырмайтындары қаншама?! Кәсіпкерге жұмысының жүргені ғана маңызды. Оған қоса биік талғам, дизайнерлік шеберлік, түс үйлесімділігін анықтайтын қасиет кез келген кәсіпкерде болуы шарт емес те шығар.
Неде болса, қала сәулетіне жауапты құзырлы мекемелерден қандай да бір қозғалыс байқамаған соң, қалалық «Сәулет және қала құрылысы» бөлімінің басшысы Қанат Бекжігітовтің өзімен байланысқа шығып, өткенде «әдемілеп» айтып берген дизайн-код мәселесі қалай жүріп жатқанын сұрадық. Әрине, жауап біз күткендей болды. Облыс мәртебесін алғандықтан, аталған жоба тоқтағанын, енді алдағы уақытта құрылар облыстық басқарма жоспарына сүйене жұмыс істемек ниетте екенін айтқан Қанат Қайратұлы болашақта бұл сұрағымызға көңіл қуанарлықтай жауап алуымыз мүмкін екенін жеткізді.
Иә, жаңадан құрылатын жауапты мекеме мамандары облыс орталығының сәулетіне қатысты жаңа жоспар құратыны анық. Сол кезде бұған дейін біраз қаузалған қаланың бас көшесі емес «базар көшесіне» айналған Алаш даңғылынан бастап бірегей тәртіп орнатылып, мысты шаһардың келбеті көрсе көз қызығарлықтай ерекше стильде көріктенеді деген үміттеміз.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН .