Газетіміздің өткен нөмірінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметовтың облысымызға ведомствоаралық комиссияның жұмыс тобы келгені туралы хабарын сүйіншілеген болатынбыз. Ұзын-ырғасы бес министрліктен іріктеліп, 16 адамнан құрылған комиссия келді. Не бітірді, міндеті қандай? Құрылып, келіп-кетіп жатқан көп комиссияның бірі ме, әлде нақты нәтижеге жұмыс істей ме? Олай дейтініміз, әсіресе, соңғы жылдары аймақта ауру түрлерінің көбейгені, оның ішінде онкоаурулардың белең алғаны алаңдатарлық мәселе болып отыр. Аталмыш комиссия мүшелерінің қатарында біздің аймақтан Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Жезқазған қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерболат Сатыбалдин, қоғам өкілі Светлана Оңғарбаева бар.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Сатыбалдиннің айтуынша, жұмыс тобының құрамы сынамалар жасайтын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, экологиялық реттеу және бақылау комитеттерінен, «Казгидромет»РМК, «Инфракос»РМК іріктелген. Әрқайсысы тиісті сынамаларын алды, өздерінің зертханаларын жіті зерттеу жүргізіп, маусым айының ортасына дейін нәтижелері шығуы тиіс. Егер ғылыми зерттеу нәтижелерінен зардап салдары анықталатын болса, Байқоңыр ғарыш айлағын жабуға күш салынатын болады. Ол іске аспаған жағдайда, біздің аймақты экологиялық апат аймағы деп тану, оның аясында жасалатын жеңілдіктерге қол жеткізу сынды бірқатар кешенді шараларды іске асыру көзделуде. Бұл ретте онкологиялық аурулардың өсу алгоритмі түзіледі, яғни, кешенді түрде бәрі зерделенетін болады. Ұлытау облысы құрылмай тұрып, біздің қалада 50 адамдық онкологиялық орталық жабдықтау мәселелесі де көтерілген-тін. Болашақта бұл мәселені де жетілдіру жоспарда бар. Себебі, қазір екінің бірі тексеріліп, нақты қорытындысын алу үшін Қарағандыға сабылып жүргені жасырын емес. Бұл – ведомствааралық комиссияның көздеген шараларының бірен-сараны. Нақты іске асырылатын жұмыстар сынама қорытындысына байланысты. Егер ешқандай зардабы жоқ деп қорытынды шығарылған жағдайда комиссия мүшелері тәуелсіз сарапшыларға жүгінуге мүдделі екендіктерін де жасырмады. Ведомствоаралық комиссия келесі жылдың аяғына дейін жұмыс істейтін болады. Осы уақыт аралығында комиссия жоспарлы жұмысты жүйелі әрі нәтижелі жүргізуге ниетті.
Айта кетейік, мамандардың негізгі тобы маусым айының аяғына қарай Жезқазғанға келмек. Дәрігерлер мен экологтар ғарыштық зымырандардың сатылары құлаған аумақтарды аралап, адам денсаулығына әсер ететін өндірістік нысандарды да зерттейтін болады. Соған байланысты аймақ тұрғындары да көкейіндегі сауалдарын қойып, белсенділік танытса құба-құп болары сөзсіз.
Меруерт НАУРЫЗБАЙ