ҰЛЫТАУДА ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТІ

Бейсенбі күні Ұлытауда Ұлттық Құрылтай өтті. Мұны ел жарсы ырымға балап жатыр. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жайлы келелі кеңестер айтылатын ұлы жиынның тура Ұлы Даланың-Ұлытауында, ұлт ұясы болған-Ұлытауда өтуі елге серпін берген сыңайлы. Кешегі егеулі найзасы қолынан түспеген, ерттеулі аты кермеден кетпеген бабаларымыз да дәл осы Ұлытауда кеңес құрып, ұлттық мүдде төңірегіне тоқайласып еді. Бұл жолыда солай болғай деп бет сипасты...

Жә. Эмоцияны қоя тұрып, ел елеңдеп, жақсы хабарлар күтіп отырған Ұлттық Кеңесте не айтылды? Енді соны қысқаша саралап көрейік.

Сонымен, бейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Облыс орталығы Жезқазған қаласында Президентті жаңа облыстың әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек күтіп алды.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Ұлытау облысы мен оның орталығы Жезқазған қаласының даму жоспарымен танысты.

Өңірдің жаңа тынысы ашылады

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали Президентке облыстың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласының және өңірдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы, экономиканың әртараптандырылмауы және ірі кәсіпорынға тәуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі мен әлеуметтік сала өңірдің негізгі проблемалары ретінде атап өтілді.

Өңір басшысы өз сөзінде республикалық дәрежедегі жолдардың тозуы аймақ экономикасының дамуын тежеп тұрған басты фактор екеніне тоқталып, осыған байланысты транзиттік көлік қатынастарының азайғанын, сәйкесінше бағаның қымбаттағанын, іскерлік белсенділік пен бизнестің кенжелеп қалғанын айтты.

Берік Әбдіғалиұлы экономиканы әртараптандыру ісін жеделдету үшін арнайы экономикалық аймақ құру қажет екенін де атап өтті. Ол сондай-ақ Президенттің өзі міндеттеген тапсырмасына сәйкес Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталатынын, ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталатынын жеткізді.

Өңір әкімі облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескіргенін, қазір тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанын, 2022-2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланғанын да тілге тиек етті.

Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік университет, қосымша білім беру орталығын, сапалы мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерін және филармония залын салу қажет екенін де айтты.

Облысы орталығының және тұтас өңірдің жағдайымен танысқан Президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды.

– Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін, – деді Президент.

«Қазақмыс» қомақты қаржы құймақ

Бұдан кейін «Қазақмыс компаниясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай кәсіпорынды және өңірді дамыту жөнінде баяндама жасады.

Компания Жезқазған, Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан «Қазақмыс» биыл 25,4 миллиард теңге бөлген. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп.

Мемлекет басшысы алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының жеткіліксіз болатынын айтып, бөлінетін қаржыны көбейту туралы ұсынысын жеткізді.

– Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Компания басшылығы денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінетінін баяндады. Атап айтқанда, келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу мәселесі де қарастырылған. Сонымен қатар компания жаңа стандарттарға сәйкес тұрғын үйлер құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев спорт нысанын салғанда әртүрлі спортты қамтитын көпфункциялды етіп салу қажет екенін атап өтті.

«Жошы хан» кешенінде кеңес өтті

Түстен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысты. Бұл ұлы жиын қазақ хандығыны құрылуына негіз болған Жошы ұлысының төсінде жатқан ұлы хан – Жошы хан мовзелейінің жанындағы «Жошы хан» кешенінде өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте ең алдымен жиынға арнайы шақырылған делегаттарды құттықтап, республикалық референдумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қолдаған халыққа зор алғысын жеткізді.

– Азаматтар отбасымен барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын жеткізді. Алайда, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы елді бір іске ұйыстыру мақсатымен Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін айтты.

Ұлы жиын ұлы істерге бастаған

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны бабалар салған дәстүр бойынша Ұлытауда өтіп жатқанын айтты.

– Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Құрылтай неге Ұлытаудан басталды?

Президент Құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін де жете түсіндірді.

– Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, – деді Президент.

Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 адам болады. Құрылтай барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтиды. Бұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады.

Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенем білдірді. Сөйтіп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді.

– Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Құрылтай ұстанар үш бағыт

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.

– Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің ең басты құндылығы егемендік екеніне назар аударып, қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда саяси белсенділік артқанын атап өтті. Жаңа саяси партиялар мен қозғалыстар пайда бола бастағанын, түрлі алаңдарда әртүрлі пікірлер айтылып жатқанынан хабардар екенін айтты.

– Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет.

Республика күні қайта оралды

Мемлекет басшысы Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне де өзгеріс енгізген жөн деп есептейді. Мәселен, Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Президент.

Қазақ мемлекеті барда қазақ тілі өлмейді

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәртебесіне де тоқталды.

– Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі құрылтай Түркістанда өтпек

Мемлекет басшысы сөзінің соңында осыған дейін қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.

– Біз бүгін құрылтай жұмысының негізгі бағдарын айқындадық. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз. Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз. Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өту сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Президент еліміз үшін ауқымды жұмыс тұрғанын еске салды. Оның сөзінше, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес.

– Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық. Халқымыз «Береке басы – бірлік» деген. Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиындықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жолдан таймауымыз керек. Мен халқымыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін. Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін! – жеп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

P.S. Жиында Мемлекет басшысынан бөлек Ұлттық құрылтайдың 10 мүшесі сөз сөйледі. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтайды жүргізді.

Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты.

Ізтай Белгібайұлы.

Материал Ақорда сайтының ақпараттары негізінде әзірленді.

16:27
1261

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020