ТӘУБЕСІ БАР ТІГІНШІ

Еңбек адамы

Жансая Олжабайқызы мектеп қабырғасында еден жуушы болып еңбек етеді. Онымен қоса, қатар алып жүрген кәсібі бар. Бір айлыққа ғана алақан жаймай, қосымша табыс тапқан жаны ізгі Жансая ханым үшін адал еңбектің үлкен-кішісі жоқ. Әйтпесе, тігін цехынан едәуір пайда тауып отырған кейбір адамдар әлгі жұмысына қол сілтер ме еді?..

Жансая Мұстафина– Жаңаарқа шапанын брендке айналдырған алтын қол тігіншінің бірі. Иә, кейінгі кездері Жаңаарқаның қымызы ғана емес, шапаны да сыртқа таныла бастады. Мұның бәрі –аймақта тігіншілер арасындағы бәсекеніңжоғарылығы.

Үйінің ауласында ұядай ғана цехы бар. Жұмысынан шыға сала тігін мәшинесіне асығады. Себебі, тапсырыс үстіне-үстіне түсіп жатыр. Кейіпкеріміз мұның бәріне жалғыз үлгермейтінін жақсы білгендіктен, қасына екі көмекшіні жұмысқа қабылдапты. Шағын өнеркәсіп енді-енді өркен жайып келеді.

Ісмерлік өнер оған үлкен анасынан дарыпты. Кішкентай кезінде тоқыма тоқып үйренген Жансая үй тұрмысына қажет бұйымдарды өзі тігетін. Әуелі анасының қол мәшинкесімен жастық, құрақ көрпе тігіп, кейіннен шапанға тапсырыс ала бастаған. Қазір қыз жасауын да жарасымды етіп әзірлеп береді екен.

Кейінгі кезде бренд шапандарға тапсырыс көп түседі. Қалауыңызға қарай сырып та тігеді. Қазақы ою салады. Атыңызды да өрнектеп жазады. Онымен қоса, тақия да пішеді. Балалар шапанын да жып-жинақы етіп тігіп береді.

Жақсыны көрмекке… Шағын шеберхананың есігінен енгелі тұрғанымызда, тырс-тырс еткен мәшинкенің дыбысы құлағымызға келді. Ләззат Сейдімбекова мен Гүлсім Игілікова бұрқыратып той шапандарын тігіп жатыр екен. Жаны ізгі Жансая Олжабайқызы мектептен әлі келе қоймапты. Дайын шапандарға қарап сүйсіндік те, әңгімемізді әрі қарай жалғадық.

–Жансая апамыздың жүрегі кең, – дейді Ләззат ханым. – Бұл цех біздің екінші үйімізге айналды. Отбасымен бір дастарханда отырып, ас ішеміз. Босағасына береке орнаған шаңырақ. Ал, Жансая ханымның еңбегі еңбек-ақ. Мектеппен екі ортада шапқылайды да жүреді. Одан келісімен күні-түні осы цехтың ішінде.

Дәл осы сәтте цех иесі есіктен ентелей кіріп келді. Біз де бірден сұрағымызды қойдық. – Мектептегі жұмысқа жұмсаған уақытыңызды, қажырыңызды кәсібіңізге арнағыңыз келмей ме?

–О бастағы арманым ұстаз болу еді. Бірақ, тұрмысқа ерте шығып, балалы болып, оған қол жеткізе алмадым. Ауылдан аудан орталығына қоныс аударғаннан кейін, жұмыс істеу керек болды. Ол кезде тек еден жуушы болып еңбек ете алатын едік. Содан маңдай тер, адал еңбектің арқасында жаман болған жоқпыз, Аллаға шүкір. Бала-шаға өсіп өнді. Иә, шынымен, кәсібімнің берекесі мол. Бірақ, тәубені ұмытпаған жөн, – деген Жансая Олжабайқызының жауабына біз де қанағат қылдық.

«Қол мәшинкенің заманы өтті», – дейді ісмеріміз. «Jack» тігін машинасын 250 мың теңгеге алыпты. Цехтың негізгі жүрегі – осы. Қасындағы тігіншілеріне де тура өзінікіндей алып беріпті. Шағын цехтың өндіріп жұмыс істеп жатқан себебі де – осында. Жансая ханымға тек жаңаарқалықтардан ғана емес елдің түпкір-түпкірінен тапсырыс түседі. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасына көз тартар туындыларын жүктеп, жарнамалап отырады. Соның арқасы өнімі елге өтімді.

Кейіпкеріміз алты баланы өмірге әкелген аяулы ана екен. Қыздарын құтты орнына қондырған, жиендерінің еркелігіне елітіп отырған асыл әже де. Қыздарының да қолынан іс келеді. «Төрт қызғалдағымның да қолы алтын, өзіме тартқан» дейді мағмұрланып. Қарағандыда қыздарының бір-бір сән салоны бар екен. Бұл еңбекке ерте үйреткен абыройлы әке мен асыл ананың тағылым-тәрбиесі ғой. Отағасы Жұмағали Бекбергеновпен отасқалы 30 жылға жуықтапты. Ағамыз да нағыз еңбектің адамы. Шаруашылық саласында қызмет атқарып келеді.

Ал, Нұрислам ұлдары сөз ұстаған азамат. Қазақтың той-қуанышын салиқалы тізгіндеп жүрген жас өрен. Кенже қыздары Асылзерде мектеп қабырғасында озат оқиды. Анасына қолғабыс етеді. Үйдің Нұрәли есімді кенжесінен үлкен үміт күтеді бәрі. Қажырлы еңбекті қағидат еткен жаңаарқалық бір отбасының өмірі осылай өрбіп жатыр…

Суретте: кейіпкеріміз Жансая Олжабайқызы

Суретте: шағын цех қызметкерлері шапан пішуде

Қасымхан ҒАЛЫМ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Ұлытау облысы,

Жаңаарқа ауданы

17:46
620

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020