Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен жиналыс өткізіп, өңірде су тасқынын болдырмау амалдарын қарастырды. Ұлытау облысының аумағында өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерін талдау барысында 29 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталды. Аталған елді мекендердегі тұрғын үйлердің саны 648, халық саны – 3262 адамды құрайды.
– Нұра-Сарысу, ТобылТорғай су қорғау инспекциясының соңғы деректеріне сүйенсек облыс аумағында 25 гидротехникалық объект бар, оның ішінде 6 су қоймасы, 2 бөгет, 15 плотина, 1 магистральді канал және 1 тоған бар. Бидайық және Қылыш су қоймасы бойынша тасқын қаупі әлі де азаймай тұр, – деген Есен Байыров әзірге облыс төңірегіндегі қалалар мен аудандарда 260,5 м³ аса қар шығарылғанын, осыған сәйкес, әкімдерден аталған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, мердігерлерден сапалы жұмысты қамтамасыз етуді сұрады.
Су тасқыны орын алған жағдайда 34 бірлікті құрайтын арнайы және қосалқы техникалар жабдықталған. Олардың құрамында «ТРЭКОЛ» – 1 бірлік, «Нива Марш» – 1 бірлік, «КУНГ» базасындағы жылыту пункті – 1 бірлік және «Вахтовкалар» – 2 бірлік, жүзу құралдары – 7 бірлік, металл қайық – 3 бірлік, резеңке қайық – 4 бірлік, мотопомпалар – 11 бірлік, «Varisco» тіркемелері – 1 бірлік, тасымалданатын 10 бірлік техника бар.
Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайларда қалаларда 66 тонна жанар-жағар май, 7,425 тонна азық-түлік, 4746 тонна инертті материал және 15400 дана қап қоры бар.
Ел аумағында жыл сайын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі.
Негізгі оқу орны болып үйілме бөгеттерді нығайту, қар шығару, нөсер кәріздерін тазалау бойынша жұмыстар жүргізілетін 3 аудан айқындалды.
Бұдан басқа, оқу-жаттығу шеңберінде барлық 29 су тасқыны қаупі бар учаскелер қамтылатын болады, онда азаматтық қорғау қызметтерін үйлестіру үшін шағын штабтар өрістетіледі.
Практикалық іс-қимылдар негізгі 5 орында, яғни Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында және Жаңаарқа мен Ұлытау ауданында пысықталады. Сондай-ақ Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің көтерілуіне байланысты су басуға жол бермеу бойынша шұғыл қызметтердің арнайы іс-қимылы жүзеге асырылады.
Өңір басшысы Қазгидрометтің Қарағанды облысы бойынша филиалының төрағасы Нұрлан Төлеутайұлынан Ұлытау облыстық филиалы қашан ашылатындығын сұрады. Жоспарға сәйкес жаз айларында біздің өңірде де Қазгидрометтің арнайы филиалы өз жұмысын бастамақ. Әзірге Қарағанды облыстық филиалы бақылау жүргізіп отырған ауа райы болжамын жасайтын 15 нысанда 55 маман жұмыс істеуде.
Өңірде топырақтың қату тереңдігі 100 см-ді құрайтынынан хабардар болған Берік Әбдіғалиұлы Қазгидромет мамандарына аталған көрсеткіш алаңдауға себеп екенін жеткізді. Сол себепті топырақтың қату тереңдігі мен су мөлшеріне қайта зерттеу жүргізуді тапсырды. Сала мамандары «Қазгидромет» су тасқыны бойынша нақты зерттеу нәтижелерін 5 наурыздан бастап ұсына бастайтындығын атап өтті. Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН.