Тұрғындар құқығын қорғау мақсатында газетімізде «Маман кеңесі» айдары ашылды. Өздеріңізді алаңдатқан көкейтесті мәселелер болса, редакциямызға жолдап, Заң аясында жауап ала аласыздар. Бүгінгі нөмірімізде Ұлытау облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің мамандары өзекті сұрақтарға жауап береді.
ҚАЙТЫС БОЛҒАН АДАМНЫҢ НЕСИЕЛЕРІН КІМ ТӨЛЕЙДІ?
– Мұра алғанда төленбеген несиелері заң бойынша қайтыс болған адамның туыстарына өтеді. Мұрагерлердің несиеден бас тартуға құқығы бар, алайда онда мұраны қабылдаудан да бас тарту қажет. Азаматтық кодекстің 1081-бабының талаптарына сәйкес, мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша әрбір мұрагерге өткен мүліктің құны шегінде ынтымақты борышкер ретінде жауап береді. Осылайша, мұрагерлер мұра қалдырушының кредиторлары алдында оның міндеттемелері бойынша мұрагерлік тәртібімен оларға өткен мүліктің құны мөлшерінде жауап береді.
Несие берушілердің алдында мұрагерлер, өздеріне өткен мұра қалдырушының мүлкінің бағалау мөлшері мен міндеттерін орындауға жауапты.
Өз кезегінде мұрагерлікті алған соң, несие төлеуге жауапты мұрагер банктен қайтыс болған адамның атындағы несиені төлеу туралы толық ақпаратты сұрап ауына болады. Мұрагер, мұраны иелікке алғаннан бастап несиені төлеуге міндетті.
Егер қайтыс болған адамның мұрагері немесе заң жүзінде өсиет қалдырған адамы болмаса, онда банк қайтыс болған адамның мүлкін талап етуге құқығы бар.
ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН, ЯҒНИ ӨЗГЕ АДАМНЫҢ ЖЕКЕ КУӘЛІГІ, ЖСН АРҚЫЛЫ МИКРОНЕСИЕ АЛУ ЖАҒДАЙЫ ОРЫН АЛҒАНДА НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?
– Микронесие беру үшін ұйым клиенттің жеке басын анықтап, клиенттің түпнұсқалығын және оның ерік-жігерінің мазмұнын растайтын қажетті мәліметтерді алуы керек. Микронесиені ресімдеу үшін тек ЖСН туралы мәліметтердің болуы жеткіліксіз. Мысалы, телефон қоңырауы немесе несие тарихын тексеру. Ол үшін қарыз алушының нөміріне SMS жолдануы тиіс. Немесе e-mail-сәйкестендіру жүргізіледі, өйткені барлық құжаттар жеке кабинетке жіберіледі. Жеке куәлік деректері де қажет. Біреу тек ЖСН нөмірі бойынша қарыз алатындай болмауы керек. Бұл – қаржы ұйымдарының өздері үшін тәуекелдер. Егер мұның бәрі болмаса, клиент құқық қорғау органдарына жүгіне алады.
МИКРОНЕСИЕ АЛҒАН АДАМ АУЫР ЖАҒДАЙДА АУРУХАНАҒА ТҮССЕ НЕМЕСЕ ӘСКЕРГЕ КЕТСЕ ОНЫ ТӨЛЕУ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
– Егер қарыз алушы несие бойынша міндеттемелерді орындай алмаса, бірінші кезекте келісімшарттық қатынастар жасалған несиелік ұйымға ресми өтініш жазу керек. Мұны мерзімі өткен күннен бастап 30 күннен кешіктірмей, одан да жақсысы – ол басталғанға дейін жасау керек. Өтініште міндеттемелердің орындалмау себебін көрсету және растайтын құжаттар мен Шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын ұсыну қажет.