​ӨМІРДЕГІ ТАБЫС – ӨЗ ҚАБІЛЕТІҢДІ ДҰРЫС ТАНУ

Ақын, жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Кенжебай АХМЕТОВ биыл 60 жастың асқарын бағындырғалы отыр. Әдебиеттің қай саласына болмасын қаймықпай қалам тартып, қазынасын ақтарған ойшыл да сыншыл азаматтың өмір жолы өнегеге толы. Осы тұста бойына жеті өнерді серік етіп, үлгілі істердің басы-қасында жүретін ағамызбен тілдесіп, көкейде жүрген кейбір сауалдардың жауабын бірге іздедік.

– Кенжебай Кәрібозұлы, соңғы кездері аудармаға ден қойдыңыз. Оның себебі неде?

– Иә, 2020 жылдан бергі аралықта Л. Толстой, Н. Гоголь, А. Моруа, С. Цвейг, М. Булгаков, Ю. Казаков сияқты белгілі қаламгерлердің туындыларын аударған екенмін. Олардың бәрі «Qasym» баспа үйінің ұсынысы бойынша аударылып, оқырман қолына тиюде. Мақсатымыз – оқырманға ойлы, пайдалы шығармалар ұсыну. Бұл бағыттағы еңбегіміз де жеміссіз емес тәрізді. Аудармаларымызды оқыған оқырмандардан жиі-жиі жақсы пікір естіп қаламыз. Былтыр «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік аударма» номинациясы бойынша жеңімпазы атандым. Жеңіске жеткізген дүниелер Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллаларына жасаған аудармаларым еді.

– Қоғамда болып жатқан жағдайларға назар аударып қана қоймай, өз ойыңызды әлеуметтік желі арқылы жеткізіп отырасыз. Дегенмен сол ойларыңызды қысқа қайырасыз. Жалпы, әлеуметтік желілердегі пікірлерге қалай қарайсыз?

– Әртүрлі әлеуметтік желілер пайда болғалы да біраз жыл болды ғой. Бұлар да қоғамда өз орнын тауып үлгерді. Бұлардың пайдалы жағы – жаңалықтарды дер кезінде жеткізудегі ұшқырлығы, кейбір мәселелердің шешілуіне себепші болуы деп білемін. Алайда әлеуметтік желі арқылы әлдебір маңызды мәселені шешіп тастаймын деп ойлау жаңсақтық болар. Өйткені әлеуметтік желіде бүкіл ел отырған жоқ. Елдің басым бөлігі өз шаруасымен айналысып жүр. Ал енді әлеуметтік желіде отыратын қауымға келсек, олардың да басым бөлігі екі-үш сөйлемнен артық оқи қоймайды. Сондықтан ойды қысқа қайырып айтқанды жөн көремін. Аңдампаз адам содан да қажетін тауып, ой түйіп үлгереді деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде өткір пікірлер ашық айтыла бастады. Сол пікірлерден пайда бар ма?

– Әлеуметтік желі арқылы ашық айтылып жатқан өткір пікірлер жайына келсек, бұл тұста да ойланатын жәйттер баршылық. Біреулер мәселенің мән-жайын түсініп, өз тарапынан шешімін ұсынуға ұмтылады. Айғайға аттан қосып, атын шығарғысы келетіндер де бар. Қысқасы, бұл – әртүрлі көзқарастар, ой-пікірлер, мақсаттар түйіскен жер. Солардың арасынан оң нәтиже беретін пайдалы пікірлерді көріп, оны игілігіңе айналдыра алсаң, онда әлеуметтік желінің пайдасын көре білгенің. Ал әр сөздің соңынан қуалап, уақытыңды зая кетірсең, онда әлеуметтік желінің зияны тигені. Айналып келгенде, әлеуметтік желінің пайдалы немесе зиянды болуы соны тұтынатын адамның өзіне байланысты.

– Қазіргі таңда қоғам арасында жиі талқылауға түсіп жатқан тақырып – сайлау. Біраз замандастарыңыз, іні-қарындастарыңыз депутаттыққа үміткер болып түсіп жатыр. Сіздің де бақ сынап көру ойыңыз болмады ма?

– Негізі, құлашты алысқа сермегенді ұнататын жұртпыз ғой. Мәселен, қала басшылығындағы әлдебір бөлім басшысы деңгейінде шешілуге тиіс мәселені сол адамнан талап етпей, одан гөрі жоғары жаққа ұмтылғанды жақсы көріп тұрамыз. Неге? Менің ойымша, бірінші себеп – мәселені шешуге тікелей жауапты бөлім басшысын місе тұтпайтын сияқтымыз. Ал екінші себеп «Анау-мынау емес, үлкен бастықтың өзіне айттым» дегенге саятын мақтангөйлігімізде жатқан тәрізді. Айналып келгенде, осының екеуі де жақсы емес. Өйткені шынымен мәселені шешкісі келген адам бөлім басшысымен шешуге тиіс болатын. Сонда мәселе де шешілер еді, уақыт та үнемделер еді, үлкен бастықтың басқа шаруаларына кедергі келтірмеген болар едік.

Депутаттыққа үміткер болу жайы да осы тәрізді. Үміткер болуға ниеттенген адам ең әуелі өз шамасын байқап алғаны абзал. Ойға алған шаруаларын бітіру үшін депутат болу аса қажет болса ғана, депутат болуға ұмтылған жөн. Ол шаруаны депутат болмай-ақ істеуге болатын болса, онда депутаттықтың қажеті қанша? Ондай жағдайда сенен де артық, сенен де пайдалы іс тындыра алатын адамдарға жол берген дұрыс емес пе? Бұл мәселеге қатысты менің көзқарасым осындай. Жалпы, үлкенді-кішілі деңгейдегі депутаттыққа үміткер болып жатқан азаматтардың арасынан ел мүддесіне қызмет етуді мақсат еткен және елге пайдалы істі атқаруға қабілеті жететін жандардың жолы болуына тілектеспін. Ал өзіме келсек, ешқандай қызмет тізгінін ұстамасам да, шамам жеткенше пайдалы іс тындырып жүрмін деп ойлаймын.

– Шынында да сіз үлкен әдеби ортадан алыста жүрсіз. Үлкен қалалардың біріндегі әдеби ортада жүруді ойлап өкінбейсіз бе?  

–Кеңес үкіметінің құлар тұсындажәне 90-жылдардың басында көптеген оқиғалар орын алды. Бұл жайт сол кездегі бүкіл халықтың өміріне әсер етті. Солардың бірі «Павлов реформасы» болатын. Соның салдарынан жұрттың бар жиған-терген қаржысы тиынға айналып, түкке жарамай қалды. Халық не істерін білмей дағдарды. Бұл уақытта мен 1985 жылы оқу бітіріп, елге, шешейдің қасына келіп, жұмыс істеп жүрген едім. Өзің айтпақшы, сол кездері қаражат жинап, Алматыға қарай қозғалу ойда болған еді. Әлгінде айтқанымыздай, осы тұста ақша құнсызданды, Алматыға барудың мүмкіндігі жабылды. Міне, дәл осы кезде ойдағы ниеттің болмай қалғаны көңілге аз-маз қаяу салғаны рас. Дегенмен дәл қазір еш өкінбеймін. Өйткені шамаң жетер болса, көңілдегі ісіңді қай жерде де жасап шығуға болады екен.

Кейіннен Жезқазғанға келдім, пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушылық қызмет жолымды бастадым. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Көптеген шәкірт даярладым. Шығармашылығым да тоқырап қалған жоқ. Азды-көпті жетістіктерім де бар. Демек бойыңда қабілетің мен талабың болса, ең бастысы еңбектен қашпайтын болсаң, қазақ даласының кез келген жерінен мүмкіндік табуға болады екен. Ал қол жеткізген жетістіктеріме көңілім толмайтын болса, онда оның себебін өз жалқаулығымнан іздегенім жөн.

– Әдебиеттану ғылымында да өз орныңыз бар. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Жезқазған университетінде қаншама шәкіртке дәріс бердіңіз. Осы университеттің қазіргі жағдайы туралы не айтар едіңіз?

– Не айтқыңыз келгені түсінікті. Иә, қазіргі уақытта Жезқазған университетінде қиындықтар бар. Бір қызығы, дәл осындай қиындықтар қаладағы өзге жұмыс орындарына да тән. Оның біріншісі қайсы? Ол – кадр тапшылығы. Ал енді ойланып көрелік. Қазір қаламызда қай салада кадр тапшылығы жоқ? Мұғалімдер тапшы ма? Тапшы. Дәрігерлер ше? Олар да жеткіліксіз. Журналистер ше? Олар да аз. Ендеше осы қатарда Жезқазған университетін жеке-дара алып қарастыру, оны құлдырағандай етіп көрсету қаншалықты дұрыс бола қояр екен?

Енді университетке қатысты мәселеге тағы бір қырынан келіп көрелік. Университет дегеніміз, бірінші кезекте, ондағы студенттер. Студент жоқ болса, университет те болмайды. Ал Жезқазған университетіне студент қайдан келуші еді? Негізінен, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданынан келетін. Қазір олардың келуі азайды. Неге? Жастар үлкен қалаларда, тіпті шетелде оқуға ұмтылады. Демек жастарды жоғары білім алумен қатар, бос уақытын қызықты өткізуге мүмкіндік беретін жер де қызықтырады. Бұл үшін ешкімді кінәлауға болмайды. Айналып келгенде, университеттің, басқа да жұмыс орындарының қиындыққа ұшырап отыруының негізгі себебі – дәл қазіргі уақыттағы қаламыздың мүмкіндігі. Алдағы уақытта қаламыз көркейіп, ұлғайып, елдің бос уақытын қызықты өткізуге көптеген мүмкіндіктер ашылып, сонымен бірге ауызымыздағы патриоттық сезіміміз шын мәніндегі патриоттыққа айналып жатса, мәселелеріміз де шешіле бермек.

– Кешіріңіз, «ауызымыздағы патриоттық сезім» дегенде нені меңзедіңіз?

– Маған: «Жезқазған университеті бар ма өзі?» – деп сұрақ қоятындар баршылық. Оларға мен де сұрақпен жауап беремін. Қоятын сұрағым – «Өзіңіздің балаңыз қайда оқыды?» деген бір-ақ сұрақ. Неге олай сұрағанымды өздері де түсінетін болса керек, көбісі үнсіз құтылады. Кейбірі өз балаларының басқа жақта екенін айтады. Шынымен жергілікті университетке жаны ашып бара жатса, онда ол кісілер өз балаларын осында оқытуы керек еді ғой. Немесе өзге қалаларда оқып, диплом алған балаларын Жезқазғанға шақырып, қаламыз да кадр тапшылығын сезініп отырған жерлерге еңбекке араластыруы қажет еді ғой. Іс жүзінде олай болмай тұр. Демек «ауыз патриот» дегеніміз тіл ұшындағы жанашырлық қана.

– Қазір біздің өңірде әдеби орта бар деп ойлайсыз ба?

– Әдеби орта деген ақын-жазушылар бар ма деген сөз ғой. Онда бар деп айтуға болады. Бірақ сол әдеби ортада қызу жұмыс жүргізіліп жатыр ма? Соны да ойлап қойған жөн. Әдеби орта деген атқа толық сай болу үшін онда қандай да бір жұмыстар жүріп жатуы қажет. Жаңадан жазылған шығармалар сол ортада талдануы шарт, қызу пікірлер жүруі керек. Бұл жағынан келгенде осалдаумыз.

Шынын айту керек, қаламызда әдебиет өкілдеріне қатысты әртүрлі шаралар өтіп жатады. Ол үшін ұйымдастырушыларға рақмет айту орынды. Алайда сол шаралар қаншалықты тиімді? Менің ойымша, тиімділігі де, пайдасы да тым аздау. Неге? Өйткені әлгіндей шара барысында қаламгердің өмірбаянымен, шығармаларының атауларымен таныстырылады, бес-алты бала оның өлеңдерін немесе шығармаларынан үзінді оқиды, алдын-ала дайындалған бес-алты сұрақ қойылады, қаламгер жауап береді, осымен шарамыз аяқталады. Бір қарағанда, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ осы жерде аса үлкен бір кемшілік бар. Ол кемшілік – әлгі қаламгердің шығармаларымен жете таныс бірде-бір адамның болмауы. Осы ретте өзіңіз ойланып қараңызшы, шығармасын оқып көрмеген адамға ақын-жазушының керегі қанша? Демек қандай да бір қаламгерге байланысты іс-шара ең әуелі оның жазғандарымен танысып алудан басталғаны жөн.

Кенжебай аға, жастарға қандай сөз айтасыз?

– Біздің бәрімізді екі топқа бөліп қарауға болар еді. Оның бірі – өмірден өз жолын тапқандар болса, енді бірі – өз жолын таба алмай, қиналып жүргендер. Осының себебі неде? Себеп әу бастан өз бойымыздағы қабілетті қаншалықты тани білгенімізге қатысты. Сондықтан жастарға айтарым өздерінің бойындағы қабілетке байланысты болмақ. Өйткені өмірдегі табыстылық қабілетіңді дұрыс тани білуден басталады. Сол қабілетін біліммен ұштастырып, еңбек арқылы шыңдай берген адамға жетістік те жақындай бермек.

Асқаралы алпысыңыз құтты болсын! Мерейтойға орай қандай іс-шаралар жүзеге аспақ?

– Рахмет! Алпыс жылдығымыз елеусіз қалмайтын сияқты. Тек сол іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу барысында ең әуелі төл шығармаларыммен, аудармаларыммен жақын танысып алса деп ойлап қоямын. Басқаларды қайдам, өз басым азды-көпті еңбегімді оқыған, көрген адамды жақсы көріп тұратыным рас.

Мағыналы да мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Деніңізге саулық, шығармашылық өріс тілеймін.

– Сізге де рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

18:42
1283

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020