Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көз ауруларын емдеуге, күрделі ота жасауға бола ма деген сұрақтар бүгінде тұрғындар арасында жиі қойылады. “Әрине. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі оталар қолжетімді болды”,- деп жауап қайырған "Әлеуметтікмедициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры А.Бердыбеков ұлытаулықтарға стационарды алмастыратын хирургиялық медициналық көмек көрсету үшін филиал «MDVISION» көз клиникасымен 58 млн 767 мың теңгеге келісімшарт жасалғанын айтты.
Өткен жылы 10 810 пациентке амбулаторлық емханалық көмек көрсеткен клиника 189 тұрғынның катарактасын емдеген. Отасы сәтті аяқталғандардың бірі – Минзалтдин Сафиуллов. Ол оң көз катарактасы 2020 жылы анықталса да, уақытты оздырып, жанары жарық жалғанды мүлде көрмей қалғанда ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Ақ халаттылардың оперативті араласуымен тас қараңғылықтан арылған пациенттің қуанышын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес.
–Өмірге қайта келгендей болып отырмын. Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің демекші, дүниенің кереметін қос көзбен көру – үлкен бақыт. Сол бақытты маған қайта сыйлаған дәрігерлерге шын жүректен алғыс білдіремін. Өздеріне амандық, отбастарына бақ-береке тілеймін, – деп ағынан жарылды ол.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандырылған әр азамат МӘМС шеңберінде медициналық қызметтің көлемі мен құнына қарамастан қажетіне қарай ем алады. Бастысы пациент алдымен міндетті түрде тіркелген емханасына барып, отбасылық дәрігерден жолдама алуы керек. Қажетті зерттеулерден өткеннен кейін пациент ауруханаға жатқызу бюросының порталына қойылады. Портал таңдалған ауруханаға түсетін күнді автоматты түрде анықтайды. Пациентке ауруханаға жатқызу талоны және қажетті анализдердің нәтижелері беріледі. Осы құжаттармен талонда анықталған уақытта науқас таңдаған ауруханаға келіп, басқа қосалқы қарсы көрсетілімдер болмаса, ауруханаға жатқызылады. Осы аталған медициналық қызметтердің бәрі тегін жасалады.
Қазірдің өзінде «MDVISION»-де Ұлытау облысы бойынша катарактамен 46-94 жас аралығындағы 300-ге жуық пациент есепте тұр.
Өз тілшіміз