Өзіне екінші өмір сыйлаған ақ халаттыларға сәтбаевтық Сабина Абдрашиттің айтар алғысы зор.
Әз-Наурызды отбасымен қарсы алуға Астанадан асыға жеткен ол түнде басы қатты ауырғаннан оянды. “Басым ауырып тұр” дегенді айтуға ғана мұршасы жеткен қыз есінен танды. Осылайша, жедел жәрдем көлігімен алдымен қалалық ауруханаға одан кейін шұғыл түрде Жезқазғандағы облыстық көпсалалы ауруханының нейрохирургия бөліміне жеткізілді. Комаға түскен өрімдей қыздың өмірін қайтсе де арашалап қаламын деп бекінген нейрохирург Оралбек Мустафиннің емі шипалы болды. Инсульттің әсірінен миына қан құйылған Сабинаның отасы 2,5 сағатта созылды. Дәрігерлер 60 мл көлемдегі гематоманы алғаннан соң, қыз есін жиды. Қазір аяғынан тік тұрып, көз жанарын қайтаруға әрекет жасап жүрген Сабинаның өзі – болашақ дәрігер. Ол – Астана медицина университетінің І курс студенті.
Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде студенттер де бар. Яғни, олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді де, студенттер МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.
Жыл басынан нейрохирургия бөлімінде МӘМС есебінен Ұлытау облысының 79 тұрғыны сапалы медициналық қызмет алған. Соның ішінде ақ халаттылар 30 адамға ота жасаған. Оталардың басым бөлігі омыртқа жарығы, мидың қатерлі ісігі, омыртқа жарақаты мен жұлынның зақымдануы.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН