Қазақ қонақжайлылығымен алдына ел салмаса керек. Сары майын сарғайтып, бір қонақ келер деп, бала шағаның ауызынан жырып сақтаған халықпыз. Ал қонақ шақырудың, оны күтуінің де неше түрлерін айтпаса да болар. Өте жақсы да, әдемі салтымыздың бірі. Дегенмен, қазіргі мына жаман індеттің етек алып бара жатқан уақытында, Үкіметтің арнайы шектеулерін барша жұртшылық қолдап, оны орындап отыр ма?
Мәселен бәленшенің қырқы, жылы, не болмаса бәленше немерелі болыпты, соған арнап шақырулар тоқтамай отыр. Бұл – немқұрайлық. Болып жатқан жағдайды толық түсінбеушілік деу керек. Бұл жаман індетті жақсы дамыған Еуропа елдері де жүгендей алмай отырғанда, біз өте сақ болғанымыз абзал. Құдайы беру, басқа да салттық қонақ шақыру дәстүрімізді кейінге қалдыру керек сияқты. Алла Тағаланың мұсылмандарға артқан бес қана парызы бар, оған қырқына, жылына арнап құдайы беру кірмейді. Бес парыздың бірі намаздың өзін, жағдайың келмей қалса, қаза етіп, кейін оқуға болады делінген.
Ал, енді қазіргі уақытта Үкіметтің арнай шектеу енгізген кезінде барша жұртшылық бір адамдай жұмылып тәртіп сақтап, құдайы беру, қонақ шақыруды кейінге қалдырғанымыз дұрыс болар! Кешіктіріп берген құдайы күнә болмайды, ал егерде шақырған қонақтарыңның бірі науқас болып, одан бәленбай адам зардап шексе, күнәнің үлкені сол болады. Ештен кеш жақсы деп, атам қазақ тегін айтпаған болар!
Қадыр қажы ҮҢГІТБАЕВ ,
Жезқазған, Сәтбаев қалаларының және Ұлытау өңірі ақсақалдар кеңесінің мүшесі