МӘМС: оңалту – қолжетімді

Бүгін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының бастамасымен 25 орынға шақталған «Луч» нейрооңалту орталығы" ЖШС баспасөз-туры өтті.
Талай жанның жүрегінде үміт сәулесін жаққан мекеменің тыныс-тіршілігімен, алға қойған жоспарларымен таныстырып, оңалту бағдарламасынан өтіп жатқан пациенттермен тілдесу мүмкіндігін ұсынған шараға облыстық БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері, блогерлер қатысты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы 2023 жылы «Луч» нейрооңалту орталығымен 109 млн теңгеге келісім-шарт жасасқан. Осы қаржы есебінен инсульт алған және омыртқа мен бас сүйегіне ота жасатқан тұрғындар оңалту бағдарламасынан өтеді. Курс аясында қол-аяғы жансызданған, сөйлеу қабілетінен айрылғандар лазер, магнит пен тоқ терапиясы арқылы емделеді. Физикалық ем зақымданған нерв талшықтарын ояту арқылы науқастарды қалыпты күйге келтіреді. Орталықтағы ем-домның келесі түрі – емдік дене шынықтыру. Арнайы жабдықталған дене шынықтыру залында науқастар буындары мен бұлшық еттеріне күш түсіру арқылы жансызданған жағына қан жүгіртіп, жан бітіреді. Сауықтыру жаттығулары күніне бірнеше реттен жеке және топпен жүргізіледі. Физиокабинет, лимфодренаж жүйесі және гидромассаж бен сылап-сипаудың да аурудың залалын жоюда тигізер әсері мол.
–Жалпы, біздің елімізде бұрын соңды оңалту орталықтары жоқ-тын. Алайда, жылжыған жылдар мен зымыраған уақыт медицина саласына көп жаңашылдық әкелді. Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде оңалту орталықтарының бой көтеруіне жол ашты. «Луч» орталығында көрсетілетін физиоемдеу, оңалту сияқты қызметтер МӘМС есебінен тек сақтандырылған пациенттерге қолжетімді – деген орталықтың директоры Мұхаметрахым Оспановқа сирек ауруға шалдыққан Кеңгір селосының тұрғыны Ғалым Борановтың айтар алғысы зор.Орталық мамандары оны мүгедектіктен құтқарып қалды. Миындағы ақауды хирургиялық жолмен емдеген тарих пәні мұғалімі жыл сайын отбасылық дәрігердің жолдамасы арқылы оңалту курсынан тегін өтеді.
Заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған, кәсіби кадрлар реабилитолог, невропатолог, нейрохирург, логопед пен психотерапевт, кинезотерапевт, массажис пен дене шынықтыру нұсқаушыларымен қамтамасыз етілген «Луч» нейрооңалту орталығы 2018 жылдан бері 3153 науқасты оңалту курсынан өткізген. Биыл ем қабылдағандардың саны 203-ке жетті.
Естеріңізге сала кетсек, оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен сақтандырылған мәртебесі бар тұрғындарға қолжетімді әрі тегін.
Өз тілшіміз
10:20
214

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020