Ұлытау облысына 111 квота бөлінді

2021 жылдан бастап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Бүгінде аталған бағдарламаның шарапаты Ұлытау облысы тұрғындарына да тиіп жатыр. –Экстракорпоралдық ұрықтандыру емшаралары құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады. Бұған дейін ЭКҰ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда, қаржыландыру көлемінің аз болуына байланысты жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді. Президент тапсырмасына сәйкес 2021 жылдан бастап квота санын 7 есеге ( 7 000-ға дейін) арттыруға мүмкіндікалдық. Емшара МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер оны тегін өте алады, – деді "Әлеуметтікмедициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалдыңдиректоры Ә.Бердыбеков.

ЭКҰ үшін кімдер өтініш бере алады?

Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге репродуктивті жасы (18-ден 42 жасқа дейін), қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет.

Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық ауытқулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы болған жағдайларда ғана мамандар науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін.

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек?

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.

МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады.

Айта кетейік, еліміздің 9 өңірінен 19 медициналық ұйым Қордың ЭКҰ қызметтерін жеткізушілері болып табылады, оның 18-і жекеменшік. Пациент экстракорпоральды ұрықтандыру үшін клиниканы таңдауға құқылы. ЭКҰ қызметтерін көрсететін жеткізушілердің тізімімен Қордың fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», одан әрі «Клиниканы таңдау» бөлімінде танысуға болады.

Қордың Ұлытау облыстық филиалымәліметінше, 2022 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 52 әйел экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасынан өтті. Биыл Ұлытау облысында экстракорпоралды ұрықтандыруға кезекте тұрған әйелдердің 70 пайызы МӘМС есебінен ана болудан қуаныш сезінуге мүмкіндік алады. Биыл өңірге 111 квота бөлінді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

15:09
217

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020