Диспансерлік есепте тұрған, белгілі бір сырқат түрлерімен ауыратын науқастар амбулатория деңгейінде дәрімен қамтамасыз етіледі. Дәрі-дәрмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде беріледі. Бүгін біз артроз кезінде тегін берілетін дәрі-дәрмек туралы сөз қозғамақпыз.
Артроз (Деформацияланатын артроз, остеоартрит) — бұл буын шеміршегінде дегенеративті сипаттағы өзгерістер пайда болатын ауру. Ол еңбекке жарамсыздық, тіпті кейде мүгедектікке әкелуі мүмкін. Бүгінде тізе, жамбас, иық буындарының артрозы жиі кездеседі.
Қарапайым тілмен айтқанда, артроз кезінде буындар уақыттың, қарқынды жүктемелердің, қоректік заттардың жеткіліксіз түсуі әсерінен тозады. Буын шеміршегі зақымдалады, жұқарады, зақымдалған сүйектер аздап орнынан қозғалады. Осылайша, буынның тітіркенуін тудырады. Уақыт өте келе шеміршек толығымен бұзылады, сүйектер бір-біріне үйкеле бастайды, ауырсыну күшейеді.
Дәрігерлер артроздың дамуына әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін дегенді алға тартады. Атап айтқанда, бұл ауруы тұқым қуалауы мүмкін. Немесе адамның жасы, артық салмағы мен қозғалыссыз өмір салты, қолайсыз еңбек жағдайлары мен басқа да қатар жүретін аурулардың нәтижесінде пайда болады.
МӘМС шеңберінде амбулаториялық деңгейде динамикалық бақылауда тұрған сақтандырылған ересек пациенттер (оның ішінде зейнеткерлер) стероидты емес қабынуға қарсы препараттармен тегін қамтамасыз етіледі. Олар: ішекте еритін қабықпен қапталған 50 мг Диклофенак таблеткалары, 7,5 мг және 15 мг Мелоксикам таблеткалары, парацетамол.
Әрбір тегін дәріхана дәрі-дәрмектерді бір жыл бұрын жеткізуді жоспарлайды. Дәріханада препарат болмаған жағдайда өтінім қалдыру қажет, препарат түскен кезде қызметкерлер міндетті түрде шақырады.
Жалпы, пациенттер тегін дәрі-дәрмекке қатысты мәліметті «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс орталығы арқылы біле алады. Қоңырау шалу – тегін.
Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмек тізімімен ҚР ДСМ-нің №75 бұйрығы арқылы танысуға болатынын еске саламыз.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы