Мемлекеттік қызмет — мемлекет пен халық арасындағы қатынасты байланыстырушы көпір болып табылады.Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан «Жаңа Қазақстанның» да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі, кәсіби деңгейімен бірге адами қасиеттерге де тән болуы маңызды, мемлекеттік аппараттың тиімділігі жұмыс процесімен емес, түпкілікті нәтижемен өлшенуі тиіс.«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы және мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтарда осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың билік үшін де, қоғам үшін де маңыздылығы жоғары.
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасы да осының дәлелі іспеттес. Бұл тапсырма бойынша өткен жылғы 30 желтоқсанда «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізілді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру кезіндегі жаңашылдықтарды атап өтетін болсақ, жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, тексеру комиссияларында, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астанадан басқа) оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жоғары үлгерімін көрсеткен (GPA, В+) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектерін мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау көзделген.
Мемлекеттік қызметшілер 2 жыл еңбек өтілін жинағаннан соң ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына (магистратура, докторантура) мемлекеттік грант негізінде түсе алады. Бұл – мемлекеттік қызметшілер үшін еліміздегі арнайы оқу орны. Оқу кезеңінде олардың жұмыс орны сақталып, оқу демалысына жіберіледі, сонымен қоса лауазымдық айлық ақысының көлемінде степендия алады. Бұл мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен мүмкіндік.
Сондай-ақ конкурстан тыс тағайындаулар мемлекеттік тапсырыс аясында оқыған және өзінің жоғары үлгерімін көрсеткен (GPA, В+) қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік түлектері облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа облыс ауданы немесе облыстық маңызы бар қала әкімі және мәслихат аппараттарының, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшы емес лауазымы және орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің және оның ведомствосының облыстың ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағыбасшылық етпейтін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады.Бұл бірінші кезекте, мемлекет есебінен білім алған жастарымыздың оқуына бөлінген қаржыны ақтайтын бірегей жоба болып табылса, сонымен қатар, осы жаңа тәсіл ұзақ жылдарға қалыптасқан жергілікті жердегі кадр тапшылығын азайтып, түлектерді өңірлерге оралуға ынталандыратын болады.
Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін цифрландыру бойынша да едәуір жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Агенттік 2022-2023 жылдарға арналған «Е-қызмет» ақпараттық жүйесін модернизациялау бағдарламасын іске асыруда.
Конкурстық рәсімді өткізу оны толық цифрландыруды көздейді. Конкурстық рәсімнің барлық кезеңдері онлайн түрде қашықтықтан (24/7 – әңгімелесуден басқа) өткізіледі. Енді азаматтарымыз әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында тестілеуден өтіп, конкурсқа қатыса алады.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша атқарылып жатқан келесі жұмыстарды атап өтуге болады. Олар: цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және одан шығу тәртібін жеңілдету, мемлекеттік қызметті жетілдіру, әкімшілік реформалар. Яғни, бұл бағыттарда қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оларға жеке-жеке тоқталатын болсақ:
1. «Жаңа бағалау жүйесі». Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі «Б» корпусы қызметшілерінің қызметінің тиімділігін бағалаудың қазіргі уақытта қолданылатын модельден түбегейлі ерекшеленетін бағалаудың жаңа жүйесін әзірледі.Атап айтқанда, жаңа форматтағы бағалау тоқсан сайынғы негізде тиімділікті өлшеудің озық құралдарын (KPI-ға қол жеткізуді бағалау, 360 әдісі бойынша бағалау және саралау әдісі) пайдалану арқылы іске асырылатын болады. Бағалау процесі «Е-қызмет» жүйесінің базасында толық автоматтандырылды. Әрбір бағалау құралы үшін мемлекеттік орган ішінде де, бүкіл республика бойынша да қызметшілердің тиімділігі динамикасының өзгеруі бөлігінде талдау жүргізуге мүмкіндік беретін жекелеген модульдер әзірленді.
2. Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына келісімшарттық қызметшілер ұғымын енгізуді тапсырды.
Олар мемлекеттік қызметкерлер санатына жатпайды. Бұл арнайы білімі бар мамандарды салалық жобаларды іске асыру кезеңіне тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшартқа қатысты нақты ережелер мен тәртіп Үкіметтің тиісті қаулысында белгіленетін болады.
3. Мемлекеттік қызметте ротация ұғымы бар. Оның мақсаты-өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметкерлердің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге өңірлерге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуге тиіс. Алайда, қызметтік пәтерлердің жетіспеушілігінен ротацияланған қызметшілер үйді өз қаражатына жалға алуға мәжбүр болды. Бұл көптеген қызметшілердң ротациядан бас тартауына әкелді. Осыған байланысты, тұрғын үйді жалдау мақсатында басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлемдер енгізілді.
Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруғабағытталған.
4. Осы жылдан бастап пилоттық режимде кейбір аудан әкімдері тікелей халықпен сайланатынын ескеріп, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.Осылайша, сайланған әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылды.
Сондай-ақ, сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алып тасталынды.
5. Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған. Пандемия (коронавирус) мен жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтан жұмыс істеу, сондай-ақ икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпы нормалар 2021 жылы Еңбек кодексіне енгізілген болатын. Алайда, мемлекеттік аппараттың ерекшелігін ескеріп, мемлекеттік қызметте бұл мәселелер нақты және егжей-тегжейлі реттелуі тиіс. Осы орайда мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу әрі икемді жұмыс кестесінің нақты тәртібі агенттіктің тиісті бұйрығында белгіленеді.
6. Саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босатуға қатысты толықтыру енгізілді.Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты қызметшi болып табылады. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен.
Осыған орай, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізілді. Мұндай босату туралы шешім тек мемлекет басшысы қабылдайды.
7. Мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыру қарастырылған.
Ақпан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске түзетулер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау Агенттікке берілді.
Аталған түзету 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. Осыған орай, «ҚР Мемлекеттік қызметітуралы» Заңда Агенттікке мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы бекітілді.
Қорытындылай келсек, бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы билікке де, қоғамға да тигізер пайдасы орасан деп білеміз.
Себебі, мемлекеттік қызметтегі өзгерістер мен толықтырулар, бұл қызметтің сапасын жетілдіруге, қоғамның оң көзқараста болуына, жігерлі жастардың мемлекеттік қызметке келуге құлшынысын арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің әділ бағалануына және қызметке асқан жауапкершілікпен қарауға, тағы басқа оң өзгерістерге себеп болары анық. Жоғарыда аталған жаңашылдықтар жаңа бастамаларға жол ашып, ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ұлытау облысы бойынша департаментініңбасшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Б. Ахметов