ЖАҢААРҚАДА ЖЫЛЖЫМАЛЫ КЕШЕН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының бастамасымен Жаңаарқа ауданының Ш.Ералиев атындағы ауылда пресс-тур өтті. Мұнда ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруден өткізетін жылжымалы медициналық кешен өз жұмысын бастаған-ды.

Ауылды жерлерде тұратын халықты бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылыЖаңаарқа ауданының көпбейінді орталық ауруханасы балансына берілген жылжымалы медициналық кешен мамыр мен қыркүйек айлары аралығында 20 елді мекенге тоқтап, 10 мыңнан аса тұрғынды қабылдайды деп жоспарланған. Медициналық кешенде кеңес беру, мамандандырылған медициналық көмек, диагностикалық зерттеулер көрсетуге мүмкіндік беретін қажетті медициналық қондырғылармен жабдықталбірнеше кабинет бар. Медициналық кешенде хирург, гинеколог, офтальмолог, кардиолог, педиатр, отолоринголог, дантист, жалпы тәжірбиелік дәрігерлер мен ЭКГ мейірбикесі, рентген мен УДЗ лаборанты тұрғындарды қабылдауда.

Кешеннің артықшылығы сол тұрғындар аудан орталығына бармастан бір жерден бірнеше маманға қаралып, денсаулығындағы шағымына қарай қан талдауларын жасатып, ішкі құрлысын ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, өкпесін, буыны мен сүйектерін рентгенге түсіре алады.

–Жасыратыны жоқ, қысы-жазы мал-жанның қамын күйттеген ауылдағы ағайынның көпшілігі басы ауырып, балтыры сыздаса да дәрігерге жүгінгісі жоқ. Осындай көшпелі тексерулер шалғайдағы ауылдық елді мекендерде ауруы бар тұрғындарды анықтап, олардың сауығып кетуіне ем-дом тағайындауға мол мүмкіндік беруде. Жаңадан анықталған пациенттер тексеріледі, динамикалық бақылауға алынады, оларға сауықтыру іс-шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруға шалдыққандар Д-есепке алынып, оларға тегін дәрі-дәрмек беріледі. Жалпы, ауруды ерте кезеңде анықтау – оның дамуына яғни өршуіне жол бермейді. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға болады. Сондықтан скрининг, кәсіби тексерулер мен осындай жылжымалы медициналық кешендердің халық үшін берері мол, – деді Жаңаарқа ауданының көпбейінді орталық ауруханасы директорының орынбасары Оразкүл Ақыбаев.

Ауруынан толық айықпаса да жүріп-тұруы жеңілдеп, ауырсынудан көз ашқан Майра есімді пациент бұл жолы ақ халаттыларға қабылдауына емес алғыс айтуға келіпті.

–Екі-үш жылдай аяғым қақсады. Суық тиген шығар деп жүре бердім. Одан «отырсам тұра алмайтын», «тұрсам, отыра алмайтын» жағдайға жеттім. Сөйтіп, былтыр осы жылжымалы кешенмен келген дәрігерлерге көріндім. Олар дереу аппараттарына түсіріп, қан алып «артроз» деген диагноз қойып берді. Бір жылдың ішінде физиоем, массаж алдым, түрлі дәрі-дәрмек ішіп, жағдайым жақсарды,– деп ағынан жарылған пациент дәрігерлер тобына ризашылығын білдірді.

Өткен жылы Жаңаарқа ауданының ауылдары мен кенттерінің 10637 тұрғыны жылжымалы медициналық кешендерде медициналық тексеруден өтті. Оның 4126-сы – 18 жасқа дейінгі балалар. 2832 тұрғынға диагностикалық зерттеу жүргізілсе, 1163 тұрғын лабораториялық зерттеуден өтті. Осылайша, 1052 адамнан ауру анықталды. Оның ішінде қан айналым жүйесінің аурулары – 118, қант диабеті -7, балалар ауруы – 372, миопия – 48, конъюктивит – 14; катаракта – 9; ревматизм – 48; артрит – 40; артроз – 6; холецистит – 37; панкреатит – 23; аллергический дерматит – 32; псариаз – 10; экзема – 6; пиелонефрит – 70; простотит (қуықасты безінің ісігі) – 12; Зоб –16; лимфаденит –3; геморрой – 41; мастопатия – 25; жатыр мойны эрозиясы – 58; кольпит – 57.

Жылжымалы медициналық кешеннің қызметі әр тұрғынға сақтандырылған мәртебесі бар-жоғына қарамастан қолжетімді әрі тегін. Өйткені, дәрігерлердің қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде жүргізіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының Жаңаарқа аудандық көпбейінді орталық ауруханасымен жасаған келісім-шарты негізінде 2023 жылы жылжымалы медициналық кешеннің жұмысына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша 37 млнтеңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 9 млн теңге қарастырылған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі

18:47
395

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020