Бұл рәсім облыс прокуроры Жарқынбек Бақашбаевтың төрағалығымен жүзеге асты.
Аталған іс-шараға прокуратура органдарының ардагерлері, Жезқазған және Сәтбаев қаласындағы осы саланың қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында шараны ұйымдастырушылардың бірі Ұлытау облысының прокурорының бірінші орынбасары Асқар Бірімбетов: «Ұлы Жеңіс мейрамы мен Отан қорғаушылар күні аясында Ұлытау облысының прокуратура қызметкерлері ұжым болып ұйымдасып, бүгінгі іс-шараға келіп отырмыз. Бұл шара – патриоттық тұрғыда үлкен мәнге ие, маңыздылығы ерекше, сондықтан жас ұрпақтың санасына батырларымыздың ерлігін әрқашан насихаттай беруіміз керек»-деп, пікірін білдірді.
Осы күндері барша қазақстандықтар отанын ерлікпен қорғаған батырлардың рухына тағзым жасайды. Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен бүгінгі буынның туған елге қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мереке. Бүгінгі бейбіт аспан мен тұрақты даму қамтамасыз етілген заман үшін біз оларға қарыздармыз. Әр сүйем жер үшін, ата-баба қонысын, туған жерімізді жаудан көздің қарашығындай қорғаған майдангерлердің ерлігін еш ұмытпай, ертеңгі ұрпақ зор мақтанышпен айтып жүрулері керек. Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты да осы болды.
Еркебұлан Егінбайұлы