Міндетті әлеуметтік медициналық жүйесін енгізу балалар денсаулығын сақтауға және емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Қаржы көлемінің жыл сайын артуы елімізде жаңа оңалту орталықтарын, медициналық ұйымдарда оңалту бөлімдері мен кабинеттерін ашуға серпін болды. Бұл жөнінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы директорының орынбасары А.Рахымов брифингте мәлім етті.
Қордың Ұлытау облысындағы жеткізушілерінің бірі «Аура Сервис» ЖШС-нің «АураМед» оңалту орталығы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балалар оңалтудан МӘМС есебінен тегін өткізуде. Аталған орталықта 2020 жылы 559, 2021 жылы 516 бала оңалту бағдарламасынан өтсе, өткен жылы 510 кішкентай пациент ем қабылдады. Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалымен 183 млн теңгеге келісімшарт жасады. Келісімшарт негізінде оңалту орталығы жыл басынан 206 ұлытаулық жеткіншекті оңалту бағдарламасынан өткізді.Ересек пациенттерге тоқталатын болсақ, облыстық аурухана базасында ашылған “Луч” нейрооңалту орталығы неврологиялық және нейрохирургиялық операциялардан кейінгі науқастарды оңалту курсынан өткізеді. МӘМС есебінен 2020 жылы 679, 2021 жылы 660, 2022 жылы 719 науқастың сауығып кетуіне үлес қосқан нейрооңалту орталығына биыл Қордан 109 197 199.94 теңге бөлініп отыр. Келісімшарт негізінде 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандырылған мәртебесі бар Ұлытау облысының 350 тұрғынына оңалту курсының шарапаты тиді. Жүрек ауруына шалдыққандарды аяғына тік тұрғызатын оңалту бағдарламасы ұлытаулықтар үшін де қолжетімді. Бүгінде бұл қызметті «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС кардиология бөлімі көрсетеді. Жыл басынан онда 73 пациент оңалту курсына жолдамамен барған.
Айта өту керек, сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі медицналық қызметтерді оның ішінде оңалту бағдарламасын еліміздің кез келген клиникасынан тегін өте алады. Тек қана бір талап – медициналық қызметті көрсететін клиниканың Қормен келісім-шарты болуы қажет. Эеткізушілердің тізімімен http://fms.kz/ сайтынан танысуға болады.
Өз тілшіміз