Ертеректе екінің бірі өте бермейтін компьютерлік томография (КТ) мен магниттік-резонанстық томография (МРТ) бүгінде дәрігердің нұсқаулығы бойынша Ұлытау облысының тұрғындарына қолжетімді. Аталған жоғары технологиялық қызметті облыс тұрғындары қаңтар айында 1039, ақпан айында 1128, наурызда 1 227 рет пайдаланған. 2023 жылдың 1 тоқсанында МРТ мен КТ-ның көрсетілген 3 394 қызметі үшін 44 598,3 мың теңге аударылған.
– Медициналық сақтандыру жүйесі үш жыл ішінде диагностикалық көмекті, соның ішінде қымбат тұратын КТ және МРТ сияқты диагностиканы қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ұлытау облысының облысында бірнеше медициналық ұйым жеке инвестиция тарта отырып, КТ және МРТ кабинеттерін ашты. Бұл аталған қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттырып, бәсекелес орта қалыптастырады. Өз кезегінде бұл диагностикалау сапасын арттыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда облыста 5 КТ және 1 МРТ пациенттерге қызмет көрсетіп тұр, – дейді медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының директоры Әлібек Бердыбеков.
Компьютерлік томография тіндердің құрылымдық өзгерістерін анықтауға көмектеседі және сүйектің немесе омыртқаның зақымдануы, гематомалар мен ішкі қан кетулер, онкологиялық аурулар, өсінділер және басқа аурулар үшін тағайындалады. Ал, МРТ тамырларды, жұмсақ тіндерді, ішкі мүшелерді, миды, жүйке жүйесін және лимфа түйіндерін тексеру үшін қолданылады. Ми ісіктерін, аневризмаларды, тромбоздарды және басқа патологияларды диагностикалау үшін тағайындалады. МРТ-ның арқасында дертін ерте анықтағандардың бірі – жезқазғандық Қаракөз Ермағанбетова.
–Екі аптадай аяғым қақсай берді. Суық тиген болар деп үйде ем-дом жасадым. Сөйтіп жүргенде мүлде аяғымды баса алмайтын жағдайға жеттім. Осылайша әкем мен жолдасым мені сүйеп облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөліміне әкелді. МРТ өткізген мұндағы ақ халаттылар кінәрат омыртқада екенін анықтады. Дәрігерлердің дереу ота жасауға шешім қабылдауы менің оң аяғын параличтен сақтап қалды, – деп ағынан жарылған пациент бүгінде отбасына аман-есен оралды.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН