Реформалар – еліміздің жарқын болашағына деген сəтті қадам

Конституциялық реформа – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына жасалып отырған бетбұрыс, қоғамда демократия қағидаттарын орнықтыруға жасалған қарымды қадам деп айтуымызға толық негіз бар. Ата Заңымыздың алғашқы сұлбасы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Содан бергі 27 жыл ішінде оған Парламенттің заң шығарушылық құқығымен бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазір əлем күн санап өзгеріп жатыр. Халықтың талап-тілектері мен сұранысының да сипаты өзгеруде. ЖаҺандану процестері қоғамдық қатынастардың жаңа форматын қалыптастырып отыр. Сол себептен де, Президент еліміздің саяси жаңғыруын, билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы балансын, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның тиімді диалогын қалыптастыруды көздейтін саяси реформалар бағдарламасын ұсынып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған бейнеүндеуінде: «Біз бəріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, əділ Қазақстанды құрамыз. Əрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз… Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бəрін табысты жүзеге асыру үшін қажет», -деді.
Қазіргі Ата Заңымызда 98-бап бар болса, оның 33-іне өзгеріс енгізілетін болады. Бұл Конституцияның 3/1 бөлігі өзгереді деген сөз. Бұл ретте, конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл оның жалпыұлттық сипатын көрсетеді.
Конституциялық реформаның негізгі бағыты ретінде биліктің барлық тармақтары арасындағы өкілеттіктер мен құзыреттердің барынша оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруды айтуымызға болады. Президент ағымдағы жылдың наурыз айында жасаған Жолдауында суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар президенттік басқару моделіне көшу қажеттігіне баса назар аударған болатын. Сол себептен де, Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін қысқарту болып табылады. Мəселен, Конституцияға ҚР Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде саяси партияға мүше болмауы туралы норма енгізілетін болады. Көптеген шет мемлекеттерде Президенттің кандидатурасын белгілі бір партия ұсынуы мүмкін, ал осы кандидатура Президент болғаннан соң өз өкілеттігі кезеңінде саяси партияға мүше бола алмайды. Бұл оның өзін ұсынған партияға басымдықтар бермеуін, саяси бейтараптығын қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шара болып табылады.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, Ата Заңымызға ҚР Президенті жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет атқаруға, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы лауазымын иелену құқықтарын болдырмау жөніндегі норма енгізілгелі отыр. Бұл өз тұсында Президент туыстарына қандай да бір артықшылықтар бермеу, белгілі бір мемлекеттік игіліктерді пайдалануда барлық азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған əділ қадам деп бағалаймын.
Президент облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың əкімдерін өңір (қала) мəслихаттарының барлық депутаттарының келісімін ала отырып баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсыну арқылы) тағайындайтын болады. Бұл да əділеттілік принциптерін орнықтыру, осы саяси лауазымға барынша лайықты кандидатураны іріктеп алу мақсатында енгізілгелі жатқан норма болып табылады жəне ол білімі, кəсіби дайындығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары мамандарға саяси қызметтің тұтқасын ұстауға мүмкіндік берері анық.
Президент қолданыстағы Конституцияға сəйкес Сенаттың 15 депутатын тағайындайтын болған. Қазір Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындайтындығы туралы норма енгізілетін болады. Өз тұсында бұл өзгеріс президенттік ықпалды азайту мақсатында қолданылып отырған шаралардың бірі.
Парламентке заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру жəне оны күшейту мақсатында бірқатар өкілеттіктер беріледі. Мысалы, халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тəртіпті қорғауға, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару тəртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады. Аталған заң жобалары қаралып жатқанда Үкімет заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға құқылы. Соңғы кезде орын алған коронавирус пандемиясы, қаңтар оқиғасы, түрлі төтенше жағдайлар осы жағдайларға жедел жауап қатуды шектейтін заң қабылдау ісіндегі бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Конституцияға мұндай норманы енгізу заманымыздың түрлі тəуекелдеріне шұғыл ден қою қажеттілігінен туындап отырған шара деуімізге болады.
Жалпы Ата Заңымызға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулар пакетіне зер салсақ, сайып келгенде барлық нормалар суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне көшуге, мемлекеттік билік функцияларын монополиясыздандыруға, халықтың мемлекеттік басқару ісіне араласуын кеңейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Ұлытау ауданының кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімі
16:55
134

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020