Тәуелсіздіктің тұмары

4 маусым –Мемлекеттік рәміздер күні

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мемлекетіміз үшін ең жарқын мерекелердің бірі. 1992 жылы 4 маусымда еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал, Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Міне, сол уақыттан бері бұл рәміздер біздің бойтұмарымызға айналды.

Өткен жылы осы рәміздеріміздің 30 жылдығын атап өттік. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айғақтайтын мызғымас құнды белгілер. Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығын һәм даналығы мен асқақ арман-тілегін жеткізетін де осы қасиетті нышандар. Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сол себепті Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы қашан да жоғары болуы қажет және оны құрметтеу әрбір азаматтың қастерлі борышы. Көгілдір түсті туымызды өмірге әкелген суретші Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков, ал, ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңба сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қажырлы еңбегінің жемісі.

Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылады. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.

1986 жылы желтоқсанда «Менің Қазақстаным» бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми Әнұраны болған еді. Мұнан соң алғашқы рет Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылғы 10 қаңтарда Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды. Халқының жүрегін сыршыл да кәусар саздың құдіретімен баураған Шәмші Қалдаяқовтың әні, Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» туындысы қазақ халқының ұлттық Әнұранына айналып, ұрпақ санасын отаншылдық рухымен жаңғыртып келеді.

Рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітімін, ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі. Туымызды, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды құрметтеу арқылы Отанымызды сүюді, ана тілімізді ардақтауды үйренеміз. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы.

Досан Дулығалы.

17:13
122

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020