ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ҚАРАШАҢЫРАҚ

Ұлытау – қазақтың қарашаңырағы, ұлттың ұясы.

Жасыратыны жоқ, көне дәуірлерден бері ұлы мұратқа ұран тастап, ұлт тағдыры талайлы күй кешкенде ұлы істерге ұйытқы болған қастерлі мекен Ұлытаудың ұнжырғасын түсіріп алған кездеріміз де болды. Ширек ғасыр бойы (1997 жылдан бері) облыс дәрежесінен айырылып, қашықтығы 550 шақырым болатын Қарағандыға қарайлап қалған қайран қарашаңыраққа қайта түлеп, қарышты қадам жасайтын да шақ туды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен қайта құрылып, Ұлы Даланың Ұлытауында ұлы дүбір басталғалы да бір жыл өте шықты. Аз дейін десең, тұтас ғасырға жүк болар ауқымды жобалар қолға алынды. Көп дейін десең, ширек ғасыр қаңтарылған көштің тот басқан дөңгелегін соқпаққа салу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, Қарашаңырақ қайта түледі!

Жаңа Қазақстанның жаңа келбетті Ұлытауының бір жылғы тынысына шолу жасап көрелік...

Кешенді жоспар – кемелдену кепілі

Ұлытау облысының дамуы – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ұдайы назарында. Облыс мәртебесі қайтарылғалы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлытау өңіріне арнайы жұмыс сапармен бірнеше рет келіп, жаңа облысты дамыту бағыттарын таразылады. Үкімет басшысы да, салалық министрлік басшылары да жиі келіп, Ұлытауды еңселендіру жобаларын пысықтап жүр.

Басты мәселе өңір экономикасына инвестиция тарту екенін ескерсек, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, алғашқы кезең нәтижелері көзге көріне бастады. Мәселен, аталмыш кешенді жоспар аясында аймақ экономикасын еңселендіру үшін қажетті сомма – 1,8 трлн. теңге. Дәл осы 1,8 трлн. теңге инвестиция игілігі көзделген кешенді бағдарлама кемел келешекке кепіл болғалы тұр. Мұның ішінде 351 млрд. теңге – республикалық бюджеттен, 147 млрд. теңге – жергілікті бюджеттен. Қалған 1,3 трлн. теңге – жеке инвестиция. Яғни, отандық өндірістің қос алыбы «Қазақмыс» пен «Казцинк» компаниялары Ұлытау облысын қолтығынан демеп, аяғынан тік тұрғызуға қаржы құяды деген сөз.

Бұл мақсаттағы жобалар бойынша аталған компания басшыларымен келісім жасалып, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы отандық өндіріс алпауыттарымен облыс әкімдігі арасындағы маңызды құжаттарға қол қойып та үлгерді. Өңір экономикасының үлкен эшалоны орнынан қозғалды.

Жасыратыны жоқ, «Үш қала, екі ауданмен құрылған облыстың келешегі қалай болар екен?» деген күдік пен күмән де болды. Соңғы жылдары ажары тайып, базары тарқауға шақ қалған Жезқазған аймағының қордаланып қалған проблемасын облыстық мәртебе алу арқылы шешу дегеннің өзіне халық сеніңкіремегені де рас. Бірақ, Президент тапсырмасына сәйкес Үкіметтен қолдау тапқан жобалар Ұлытау облысын ұлы істерге бастағалы тұр.

Өңірді дамыту жоспары ресми жарияланды. Ең бастысы, елдің күткенін еңсерер бағдарлама әзірленді. Кешенді жоспарда экономиканың барлық саласы бойынша іргелі жобалар қамтылған. Ұлытау туризмін тұғырландыруға қыруар қаржы бөлінбек.

«Қазақмыстың» қайыры

Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс Холдинг» ЖШС арасында қол қойылған Меморандум негізінде Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласының инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд. теңге қаражат бөлінді.

Бұл қомақты қаржы 22 ірі жобаның жолын ашады деп күтілуде. Ең басты бағыт – өңірде әлеуметтік тұрақтылықты нығайту. Меморандум аясында облыс орталығында жаңадан заманауи спорт кешені, Серке театрының жаңа ғимараты, балабақша, Сәтбаев қаласында еңселі емхана мен жарақат пункті бой көтереді.

Сондай-ақ, "Қазақмыс" компаниясы Кеңгірдің жағалауын, Ұлытау ауданындағы «Тасбұлақ», «Күмісбұлақтың» және Әулиетау бөктеріндегі бұлақтардың төңірегін абаттандыруға атсалыспақ. Ол аз десеңіз, компания Жезқазғанда халықаралық стандартқа сай техникалық университеттің ашылуын, Ұлытау ауданында Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысын қаржыландырады.

Өзара ықпалдастық пен ынтымақтың игілігін қарапайым халық сезінер күн – алда.

Жол қысқарып, алысымыз жақындайды

Облыс ашылғалы Жезқазған тұрғындары үш бағытқа әуе қатынасы арқылы сапарлай бастады. «Жезқазған-Астана», «Жезқазған-Қарағанды», «Жезқазған-Алматы» әуе рейстері ашылып, бұрыннан бар бағыттардың жиілігі еселенді. Осының өзі арқылы қарапайым халық Мемлекет басшысының Ұлытауға деген оң көзқарас, шексіз қамқорлығын сезінуде. Әрине, жергілікті атқарушы биліктің ілкімді істі ұйымдастырудағы іскерлігін атап өткеніміз абзал. «Тальго» жүрдек пойызына отырып, жолы қысқарып, уақыты ұзарған жолаушылардың облыс басшыларына деген алғысында шек жоқ.

Сонымен қатар, жылдар бойы күн тәртібінен де, халық көкейінен де ығыспай келген проблема «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолдың сын көтермес сықпыты. Бұл мәселенің де күрмеуі шешіліп, Қызылорда Жезқазғанға «жақындайтын» болды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапары барысында осы мәселеге зор мән беріп, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Облыстың аудан, қалаларымен де қатынас мәселесі оң шешіліп, жаңадан 27 автобус бағыты ұйымдастырылды. Әлі де жаңа бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Алысымыз жақындап, жол азабы азайып келеді.

Нұргүл ШАМАЕВА,

облыстық «SARYARQA» газетінің Жаңаарқадағы меншікті тілшісі.

12:38
167

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020