​МӘМС: МЫҢҒА ЖУЫҚ КӘСІПКЕР – БОРЫШКЕР ҚАТАРЫНДА

Бүгінде Ұлытау облысында МӘМС жарнасы бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің саны мыңға жуықтаған. Оның үстіне аталған борышкерлердің қоластында жұмыскерлері бар. Тиісінше жұмыс беруші жұмыскері үшін 2 және 3 пайыздан тұратын МӘМС жарнасы мен аударымын уақытылы төлемей отыр. Соның салдарынан Ұлытау облысында сақтандырылмаған азаматтардың қатары қалың. Ал сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмектің шектеулі көлеміне ғана ие. Осы орайда медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы мемлекеттік кірістер департаменті, сондай-ақ «Атамекен» ӨКП Ұлытау облысындағы өкілдігімен бірлесіп кездесу өткізді. Кәсіпкерлермен кездесу “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру” жүйесіне тұрғындарды тартудың Жол картасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында шағын және бизнес өкілдеріне МӘМС жарналары мен аударымдарын төлеудің реттілігі мен тәртібі кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ, жарнадан жалтарудың заң жүзінде өтеуі барына назар аударылды.
– Егер жеке кәсіпкер жарналар мен аударымдарды төлеуден жалтарса, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 92-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жұмыс берушiлер, жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсiби медиаторлар МӘМС-ке аударымдары мен жарнасын уақытылы төлемесе – ескерту жасауға тура келеді. Бір жыл ішінде тағы қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз сомасының 20%, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30%, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50% мөлшерінде айыппұл салынады, – деп түсіндірді Ұлытау облысының мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Аян Утегулов.
Сонымен бірге жарна мен аударымды уақытылы төлемегені үшін кәсіпкерлер төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақытылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмеу керек.
Жиында сөз алған облыстық филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Диана Оразалина жеке кәсіпкер мен оның жұмыскерлері 18 жасқа дейінгі бала, зейнеткер, мүгедек, студент, көп балалы ана санатына жататын болса жарна мен аударымнан босатылғанын айтты. Ескеретін жайт, 4-5 баласы бар аналар мұндай жеңілдікке іленбейді. Яғни МӘМС заңына сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар ғана жарна аудармайды.
Кездесуде қазір белең алған «декретке — миллионмен» жобасының тұрғындарға тиімсіз тұсы да ашық айтылды. Атап айтар болсақ, жүктілікті жоспарлаған аналар бала күтімі бойынша демалысқа қомақты қаржымен шығу мақсатында жаппай жеке кәсіпкерлік ашуда. Олар кәсіпкерлікті заң жүзінде тоқтатпаса декретке шыққан соң да жеке кәсіпкер ретінде ай сайын 4900 теңге төлеуге міндетті.Өкінішке қарай, аман-есен босанған жеке кәсіпкер-аналар көп жағдайда «3 жасқа дейінгі баласы бар» ретінде жеңілдік санатына иеміз деп салық басқармасында «БОРЫШКЕР» атанып жүр.
МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан нақты жауап алуға болатынын жеткізген кездесу ұйымдастырушылары кәсіпкерлерді болашаққа берешексіз қадам басуға үндеп, салмақты ой салды.
Өз тілшіміз
15:33
514

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020