Пациенттердің құқығын қорғау Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының бірден-бір міндеті. Сондықтан Қорға 1414 бірыңғай байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен fms.kz ресми сайты арқылы күнбе-күн жүздеген тұрғын түрлі сұрақпен хабарласады. Маусым айының өзінде Қорға Ұлытау облысының 104 тұрғыны көмекке жүгінген.
Жаздың алғашқы айында 920 азаматқа кеңес берген Қордың Ұлытау облысындағы филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің мамандары алдына келгендердің сұрағына тұщымды жауап беріп, мәселесін шешуге тырысады. Бұл сөзімізге филиалға көмек сұрай келген Маргарита Павленконың жағдайы дәлел болса керек. Пәтер иелері кооперативінің бірінде еңбек ететін оны жұмыс берушісі «жұмыскер» ретінде ресми тіркемеген. Тиісінше оның табысынан ешбір міндетті аударымдар мен жарналар аударылмай келген. Нәтижесінде «сақтандырылған» мәртебесі жоқ Маргарита Штефановна жоспарлы түрде дәрігердің қарауына бармаған. Бұндай жағдай денсаулығы сыр бергенше жалғасқан. Тынысы тарылып, үнемі әлсіздікті сезінген сәтте емханаға баруды ойлап, сақтандырылуға асыққан пациенттің әрекеті сәтсіз болды. Алғашында өз бетінде БЖТ төлеуші ретінде сақтандырылмақ ойынан дым шықпады. «Каспи» қосымшасы арқылы төлемді қате төлеп, мәртебе ала алмайды. Сол күні теледидардан Қордың Филиалы Ұлытау облысында барын естіп, дереу кеңседегі мамандарға жолығады.
–Менің проблемам 2-ақ минутта шешіледі деп ойламадым. Қыздар мені мұқият тыңдап шықты. Маған сақтандырылудың жолдарын түсіндірді. Мен дербес төлеуші болған дұрыс деп таптым. Өйткені, бір жылға сақтандырылу өте тиімді әрі ыңғайлы екен. Банк қосымшасы арқылы 12 айға 42000 теңгені дұрыс кодты таңдап көлеп берген қыздар үш күн өткесін телефон шалып, дәрігерге бара беруіме болатыны айтты. Айтпақшы, бұған дейін өзім қате төлеген ақшаны қайтарып алуға көмектесті, – деген пациент Филиал мамандарына алғысын айтып, қазір жағдайы жақсарғанын қуана жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының Ұлытау облыстық филиалы мамандарын Жезқазған қаласындағы Омаров көшес 7 үй (2-қабат) мекенжайынан табуға болады. Соынмен бірге, МӘМС сұрақтары бойынша жоғарыда көрсетілген байланыс арналары арқылы жауап алуға болады.
Өз тілшіміз