Қауіпсіз қала: Қаперіңізде жүрсін Суицидтің алдын алу

Суицид – адамның шарасыздықтан, өмірдің мәні жоғалды деп санағандықтан баратын ісі. Бұл шешімді адам бір күнде қабылдамайды. Бірнеше апталап, айлап жиналған эмоционалды тұрақсыздықтың көрінісі.

Дүниежүзі елдерінің арасында Қазақстан суицидтердің саны бойынша жетекші орында. Өзіне қол жұмсаушылардың көбі – 15-19 жас аралығындағы жас өспірімдер. Мұндай әрекетке баруға қандай себептер итермелеуі мүмкін? Оны алдын алудың қандай жолдары бар? Осы екі маңызды сұрақты талқыға салайық.

Жақындармен қарым-қатынас.

Әр адам баласына, әсіресе, жасөспірімдерге тұрақты қарым-қатынас керек. Әр күннің қалай өткенін, қандай қызықтар, келеңсіз жайттар болғанын бөлісіп отыру өте маңызды. Ата-ана баласының материалдық жағдайын толық қамтамасыз етуге тырысады. Ақша негізгі күнкөріс көзі болғандықтан, қазір барлығы жұмысбасты. Жұмыстан қол босай қалған уақытта демалу керек. Ал әңгімелесу, сыр шертісу-мүлдем бөлек дүние. Жақынының назарынан тыс қалған бала оны сырттан іздейді. Үй іші оның араласып жүретін достарымен таныс болмауы да мүмкін. Уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізетін бала бос уақытта немен айналысып жатқанын ата-ана тағы білмейді. Осыдан кейін баладан не күтесіз? Не нәрседен қиналып, я қорқып жүргенін кімге айтады?

Қысым.

Психологиялық қысым балаға жан жақтан келі мүмкін. Мектепте уақытының көп бөлігі өтеді. Ұстаздары ауыр сөздер айтып, ұрсатын кездері болады. Әр адамның қабылдауы әртүрлі. Жүрегіне барлық сөзді жақын қабылдайтын оқушы өкпе-ренішті өзіне жинай береді. Өтпелі кезеңде көп жасөспірім қолдауға мұқтаж болады. Ал қолдау күткен кезде оның орнына ұрыс естіген сәт-ең қиыны. Бұл жерде ұстаздарға кінә артуға болмайды. Себебі, оның алдынан түрлі әдепсіз оқушылар да өтеді. Дегенмен, әр айтылған сөздің киесі болатынын ұмытпаған жөн.

Үлкендерден әлімжеттік көрсетілетін оқиғалар да жиі ұшырасады. Баланы айналасындағылар кемсітеді, мазақ қылады, қысым көрсетеді, сөгеді. Осының өзі жас жүректің сезімін табаламай ма?

Қарастырылған мәселелер сіз үшін ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Дәл осы ұсақ-түйек адамдардың тағдырын шешіп жатқанын аңғармайсыз да. Сол себепті суицидтің алдын алу үшін аталған себептерге кері амал жасау керек. «Ауырып емделгенше, ауырмайтын жол ізде», – демекші сол адамға дер кезінде көмек көрсетілуі қажет.Үнемі махаббатта, жақындарының ыстық ықыласына бөленген бала тәтті өмірін қалай қиып кетеді?

Психолог

14:54
168

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020