Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір

«Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!»– дейді батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Осы тұста өмірі ерен еңбек пен өшпес даңққа толы қазақтың қайсар ұлының өнегелі өсиеті барша қазаққа, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің ұранына айналуы тиіс деген ойдамын. Себебі, мемлекеттік қызметші –халқының үкілі үміті мен шексіз сенімін арқалаушы. Оның мойнындағы жауапкершілік жүгі мен пен артылған міндет ауыр. Өйткені ол –елі үшін еңбек етуші, халыққа қызмет жасаушы. Нақтырақ айтсақ, мен мемлекеттік қызметшіні халық пен билік арасына дәнекер болатын алтын көпірге теңер едім.Екі тараптың бірін бірі жеткілікті дәрежеде түсініп, ұғыныса алуы –мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Сіздер ел игілігіне қызмет етудің озық үлгісін көрсетесіздер деп сенемін», – деуі мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет екенін айқындайды. Себебі –халық пен Президентіміз сенім артып отыр. Ал біз –сенімге селкеу түсірмейтін, аманатқа қиянат жасамайтын, ісіне мығым, сөзіне адал, уәдеге берік ұлттың ұрпағымыз.

Мемлекеттік қызметтің қай саласы болмасын еліміздің даму саясаты үшін еңбек етіп, сол саладағы саясатын жүзеге асыратын орган болғандықтан, азаматтардың қажеттіліктерін танып, олардың үніне құлақ аса білуі аса маңызды. Қабылданатын шешімнің заңдылық, объективтілік ережелеріне және мемлекет мүдделеріне сәйкес келуін ескергені жөн.

Мемлекеттік қызметші үшін саналы жаңғырудағы тағы бір маңызды нәрсе – мемлекеттік қызметке кіру кезінде беретін антқа адалдық. Бұған жай нәрсе деп қарап, немқұрайлылық танытуға болмайды. Ант ету – адамның жауапкершілікті ар-ұжданымен қабылдап алатын рухани-адамгершілік санаттағы салтанатты шара. Ол адамның ар-ұждан бақылауын іске қосып, өз міндетін саналы түрде түсінуді және айтылған сөздері мен жасайтын әрекеттері үшін моральдық жауапкершілікті қабылдауды білдіреді. Қазақ халқы да осы істе айрықша сақтық, жауапкершілік танытқан. Осы тұста айтпағым – мемлекет қызметші өз бойына әрбіржасаған іс-әрекеті үшін жауапты болуды жоғары мәдениет ретінде орнықтыруы керек. Білім мен мәдениет, адалдық пен жауапкершілік үйлесім тапқанда ғана халық үміті ақталып, өзара сенім орнайды және мемлекетіміздің Тәуелсіздігі нығайып, азаматтар арасында елге, жерге деген сүйіспеншілік нығаяды, әр адамның бойында патриоттық сезім пайда болады.

Қазақ халқы қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет таныта білген. Бабалар жолына бекем болып, биік тәрбиемізді көрсете білсек, мемлекеттік қызметті сапалы жаңғыртудың негізін берік ете аламыз.Мемлекеттік қызметші – ұжым арасында да өзгелерге үлгі бола білетін, қоғамның сұранысына жауап бере жүріп, өз бойына адами тұрғыдан мақсатты дағдылар мен құндылықтық ұстанымдарды, әділдік пен шыншылдық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерін қатар сіңіре білген жан болуы шарт.

Президентіміз биылғы Жолдауында: «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады.Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды», – деді. Бұл тұста мемлекеттік қызметші атқаруға тиіс істер жетерлік. Соған сай, әріптестерімді өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, жалған уәде мен олқылықтарға жол бермей, еліміздің өркендеуі, келешегінің кемел, болашағының жарқын болуы үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Себебі мемлекеттік қызметші – халықтың үміті.

Имантай СӘТБАЕВ,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі

15:02
286

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020