​ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУ НАУҚАНЫ ЖАЛҒАСУДА

Қыркүйектің 15-нен бастап елімізде емханаға тіркелу науқаны басталған-ды. Екі айға созылатын дәстүрлі науқан қарашаның 15-не аяқталады.
Емханаға тіркелудің бірнеше әдісі бар. Алғашқы әдіс – тұрғындар Egov электронды веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға бару арқылы тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезінен мүгедек баланың заңды өкілдері, сондай-ақ, қамқорлықтағы сәбилер, жетімдер, қарттар үйінің тұрғындары, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер мен медреседе оқитындар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар және сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
Медициналық ұйымды таңдауда ескеретін басты жайт – емхана үйден немесе жұмыстан 20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша үйіне жақын маңдағы емханаға тіркелген жағдайда, дәрігер науқастың үйіне барып қызмет көрсете алады. Тіркелуші шалғайда тұрса, емхана дәрігерлері үйге барып, медициналық қызмет көрсетпейді. Науқан кезінде еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын тіркеуде болған емханада қала береді.
Науқан кезеңінде басқа емханаға тіркелген азаматтар медициналық көмекті сол медициналық ұйымнан тек 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана ала бастайды. Яғни, 31 желтоқсанға дейін тіркелуші бұрынғы емханасына қаралуды жалғастырады.
Сондай-ақ, емхананы таңдау кезінде оның әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болып табылатынына немесе табылмайтынына міндетті түрде назар аудару қажет. Бұл өте маңызды, өйткені азаматтардың болашақта МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын пайдалана алуы осыған тікелей байланысты.
Тіркеуге қолжетімді емханалардың тізімімен Қордың www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ем алуға құқылы. Ал жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы шарт.
«ӘМСҚ» ҮЕАҚ Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі
15:51
129

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020