​МӘМС есебінен 5000 бала дүниеге келді

Елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүюді армандайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір елімізде 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Ал, Ұлытау облысында ұрпақсыз 168 отбасының ендігі үміті – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасында. Экстракорпоралдық ұрықтандыруға бөлінген квотаны кімдер және қалай ала алады деген өзекті сұрақтардың жауабын әлеу-меттік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы директоры Әлібек Бердыбековтен білдік.
–«Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алған. Бұл процедуралар МӘМС аясында қаржыландырылады. Ұлытау облысына өткен жылы 52 квота берілсе, 2023 жылы квота саны екі есеге немесе 111-ге жетті, – деген Әлібек Кәкімбекұлы бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған 18-ден 42 жасқа дейінгі пациенттерге арналғанын жеткізді. Оған қазақстандық отбасылық жұптар қатысады.
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда әйел қайтадан кезекке тұра алады.
Бүгінде елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді. Айта кету керек, пациент Қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.
Процедура МӘМС аясында тегін жасалатын болғандықтан, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Тегін жолдама алу үшін алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне баруы керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң, пациенттің ЭКҰ жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, жұп кезекке тұрады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында берген ақпаратқа сүйенсек осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, 5 млрд жуық қаржыға 4 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі жасалды.
ҚР ДСМ мәліметі бойынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері 5000 нәресте дүниеге келді.
Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 млн теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді. Кейде құны 1 млн теңгеден асып жығылатын мұндай процедураны кез келген отбасының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып, сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды Қор МӘМС есебінен төлейді.
Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.
Өз тілшіміз
15:53
312

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020