Елді тілсіз жаудан сақтауда аянбай еңбек етіп, өмірлерін от пен судың арасында ұстаған бүгінгі бейбіт күннің батырлары саналатын құрметке ие мамандық иелерінің қатарында жезқазғандық Кенешбаевтар әулетін «өрт сөндірушілер династиясы» десек болады. Өйткені, бұл шаңырақта жыл мезгілі мен тәулік сағатына қарамай елге жанашырлық танытуға дайын тұратын азаматтық қорғау саласының 3 қызметкері бар.
Оның бірі, от ағасы Мұратбек Кенешбаев. Бүгінде, Мүкең зейнеткерлік жаста. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында өрт сөндіру бөліміне жұмысқа келген Мұратбек Мақсұтұлы Сәтбаев қаласындағы №44 өрт сөндіру бөлімінде он жылдан артық жұмыс істеді. 2013 жылы зейнет демалысына шыққан.
Әке ісін бүгінде екі баласы жалғастырып жатыр. Үлкен ұлы Асыланбек Кегнешбаев қазір Сәтбаев қаласындағы №2 (бұрынғы ПЧ-44) өрт сөндіру бөлімінде еңбек етеді. Ал екінші жұлы Мырзабек Жезқазған қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп жүр.
– Мен 2010 жылы Жезқазған политехникалық колледжіне қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түскен едім. Оны 2013 жылы ойдағыдай аяқтадым. Алайда мамандығыма орай жұмыс табылмай, еңбек жолымды мүлдем өзге салада бастадым. Бірержылдан соң әскер атарына кетіп, Отар қаласында Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. 2016 жылы осы өрт сөндіру бөлімінің табалдырығын аттаған едім. Сол жылы бөлімде өрт сөндіруші болып жұмысқа орналастым. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала ғой бұл мамандық. Быраз тер төгуіме тура келді. Аға буынның тәлімімен өз ісімді меңгеріп, елдің, қоғамның мүлкін тілсіз жаудан қорғауға күш салдым. Тәлімгерім Майлыбаев Қайрат деген кісі менің тез ширап, өз ісімді мейлінше жетік меңгеруіме себепші болды. Бәрін үйретті, тәрбиеледі.
Соның арқасында бүгінде осы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің екінші қарауылында бөлімше командирімін. Қарамағымды өзімді қосқанда бес адамбыз. Кез келген жағдайда тілсіз жаумен күресуге әзірміз, – дейді Мырзабек Мұратбекұлы.
Мырзабектің айтуынша аталмыш бөлім қызметкерлері тек өрт сөндірумен ғана емес, кез-келген апаттық жағдайда көмекке шығады екен. Су тасқыны кезінде, жол апаты орын алған жағдайда алғашқы болып жететін да осы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жасағы.
Әке жолын таңдаған ұлдар бүгінде өз салалары бойынша абыройлы еңбек етіп жатыр.
Ізбасар Ойбас.