Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқав қазақстандықтарға арналған биылғы Жолдауында Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. Бұл тұста мүгедектігі бар адамдарғада лайықты қолдау көрсетілері сөзсіз. Соған сай елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың түрлі шаралары ойластырылған. Мүгедектігі бар адамдарға қолдау тек ай сайынғы алатын жәрдемақысын әр жыл сайын белгілі мөлшерде көбейтіп отырумен шектелмейді. Олар үшін жәрдемақы мөлшерінің тұрақты өсуінен басқа, өмір сүру жағдайын жақсартуға да ерекше назар аударылады. Мүгедектігі бар азаматтарды оқыту, оларды жұмыспен қамту, ортаға бейімдеу және әлеуметтендіру мәселелері күрделі қашан да күрделі әрі тыңғылықты жұмысты қажет етеді. Бұл тұста мемлекеттік қызметші білімді, білікті болуымен қатар мықты ерік-жігер, төзім иесі болуы да аса маңызды. Себебі әрбір мүгедектігі бар адаммен жұмыс өзара түсіністікті, жеке жұмысты қажет етеді. Жоғарыда атағанымдай, мүгедектігі бар азаматтарды тек жәрдемақымен қамтамасыз етіп, медициналық көмек тағайындап қана қоймай, оларға білім, бизнес, қоғамдық ұйымдар және мемлекет арасындағы әлеуметтік серіктестіктермен бірлесе еңбек етуге мүмкіндік тудыру қажет.
Ұлытау облысында бүгінгі таңда 11 441 мүгедектігі бар адам бар. Олар үшін өздері тұратын өңірде қолайлы орта қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Осыған сәйкес мүгедектігі бар адаммдарға әлеуметтік қолдау қалалар мен ауылдарда қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі шараларды қоса алғанда, мүгедектікті алу рәсімдерін оңайлату, оның ішінде қызметтер мен деректерді цифрландыру үдерісін онлайн режимге ауыстыру, оңалту жүйесін одан әрі жақсарту, жұмысқа орналасу кезінде қолдау, білім берудің қолжетімділігін арттыру, қоғамда сыйластықты қалыптастыру ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қарым-қатынас және т. б. көпжақты тәсілдермен жүзеге асырылып жатыр.
Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау ел Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Мәселен, ел заңнамасында «мүгедек» термині алынып, ол «мүгедектігі бар адам» ұғымына, сондай – ақ, «мүгедек бала» деген сөз «мүгедектігі бар бала» деген ұғымына ауыстырылды.
Қазақстан Республикасы 2015 жылы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады және осы Конвенцияның факультативтік хаттамасына қосылды. Осылайша, ел азаматтарының өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық қорғауға құқығы бар.
Мұның бәрі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға төзімді қоғам құру, елдің осы саладағы халықаралық стандарттарды сақтауы жөніндегі мемлекеттік жүйені жетілдіруге ықпал етеді.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың:
— әлеуметтік қорғау, оның ішінде оңалту, қоғамға ықпалдасу;
— әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету;
— ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету;
— білім беру, қызмет түрін, оның ішінде еңбек түрін еркін таңдау;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу;
— кәсіптік даярлау және қайта даярлау, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру және жұмысқа орналастыру;
— Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй алу;
— мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсету;
— мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық қабілеттерін қолдау құқығына ие.
Мүгедектігі бар адамдар ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Сол себепті оларды қолдау жұмыстары жүйелі ұйымдастырылуы маңызды. Осы мақсатта алдағы уақытта да мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шаралар жүзеге аса бермек.
Еңбек және әлеуметтік қорғау
комитетінің Ұлытау
облысы бойынша
департаменті