Аудан әкімін таныстырды

Сәрсенбі күні Ұлытау аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі өтті. Оған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы қатысып, алғашқы рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы нәтижесінде сайланған ауданның жаңа басшысын таныстырды.

Орайы келгенде айта кетейік, 5 қарашада Қазақстанда бірінші рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Пилоттық жобада өткен осы саяси науқанға біздің өңірден Ұлытау ауданы қатысқан еді. Ұсынылған үміткерлер ішінен ауданның бұрынғы әкімі Аманжол Батырбекұлы Мырзабеков халық сеніміне ие болып, кандидатурасы қолдау тапты.

Актив жиынын ашқан аймақ басшысы Тәуелсіз Қазақстанның тарих жылнамасына жаңа саяси реформалармен қадам басқанын айтып, сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқаны үшін аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.

– Ұлт бесігі атанған Ұлытаудың алдағы даму бағытын айқындайтын саяси науқан өз мәресіне жетіп, аудан халқы жаңа басшысын сайлады.

Туған жердің ертеңі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасаған, сайлауға белсенді қатысқан Ұлытау ауданының тұрғындарына алғыс айтамын, – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов Ұлытау ауданы бойынша сайлау қорытындысын хабарлап, саяси додада жеңіске жеткен Аманжол Мырзабековке аудан әкімінің куәлігін табыстады.

Аманжол Батырбекұлы еңбек жолын 1995 жылы Жезді аудандық комиссариатының 1-ші бөлім бастығының аға көмекшісі болып бастап, әр жылдарда мемлекеттік қызметтің барлық баспалдағын кезең-кезеңімен өтті. Аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы қызметтерін атқарды. Жаңадан сайланғанға дейін Ұлытау ауданының әкімі болды.

Актив жиынында ауданның жаңа әкімі Аманжол Мырзабеков өзіне зор сенім білдірген өңір басшысына және ерекше қолдау танытқан жерлестеріне ризашылығын білдіріп, жүктелген міндет, айтылған аманаттарды абыроймен атқаратынын жеткізді.

Ізтай Белгібайұлы.

09:41
457

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020