Медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы директоры Әлібек Бердыбеков медициналық ұйым басшыларымен кездесті. Ондағы мақсат Қор жеткізушілеріне 2024 жылға медициналық қызметтерді сатып алу кезеңіне дайындықты пысықтап, енген жаңашылдықтарды таныстыру. Жиынның күн тәртібіне сонымен бірге медициналық қызметтерді қосып жазуға жол бермеу тақырыбы шығарылды.
Биыл Ұлытау облысының филиалы 33 медициналық мекемемен 25,7 млрд теңгеге келісім-шарт жасады. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне 17 218,1 млн. теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 8 557,5 млн теңге қарастырылған. Келесі жылы да осы көлемнен төмен емес қаржы бөлуді жоспарланған Қор медициналық ұйымдарға қойылар талапты күшейтті. Атап айтар болсақ, енді емханалар мен ауруханаларға қаржы рейтингіне қарай беріледі. Олардың көрсеткіші мамандардың бар болуы, жабдықталуымен, көрсетілген қызмет сапасы мен көлемін бақылау нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен түскен шағымдардың санына қарай айқындалады.
2023 жылдың 9 айында Филиал жүргізген мониторингтер барысында 18 мыңнан аса олқылық анықталды. Осылайша, медициналық ұйымдар 226 млн теңгеден қағылып қалды. Ал, шағымдарға келер болса, жыл басынан Қорға 312 ұлытаулық пациент медициналық қызметтердің сапасына, көрсетілмегеніне шағымданған.
Іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметті «көрсетілді» деп жүйеге жалған енгізумен айналысатын ұйымдармен күресті күшейтілгенін еске салған Филиал директоры мұндай кезде экономикалық шаралар қолданатынын айтты. Мысалы, көрсетілмеген консультативті-диагностикалық қызмет үшін медициналық ұйымның басшылығы сол қызмет құнының 300% көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Биыл Филиал 3 қоса жазуды анықтап, шара қолданды.
Өз тілшіміз