​СОЗЫЛМАЛЫ АУРУЛАР: КІМГЕ НЕ ТИЕСІЛІ?

Аурудың жақсысы жоқ екені белгілі. Алайда, зақымданған ағзаны сыздатып, бірнеше жылдарға созылған созылмалы дерттер науқастардың жанына еселеп бататыны анық. Cондықтан бүгін біз осы созылмалы аурудан науқастарды айықтыру үшін қарастырылған медициналық көмектер туралы сөз қозғамақпыз. Бұл тақырыпты ашуға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Әлия Байтокова көмектесті.
Созылмалы аурулар бақылауға, бірақ көп жағдайда оны толық емдеу мүмкін емес. Медициналық тұрғыдан дәл және қажетті емдеулер қолданылған кезде аталған аурулардың өршу ықтималдығын азайтуға болады.
Созылмалы аурулардың келесі түрлері бар. Жұқпалы және паразиттік аурулар, қан айналымы жүйесінің аурулары, қан және гемопоэтикалық аурулар, тыныс алу, ас қорыту, тірек-қимыл жүйесі және дәнекер тіндерінің аурулары, эндокриндік жүйе, тамақтану және метаболикалық бұзылулар, жүйке жүйесі, несеп-жыныс жүйе аурулары, туа біткен ауытқулар.
Созылмалы аурулары бар пациенттерге динамикалық бақылау қарастырылған. Яғни, науқастың денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде бақылап отыру және оған белгілі бір кезеңділікпен қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Динамикалық бақылау созылмалы аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында жасалады, егер өршу орын алған жағдайда, уақытында қажетті медициналық көмек көрсету қажет.
Динамикалық бақылауға учаскелік дәрігердің мерзімді қабылдауы, бейінді мамандардың кеңестері, диагностикалық және зертханалық зерттеулер кіреді. Созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау мерзімі реттеліп отырады. Олардың кейбіреулері созылмалы аурудан айыққанша ғана, ал кейбірі өмір бойы дәрігердің бақылауында болады.
Пациенттің динамикалық бақылау шеңберінде медициналық қызметті алуы үшін дәрігер ондағы созылмалы ауруды анықтап, осы пациенттің деректерін Диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне енгізу қажет.
Тіркелген жері бойынша динамикалық бақылау үшін есепке қою келесі құжаттардың бірі бойынша жүргізіледі:
— учаскелік дәрігердің қорытындысы;
— бейінді маманның консультациялық қорытындысы;
— стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме.
Мамандардың қабылдау және зерттеулерден өтудің жиілігі науқастың ауруына немесе жағдайына байланысты болып келеді. Мысалы, кейбір созылмалы аурулардың түрі бойынша мейірбикенің тексерулері 1-3 ай аралығында 1 рет, учаскелік дәрігердің тексеруі – 3-6 айда 1 рет, бейінді маманның тексеруі – жылына 1 рет жүргізіледі. Пациент мерзімді түрде созылмалы ауруына байланысты қажетті сынақтардан, диагностикалық тексеруден өтіп отыруы тиіс. Бұл пациенттің жағдайын бақылау, диспансерлік топты анықтау, сонымен қатар, емдеу курсын түзетіп отыру үшін қажет.
Созылмалы аурулары бар пациенттер тіркелген жері бойынша емханада да, мамандандырылған консультациялық-диагностикалық орталықтарда да бақылауда болады. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің № 149 бұйрығында айқындалған.
Созылмалы аурулардың 25 тобы тіркелген жері бойынша емханада, яғни учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Аталған медициналық қызметтер ТМККК пакетіне кіреді және оларды МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі жоқ адамдардың да пайдалану мүмкіндігі бар.
Екінші топ — бұл консультациялық-диагностикалық орталықтарда ТМККК шеңберінде, яғни бюджет есебінен бақыланатын 37 түрлі әлеуметтік маңызы бар аурулар. Бұларға байланысты медициналық көмекті де сақтандыру мәртебесі жоқ адамдарың алу мүмкіндігі бар.
ТМККК және МӘМС шеңберіндегі консультативтік орталықтарда тағы 80 түрлі ауру мен жағдайлар бақыланады. Яғни, осы аурулар мен жағдайлар бойынша динамикалық бақылау жүргізу үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болуы қажет. Аурулардың толық тізімімен жоғарыда аталған бұйрықтан танысуға болады.
Динамикалық есепте тұрған пациенттерге тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған, олар емханада медициналық көрсеткіштер бойынша беріледі. Ол үшін өзіңіздің учаскелік дәрігеріңіз жазған рецепті алып, жеке куәлігіңізді көрсету арқылы дәріханадан, емханадан қажетті дәрі-дәрмектерді ала аласыз.
Ауруыңыз бойынша өзіңізге тиесілі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы толығырақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығында танысуға болады.
Созылмалы ауруы бар науқас үшін күтімнің маңызы ерекше екенін еске саламыз. Өз денсаулығын күтіп, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстау арқылы, дұрыс тамақ¬тану, мүмкіндігінше дене қимылымен айналысу, психо¬логиялық күйзелістерден сақ¬тану арқылы адамдар ауруын асқындырмауға қол жеткізетіні медициналық тұрғыда дәлел¬денген. Ендеше, аталғандарды өмір салтына айналдырып, дәрігердің бақылауында болыңыздар!
Бота ШАЛҚАР
14:41
1290

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020