​БРИФИНГ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ТӨМЕН

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының директоры Әлия Байтокова МӘМС жұйесінің жүзеге асу барысы жайында баяндама жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
2024 жылы медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру көлемі Ұлытау облысы бойынша 23,337 млрд теңгені құраған. Биыл консультациялық-диагностикалық қызметтерге бөлінген қаржы 27,3%, қатерлі ісік ауруларына шалдыққан пациенттерге көрсетілетін медициналық көмек қаржысы 56% пайызға ұлғайған.
МӘМС жүйесі енгізілген төрт жылдың ішінде медициналық қызметтің сапасы мен қолдетімділігі артқаны тілге тиек етілген брифифнгте Ұлытау облысында сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың қатары қалың екені айтылды.
Бүгінде біздің облыста 25 мыңнан аса тұрғын МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтерді ала алмай отыр. Яғни олар скринингтен, бейінді мамандардың кеңестері мен жолдама арқылы өтуге болатын ультра-дыбыстық зерттеуден, КТ, МРТ және басқа да талдаулардан қағылған.
Сақтандырылуға асықпайтындар дер кезінде тексеруден өтпей, өз денсаулығына нұқсан келтіруде деп дабыл қаққан филиал мамандары бүгінде жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге бұл бағытта жұмысты күшейткен. Атап айтқанда, бүгінде халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша облыстық және қалалық, аудандық штабтар құрылған. Жауапты болып бекітілген тұлғалар үй-үйді аралап, телефон байланысы арқылы сақтандырылмаған азаматтармен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуде. Осы жұмыстың нәтижесінде жұмыссыз деп танылғандарға жұмыс ұсынылып, шетелге көшкендер халық тіркелімінен алынып тасталуда. 31 мамырдан 26 маусым аралығында сақтырылмаған 53 облыс тұрғыны жұмысқа орналастырылған.
Біздің облыста жалдамалы жұмыскерлер арасында сақтандырылмаған азаматтардың саны жоғары. Яғни 13 105 жұмыскердің жұмыс орны МӘМС жарнасы мен аударымдарын уақытылы аудармай отыр. Осы орайда брифингте өңірдің жұмыс берушілеріне МӘМС туралы заңнаманы сақтауға үндеу жасалды.
Қызметкерлердің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі және олардың қосымша жеке шығындарсыз медициналық көмектің кеңейтілген пакетін алу құқығы жұмыс берушінің адалдығына тікелей байланысты екені еске салынды.
Өз тілшіміз
15:00
1506

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020