Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының мамандары Оңтүстік Жезқазған кенішінің ұжымымен кездесті.
Шахтерлерге МӘМС жүйесі мен еректі медициналық сақтандырудың ара-жігін айқындап берген жиынды «Казақмыс» корпорациясының өңірлік әлеуметтік саясат бойынша менеджері Мереке Мырзабекова жүргізді.
МӘМС жүйесі жинақтаушы болып саналмайды. Бұл ретте ұдайы жарна төлеп отыратын әр азамат керек кезде қажетті медициналық көмекті төлейтін сома көлеміне қарамастан, толық ала алатындай етіп үлестіріледі. Бұған қоса сақтандырылған азамат бұл мақсатта шығындарын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтейтін кез келген клиниканы, оның ішінде жеке клиниканы таңдауға құқылы. Осы басты принциптерді филиалдың бөлім басшысы Диана Оразалина түсіндіріп берді.
Бүгінде Ұлытау облысындағы шахтерлер ерікті сақтандыру арқылу «Archimedes Kazakhstan» ЖШС-дан медициналық көмек алуда. Ондағы көмектің түрі мен оған бөлінген қаржы көлемі шектеулі. Сондай-ақ тегін скринингтік тексерістер, созылмалы аурулары бар науқастардың диспансерлік бақылауы, онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеу, оңалту, күрделі оталар және т.б қолжетімсіз. Аталған медициналық қызметтерді пациент көрсетілімі бар болса МӘМС пакеті шеңберінде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасынан ала алады.
МӘМС жүйеснің тиімді тұстарынан хабардар болған еңбеккерлер медициналық қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда Қорға хабарласуға болатынын білді.
Жиын соңында әр жұмысшы өзін толғандырған сұрақты қойып, мардымды жауап алды.
Өз тілшіміз